16 сәу, 2018 сағат 07:08

Үшеудің әңгімесі: "Әдебиет – мәдениеттің атасы"

Соңғы уақытта киелі Жетісу топырағында бекзат өнер әдебиетке деген ықыластың алабөтен ауа бастағаны рас. Өңірде түрлі әдеби байқаулар мен жыр мүшәйраларының көптеп ұйымдастырылуы соның куәсі болса керек. Бұл бір жағынан шын мәнінде рухани жаңғыруды қалаған жетісулық жұрттың ыстық ықыласы деуге де болатындай. Сол керемет  бастамалардың бірі де, бірегейі – «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты игі шара болып отыр.  Ошақтың үш бұтындай тіреу болып, руханият қазанын бұрқ-сарқ қайнатқан үш буынның дітті мақсаты да біреу. Жас буынға өнеге болар өрісті әңгіме айту. Осындай ізгі мақсатқа арналған жоба осы уақытқа дейін екі кездесуін өткізіп те үлгерген. Енді, міне, Талдықорған төрінде қазақ әдебиетіндегі тағы бір үштіктің әңгімесі айтылып, ардың ісінің аманаты насихатталды.

Осымен үшінші мәрте өткізілген бұл кездесу де өзіндік өрнегімен  ерекшеленді. Оған себеп, әдеби шараның осы жолғы кейіпкерлерінің де осалының болмауы. Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының, сонымен бірге, кейінгі толқынның көрнекті өкілдері Есей Жеңісұлы мен Қанат Әбілқайырдың келіп, ақеділ, арқа-жарқа әңгіме өрістетуі – әзірге тек қана жетісулық оқырманға бұйырған мерей еді.  

Санаға сәуле түсірген сыр-сұхбат алаңында кеш тізгінін ұстаған жазушы Есболат Айдабосын: «Кез келген қалам ұстаған шығармашылық иесінің алдына қойған жоспары, басқаша айтқанда, жетсем деген межелі биігі болады ғой. Әңгіменің тиегін әуелі содан бастап ағытсақ дейміз. Бұл жайында не айтар едіңіздер?» деп, қонақтарға ортақ сауал тастады.   

Осы сауалға  орай аға буын өкілі Бексұлтан Нұржекеұлы тұщымды ойларын ортаға салды. Тарихқа жүйрік, тағылым-тәрбиеге кенен қаламгер тыңдаушы тамырын да дөп басты. Зал толы тыңдарман дүр-дүр сілкініп, шапалағын рухқа жанып соққандай ыстық-ыстық бір күйге түскені де рес. «Ә, біздің тарих осылай екен ғой» дегендей елеңдесті. Толағай сөздің тобықтай түйінін айтқанда, жазушы рухани жаңғыру аясында  әдебиет те жаңғыруы тиіс екенін тілге тиек етіп, «Әдебиет – мәдениеттің атасы» деп ой түйді. 

Ал  жазушы, журналист Есей Жеңісұлының бұл тұрғыда айтқан ойы да соны шықты деуге болады. Нанбасаңыз, оқып көріңіз:

– Қазір сіздер мені жазушы деп отырсыздар. «Мен 28 жасыма дейін әрнәрсені жаза бастадым. Қырық жасқа келгенше өзімнің әдебиетке келген-келмегенімді білмедім», - дейді орыс жазушысы  Виктор Астафьев. Осы жауап маған ұнайды. Мен де әдебиетке қаншалықты жаңалық әкелгенімді білмеймін. Өйткені, біз студент болған, журналистикаға араласқан жылдар балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман болды да, сөз өнерін қадірлейтін, сол жолға өзін арнағысы келетін адамадар тіршілік қамымен кетіп қалды. Сондықтан қазір біздің  жаңадан еңсе түзеп, оқырманға бір нәрсе берсек пе деген уақытымыз келген сияқты.

Өкінішке орай, Рахат (Мамыров – Қ.Қ.) есімді жан досым қырық жасқа үш-ақ апта қалғанда өмірден өтіп кетті. Сонда ойладым, адамның ғұмыры көзді ашып-жұмғанша өте шығады екен ғой деп. Әдетте, қанша нәрсені жоспарлап, іске асырғаныңмен, ішкі жан дүниең тағы бір жаңаша нәрсені қалап тұрады емес пе? Ал менің ішкі әлемім қалаған нәрсе ол – жазу. Сондықтан қазір ешкімге жар салмай-ақ жаза бергенді жөн көрдім, – дейді ол.

Еркін үлгіде, тіпті еркін атмосферада өткен деп айтқан жөн шығар, әйтеуір, бөгенайы бөлек осы кеште тыңдарман тарапы да кезек пе кезек тұщымды сұраққа ойысып отырды. Айталық, әдеби кештің бір сәтінде білімгерлер тарапынан «Қазақ әдебиетінің келешектегі жазушылары қандай дәрежеге жетеді?» деген сауал да қойылды. Бұл сұраққа жазушылар болашақта қазақ жазушылары қазақ халқының қаланың ұлты болуына еңбек сіңіруі керек, қазақ қаланың ұлты болмаса – көп ұтылады деп ұтымды жауап қайтарысты.

Үш буын өкілімен өткен кездесуде әдебиет төңірегінде ғана емес, тарихтан да сыр шертетін әсерлі әрі рухты әңгімелер өрбіді. Тарих әдебиетпен ажырамастай сіңісіп, біте қайнасып кеткен шақта ғана  оқырманға сіңімді болатындығын тақырыпқа арқау еткен модератор пікірін жазушылар да қостады. Сөйтті де келешектің сүйекті шығармаларын тудыратын жас әдебиетшілерге бұл тақырыпта кеңес те беріп үлгерді. Бексұлтан Нұржекеев Шыңғысхан, Орбұлақ шайқасы, Жетісу тарихы туралы құнды мәліметтер айтып, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» дегеннің не екенін тыңдарманға сауал тастай отырып баяндап берді. Бұл орайда кейінгі буын өкілдері де өз ойларын ортаға салды.

– Қазақ әдебиетінің қазынасы болған Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі арқылы Махамбет пен Ықыласты жақын таныдық. Алаш арыстарының характерлік образын аша түсетін дүниелер – үлкен тарихи шығарма болатын тақырып, – деді Есей Жеңісұлы.

Жазушы үшін ең қиыны – өз заманы туралы жазу. Кездесу барысында қонақтарға  қойылған «Осы заман туралы қашан жазбақсыздар?» деген сұрақ төңірегінде ой қаузаған жазушы Бексұлтан Нұржекеев өз заманы туралы жазу оңай дүние емес екендігін, себебі, санада толық піспеген, құс жолынан қарағандай белгілі кезең өткеріп барып қарамаған дүниенің толық танылмайтынын, тіпті заман портреті толық ашылмауы мүмкін екенін атап өтті. «Бәрі санада пісуі керек» дейді жазушы.

Келелі кездесуде білімгерлер «қандай әдеби шығармаларды оқуға кеңес берер едіңіз» деген де сұрақ қойды. Бұл сауалға орай «Танымға шектеу жоқ. Қазақ әдебиетіндегі шығармалардың барлығы оқып шығуға тұрарлық дүниелер. Мәселен, Бексұлтан ағамыздың «Әй, дүние-ай» кітабын оқуға кеңес беремін», – деді жас жазушы Қанат Әбілқайыр.

Осылайша, таптаурын сүрлеуге түспей, тұщымды ойлармен өрбіген кездесуде әдебиеттің кешегісі, бүгіні һәм ертеңі жайлы пікірлер айтылды. Кеш соңында салмақты сұрақтар қойған студенттерге облыстық тіл басқармасы кітапханасынан алынған  әдеби кітаптар сыйға тартылды.

Алматыдан ат арытып келген қонақтар да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы  ұйымдастырылған жобаға разы ниеттерін білдіріп, келесі кездесулерде де сүбелі әңгімелер айтылатынына сенім білдірді. 

Айта кетерлігі, дәстүрге айналған игі шараны Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті бірлесіп өткізуде.

Қозыбай ҚҰРМАН,

Алматы облысы