30 жел, 2019 сағат 09:06

Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына өтемақы қашан аударылады?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Алматы түбінде әуе апатынан қаза тапқандарға өтемақы қашан берілетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Үкімет 4 млн теңгеден төлем жасау туралы шешім қабылдады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті қаулы жобасын әзірлеп, бүгін оған дауыс бердік. Бұл қаражат қаза тапқандардың отбасы мүшелерінің жеке есепшотына аударылады», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол ұшақ апаты нан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесін жергілікті атқарушы органдар шешетінін айтты.

«Егер зардап шеккендерге қатысты материалдық сипатта қандай да бір өтемақы болатын болса, онда мұны оқиға орын алған жердегі жергілікті билік, яғни, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдігі шешеді. Үкімет деңгейінде қаза тапқандардың туыстарына ғана 4 млн теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды», - деді ол.

Министр өтемақы қашан төленетінін де айтты.

«Өтемақы төлеу мерзіміне қатысты айтар болсам, апат 27 күні болып, 28 күні өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды. Бүгін Үкімет отырысында дауыс берілді және бүгін ақша Еңбек министрлігіне беріледі. Біз қысқа уақыттың ішінде ақшаны жеке есепшоттарға аударамыз», - деді Біржан Нұрымбетов.