02 нау, 2017 сағат 08:42

Үш тамшы жас

Былтыр ғой. Қазақстан құрамасының бас бапкері тағайындалатын болды. Алып-ұшып, футбол қауымдастығының ғимаратына бардық. Көп ұзамай қаздай тізілген үшеу тілшілер отырған бөлмеге кіріп келе жатты. Ортада – Талғат Байсүфинов. «Ақжайықтың» бас бапкері енді ел құрамасын баптайды, шамасы. Солай екен. Сөз берілгенде Талғат Маруанұлы толқысын. Тіпті жанарынан тамшы жас домалап түсті. Абынып барып, айтарын жеткізді.

– Мынау қызық болды ғой. Толқы­ғанымды айтамын. Мұндайым жоқ еді. Жауапкершілікті сезінгенім шығар. Сенім­ді түйсінгенім болар. Өзге ештеңе айта ал­­май­мын. Білетінім, бү­кіл жан-дүние, болмыс-біті­мі­мен ел футбо­лының өр­кендеуі жолында қызмет ете­мін. Қалғанын жұмыс барысында айта жатармыз.

Төрт-бес сұрақ қойылды. Жауап қай­тарылды. Біздің көз алдымызда әлгі тамшы жас. Таныстыру рәсімі аяқталғаннан кейін қасына бардық. Әлі өзіне келмеген. Күледі.

– Шынында да қызық болды ғой. Не үшін толқыдым? Өзіме де жұмбақ. Әрине, алда көп жұмыс күтіп тұр. Жер әлемнен ойыншы шақырып, құра­маға тартуға болады ғой. Бірақ, оның керегі ша­малы. Сенім дегеннен шы­ғады, біздің елде де сенім артсаң ұятқа қалдырмайтын футбол­шылар бар. Алдымен соларды тартайық. Соларға мүмкіндік берейік. Мүмкін, біз күткен футболды ұсынар. Жауапкершілікті сезініп тұр­мын. Ұятқа қалмау керек. Мені осы жағы қатты мазалайды.

– Көмекшілерді жақсы таңдапсыз…

– Нұркен Мазбаев болсын, Андрей Ферапонтовты алсаңыз да, тек жақсы қы­рынан танылған мамандар. Юрий Новиков туралы да осындай ойдамын. Егер Ұлт­тық құрама ел көңілінен шығып жатса, бәрімізге де абырой емес пе?

Солай екені анық. Солай ғой енді. Арада күндер өтті. Байсүфинов сенім артқан жігіт­тер Әзербайжанмен кез­десті. Белекте. Мақсат Бай­жа­нов соққан гол мерейімізді үстем етті. Мәселе жеңіс­те де емес еді. Қазақстан құра­ма­сы жігерлі команда екенін аңғартты. Намысқа шабатынын паш етті. Ең бастысы, ойын-өрнегіне қан жүгірді. Арада үш күн өткенде, яғни 2016 жылдың 29 наурызында Грузияға барды. Испанияның өзін ұтқан грузин­дер азуын айға білеген. Қазақстан қақпасына қалауынша гол соғатынын айтып та үлгерді. Бірақ ойын өзгеше өрбіді. Азат Нұрғалиевтің айы оңы­нан туып, матч тағдырын шешкен жалғыз голды өз есебіне жазды. Қазақстан құ­ра­масынан іш тартып қал­ған қалың жанкүйердің жүз­дері жадырап сала берді. Қытай барды. Тағы да жеңіс. Әлгі Азаттың голы жұрт есінде болар. Тамыз айының соңындағы Қырғызстан сапары қынжылтты. Бірақ, төрт күннен кейін Польшамен ресми ойын күтіп тұрған. Әлем біріншілігінің іріктеу матчы.

Қыркүйектің төрті ел фут­болындағы елеулі дата­ның біріне айналатынын кездесу алдында ешкім сезген жоқ. Айтпақшы, сезгендер бар. Бірі өзіміз. Түсіру тобы «Астана-Аренаға» шығып бара жатқанда айтып салдық. «Бүгін Польшаң үш ұпай ала алмайды». Себеп көп еді. Ең бастысы, ойынға бір күн қалғандағы бас бапкердің сөзі. Жұрт­тан қалқалай бе­ріп, былай деген: «Менің сыналар шағым келгенін бі­лемін. Шәкірттерім сы­рал­ғы ғой. Көп сөйлестік. Тың­ғылықты дайындалдық. Тіпті Бішкектегі быт-шыт ойын да өз әсерін тигізеді. Жақсы жағынан. Қалғанын матчтан кейін айтармыз». Жүзі нұрланып тұр екен. Қолымызды қысты. Өзіне деген, жігіттеріне деген сенім байқалып тұрды. Түнімен ойландық. Таң атқаннан тағы да сарап жасаймыз. Қисынға аз келеді. Польша өткір команда ғой. Кедергіні бұзып-жаратын екпіні тағы бар. Ең бір бабына келген шағы. Құрамында кіл мықты. Біздер қалай төтеп береміз?

Төтеп береді екенбіз. Поль­ша екі гол ұзап шыққанда білдік. Жігіттер жасыған жоқ. Қайта, қарсыласының апшысын қуырды. Роберт Левандовскийдің жүй­кесі тозды. Тоздырған біздің Елдос Ах­метов. Байжанов жігіт екен. Бауыржан Ис­лам­ханның да ойыны жүрді. Сергей Хижниченко әдемі ашылды. Жеткен доп­ты қақ­паға бұрады. Үзі­ліске дейін де шабуылды үдет­кен Байсүфинов шә­кірт­тері екінші таймда екі гол соғып, таразы басын теңес­тірді. Бәріміз қуаныш құша­ғындамыз. Көрермен де, жан­күйер де. Тілшілер де. Ойын соңындағы баспасөз мәс­лихаты басталар шақта мынадай көрініс орын алды. Талғат Маруанұлы бері беттегенде бүкіл тілші дүр етіп, орындарынан тұрды. Алақан қызарғанша қол шапалақтап, қошамет көрсетті. Талғатқа қараймыз. Жымиып күлді. Сосын ернін тістеп тұрып қал­ды. Жанарынан тағы бір жас домалап келе жатыр екен. Отырды да әңгімесін бастады.

– Кураж деген бәле бар емес пе. Соны ұстап алдық. Жібермедік. Шынында да еңбек жігіттердікі. Ойнады. Польшаның мықты екенін білді. Білді де өздерінің де қолдарынан бірдеңе келе­тінін дәлел­деді. Қазір сөйлеу қиын соғып отыр. Кеудені бірдеңе тырмалайды. Не еке­нін ұқпадым.

Ұғып тұрдық. Мақтаныш та адам көңіліне әсер етеді. Өзімен емес. Өзі сенім артқан шәкірттерімен мақтанып тұр­ды, Маруанұлы. Мақта­натындай бар еді. Азуы алты қарыс қарсыласты тұсады. Дүние жүзінің басылымдары «Астанадағы сенсация», деп айдар тағып, матч туралы жарыса жазып жатты. Байсүфиновті зерттеп, жеті атасына жеткендер бар. Қыс­­қасы, қазақ футболының қайта өрлеген күні еді ол.

Подгорицаға жол түсті. Қазақстан жергілікті құрама­мен кездесті. Ойсырай ұтылдық. Матч соңындағы баспасөз маслихатында бір топ қазақ журналистері бас бапкерді ортаға алдық.
– Мен ойын алдында көп ойландым. Не істеу керек? Черногория өз алаңында ешкімге дес бермейді. Бұ­йырса, тоғызы қайтамыз. Оны жетеміз. Он бірі күні Румынияға қарсы ойнау керек болады. Сосын негізші ойыншыларды келесі кездесуге алып қалуды жөн көрдім. Алаңға шыққандарға өкпем жоқ. Шамалары келгенше ойнады. Дене бітімі және қара күші жағынан қарсылас мықты болды. Күші­міз жетпеді.

Ашу қысып отыр еді. Бәрімізді. Есік­ке беттеп бара жатқан Талғат бапкер ке­нет кері бұрылып, қасымызға кел­ді. Жеткен бетте қапсыра құшақтап алды.

– Бәрін түсінемін. Менің де өзегім өртеніп барады. Әбден басым қатты. Бұл ойында барымызды салып, тауысып алсақ, өз алаңымызда тауымыз шағылса не бола­ды? Жұрт түсіне ме? Ой­ын­­шылардың, сапалы ой­ыншылардың саны тым аз болып тұр ғой. Тағы да ай­тайын, анадан тартып, мынадан сұрап талайларды тартып алуға мүмкіндік бар еді, бірақ олар біз күткен деңгейде доп тебе ала ма? Жүректеріңе жүк түсірдік, жүй­келеріңе әсер еттік, алдай мынаған сенші. Бұйырса, Астанада Румыниядан ұтыл­маймыз. Меніңше, сол ма­ңызды.
Бұрылып, есікке беттеді. Көзінен тамшы жас үзіліпті. Ненің жасы екенін ұға алма­дық. Ертесі түнде елге жеттік. Оны күні жаттығу болды. Румыния құрамасы Ереванда Арменияны 5: 0 есе­бімен ұтып, айдары­нан жел есіп келген. Бас­пасөз мәслихатында әжуа басым­дық алды. Румын тіл­шілері Кристоф Даумнан сұрайды келіп: «Қазақстан қақпасына неше гол соғасыздар?». «Же­ңіске оңай жететініңізді бі­ле­міз. Бірақ сол гол санын айта аласыз ба?». Осы мән­дес сауалдар қарша борады. Даум да мақтаннан қаш­пайды-ау. Күліп отырып, жауап берді. Қайта-қайта бес гол соғу оңай еместігін алға тартты. Ұпай­дан шашау шығармайтынын айтты. Үн­де­медік. Талғатты тың­дадық қой. Үмітін үркі­тіп ал­майық. Келесі күні матч өтті.
Ойыншыларды жас балалар жетектеп шығады ғой. Түнде ауа суып кете ме, бала біт­кен жаурап бара жатты. Енді екі елдің әнұраны ойналуы тиіс. Балалар бүрсең қағады. Соны көрген Самат Смақов жейденің үстінен киген жеңіл күртешесін шешті де, өзін жетектеп кел­ген баланың иығына іле салды. Капитанның әмі­рін естігендей өзгелері де жал­ма-жан балаларды қам­қорына алды. «Астана-Аре­наның» іші жылып сала берді. Мұндай команданы ұту мүмкін емес қой! Мың жерден Румыния болсаң да. Қайта Қазақстанның шабуылы өткір екен. Әттең, ұрымтал тұста гол соға алам­дық. Кешегі күлкіге тұн­шық­қан ба, румындардың құты қашып, қорғаныста уа­қыт өткізді. Бес гол қайда, есеп ашудың өзі мұңға айналды. 0:0. Мачтан кейін Байсүфиновті тыңдадық.

– Тең түсу де жетістік шы­ғар. Бірақ жеңіске жақын тұрдық. Нәтиже көңілден шықты демес едім.

Ай бұрын жолықтық. Әлдебір шаруамен федера­цияға барғанда. Ғани Қай­назаров бар, Нұркен үшеуі үлкен үстелге үш бұры­шы­нан төніп тұр екен. Қо­бы­раған қағаз. Қалам бас бапкер­дің қолында. Үлкен жоспар жасал­ғаны байқа­лады. Таңдалған тактика ма, ойын­шылар тізімі ме. Әлдебір зерттеу­лердің нәти­жесін де көз шалды.

– Жақсылап бір сөйлесу керек еді. Сұхбат алып.

– Біз дайынбыз ғой. Қазір үшеуміз осындамыз. Ұлттық құраманың бола­шағы ғой. Жақсы жоспар жасадық. Даму жолы. Ко­манданы көк­темде жинай­­мыз. Жігіт­­тер қазір оқу-жаттығу жиын­­­да­­рында жүр. Мәлімет алып отыр­­м­ыз. Был­тырғы олқы­лық­тарды анық­тадық. Енді бір саты көтерілуіміз керек қой.

– Бәрекелді! Тек алға самғаңыздар.

– Ортақ шаруа, тілші­лер де сырт қалмауы тиіс. Ойынды сіздер талдаса­ңыздар, қателіктерді көрсету керек. Сонда өсеміз.

– Түсіндік, Талғатжан, үнемі назарда ұстаймыз.

Талғаттан тізгін кетіпті. Қазақстан құрамасын енді Алек­сандр Бородюк жат­ты­қ­­тыратын болды. Бір жыл бойы ұлттық құрамада жұмыс істеген, коман­даға өзіне рең берген, өзіндік талап қойған Талғат Маруан­ұлы үш жүз күн­нің ішінде кемі үш жылға татитын нәти­же көрсетті. Бәрі есте. Әуелі өзіміз сіңі­ріп алайық. Ат­қарған шаруасын сонан соң талдармыз.

Амангелді СЕЙІТХАНОВ,

"Егемен Қазақстан" газеті