#
#
Сейсенбі 15/10/2019

Үш балам мен жолдасымды жат елге жерлеп қайттым - Сириядан оралған әйел

  • 25.09.2019
  • 0
  • 1094

Жылы орнын суытып, түзден бақыт іздеп адасқан жандардың қатарында Айжамалдың тағдыры бәрінен ерекше.

Келіншек «Жусан» операциясының арқасында туған еліне кенжесін құшақтап, жалғыз оралды. Олар жиһадқа бір үйден 6 адам «ерекше миссиямен» аттанған болатын.

Айрандай ұйыған әулет аймақтағы елге үлгілі шаңырақтардың бірі болған. Отанасы Айжамал (есімі өзгертілген) - шаруасы өрге домалаған кәсіпкер еді. Біреуден ілгері, біреуден кеш өмір сүріп жатты. Отағасы жұмысының ауырлығына байланысты ішкілікке салынып кеткен. Күйеуінің шайтан суына әуестігінен мезі болған әйел мәселенің шешімін діннен іздейді.

Алла жолына түссе, басын сәждеге тигізсе, жаман әдетінен арылар деген ниетпен Айжамал күйеуін намаз оқитын қайынағасына әкеледі. Содан кейін Айжамалдың күйеуі мешітке өзі бара бастайды. Тіпті күндердің күнінде ол мешіттен шықпайтын болды. Жолдасының өзіне қажет ортаны тапқанына қуанған Айжамал алаңсыз жұмысында жүре берді.

Біраз уақыт өткенде жолдасы үйге келмейтін болды.

«Ол қатты өзгерді. Отбасын асырау, ақша, басқа да мәселелерге мүлде басын ауыртпайды. Анда-санда келеді. Барлығымыздан намаз оқуды талап етті. Мен де оның ықпалымен орандым. Басында дінге бет бұрғанда намаз және тек ораза ұстаумен ғана шектелген, уақыт өте діншіл жамағаттармен араласа бастады. Жамағатпен бірге құран оқып, уағыз айтуға жиналып жүрді. Ол уақытта қазақстандық кітаптар аз болғандықтан араб және дағыстандық кітаптарды оқыған. Қазақстанда тыйым салынған «Үш негіз» бен «Төрт қағида» кітаптарын да оқыған. 2010 жылдары «жиһадқа» шығу керектігі туралы өз ойын айтып қалатын», - дейді Айжамал.

Бірақ ол кезде отағасының бұл сөзін ешкім қолдамаған. Арада біраз уақыт өткен соң жолдасы «саған да, маған да машина сатып аламыз» деп Айжамалды қуантып қояды. 2013 жылы қайын ағасы мен жолдасы өз автокөліктерін сатып, Бішкекке жол тартады. Олар содан кейін біраз уақыт хабарсыз кеткен. Айжамалдың ойына ешбір жамандық кіріп-шықпаған.

Бірнеше күн өткен соң келіншек күйеуінің Түркия арқылы Сирияға кеткенін естиді. Жолдасы Айжамалға «Сирияға барлығы халифат құру үшін отбасымен, бала-шағасымен келіп жатыр, сондықтан сен де кел», - деп хабарласқан.

Айжамал әлеуметтік желіден жіберілген хабарламаларға сеніп, Сирия туралы бейнероликтерді көреді. Бейнекадрдан ол үйі тегін, жарық-суы тегін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған елді көрген.

Ұзақ ойланбастан, ешкімнен ақыл сұрамастан Айжамал 3 баласын құшақтап, Сирияға бет алады. 2 баласы қарсы болып, Алматыда қалып қойған. Соғыс аймағында тағы бір баланы дүниеге әкеледі.

Нағыз жер бетіндегі тозақ 2014 жылы басталады.

2014 жылы Сирия басшысы Башар Асад әскерлері барлығын жара бастаған. Ал одан кейінгі жылдары Башарға Франция, Америка, Ирак тағы басқа мемлекеттер қосылып, таңнан кешке дейін жарылыс ұйымдастырып, бейбіт тұрғындарды қыра бастаған.

Айжамал Сирияда өткізген 5 жылда қаншама сұмдық оқиғаларды бастан кешірген.

«Сирияда балаларға да, ересектерге де арнайы сабақ өтеді. «Үш негіз» және «Төрт қағида» бойынша дәрістер оқылады. Бірақ қазақ жерінде тарап, өзім оқыған «Үш негіз» кітабында «такфирлік» түсінік жоқ еді, ал Сирия өңірінде оқытатын «Үш негіз» кітабында «такфирлікпен айыптау» сынды түсініктер бар. Яғни бір кітап екі түрлі нұсқада әлем бойынша тараған. Ал он жастан он бес жасқа дейінгі балаларға құран, ақида, араб тілі және жекпе-жек өнерін бастан-аяқ оқытып, қалай өлтіру керек, қалай ату керек, қалай жару керектігін үйрететін», - дейді ол.

Айжамалдың ержетіп қалған ұлын айлап көрмеген кездері болған.

«10 жасар ұлым қару-жарақпен ату және оның түрлерін түгел білді. Ал бала 15 жасқа толған соң басшылар қай жаққа жиһадқа шығу керек десе, сол жаққа баруға міндетті», - дейді келіншек.

Айжамал Сирия өңірінде берген діни ілім, идеология күшті болғанын айтады. Көпшілігі құраннан, жалпы діннен хабары жоқ болғандықтан дәріс бергендердің сөзіне қарсылық танытпай, «мынау құраннан және сүннеттен алынған» деген ұстаздарының сөзіне сене берген.

Дегенмен, Сирияға келгендердің арасында «халифтың (басшының) берген тапсырмасын ғана орындап жүрміз, біз оның шын мәнінде кім екенін көргіміз келеді» деген қазақтар да болған. Тіпті арабтардың кей үкіміне қарсы шыққандардың үйіне чип тастап, Қазақстанның 19 азаматын тыңшылар жарып жіберген.

Айжамалдың айтуынша, Сирияда әйелдер жалғыз қалмауға тырысатын.

«Бір әйелдің бірнеше рет тұрмысқа шығуына себеп көп. Әйелдер мен балалар - барлығы бір үйде тұрады. Сондықтан ұрыс та, жанжал да әйелдер арасында көп болды. Ал ерлі-зайыптылар үшін жеке үй беретін. Көп әйелдер басының тыныштығын қалағандықтан бірнеше мәрте тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Ал тұтқындағы әйелдерде ондай ерік болмады. Оларды қалаған адамына сататын, бір-біріне сыйлыққа беріп, сатып алатындар да болды», - деді ол.

Отанына қайтуды Айжамал екі баласы, келінімен бірге жоспарлаған. Тіпті баласы ол жерден кететінін айтқанда әскерлер «хауаридж» және «таквир» деп бірнеше рет түрмеге де қамаған. Ал соғыс аймағынан шығу үшін олар ересектерге адам басына - 7000, ал балаларға - 3000-4000 мың доллар көлемінде ақша сұраған. Әрине, ондай ақша ешкімнің қалтасынан табылмаған. Айжамалдың отбасымен бірге қашудан басқа амалы қалмады.

Айдалаға бақыт іздеп келген отбасы өмір мен өлімнің арасында, үрей құшағында өмір кешіп жатты.

«Аман-сау қалатынын білмегендіктен ұйқы алдында бәрі тілін кәлимаға келтіретін. Біздің жатқан үйге бомба түсіп, он адам қайтыс болды. Мен және кенже ұлым ғана тірі қалдық. Зұлмат жарылыстан үйінді астында қалып, қолым сынып, миыма зақым келді. Мен емделмедім. Сондықтан қол сүйектері қисық бітті, әлі де шытынаулы күйде», - дейді әйел.

Кіндік қаны тамған жерінен жырақтап, туып-өскен ұясынан алыстан бақыт іздеп кеткен отбасының шаңырағы осылайша ортасына түсті.

Айжамал Сириядағы 5 жылда 3 баласынан, келіні мен жұбайынан айрылды. Кенжесін құшақтаған ол қалған киімдерден палатка жасап, сонда түнеген. Отқа жанатын не болса, соның бәрін жинап жағып, шәй қайнатып, күнін көрген.

Айтуынша, Сирия өңірінде қазақстандықтар өте көп болған, тиісінше қайтыс болған еркектердің саны да аз емес. Елімізден өз еркімен кеткен 16,17,18 жастағы жігіттер де болған. Олардың басым көпшілігі соғысамыз деп емес, шариғат заңымен күн кешіп, үй де, су да, жарық та тегін, жайлы өмір сүреміз деп ойлап келген.

Сөйтіп алаң көңіл болып жүргенде Американың күрдтерге 3 күнге жол ашатынын естіген. Сол мезетті дереу пайдаланып, күрдтердің ауылына жеткен. Ол аймақта баласымен бірге 2 ай лагерьде болған. Жолдасымен бірге кеткен қайынағасы аман қалып, Айжамалдың Алматыда қалған баласын Сирияда отырып «пышақпен болса да, бірдеңе істе, жарылыс жаса» деп үгіттеген. Бірақ баласы анасы арқылы байланысқа шығып, оны мазаламауын өтінген.

Осы мезетте содырлардың сойылын соққан отандастарымызды құтқаруға ҚР Сыртқы істер министрлігі мен күш құрылымдары аттанып, соғыс ошағынан тірі қалған отандастарымызды аман-есен елге жеткізген болатын.

Айжамал өзегін жарып шыққан 3 баласын жер қойнына беріп, жалғыз ұлымен елге оралды. Қазір ол қайғымен, үреймен өткен 5 жылын көз жасын төгіп отырып еске алады. Өзі сияқты адасқан келіншектерге туған жерден безбеу керектігін айтады.

ҚазАқпарат

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР