23 мам, 2017 сағат 08:00

Үрей билеген үй немесе адамзатты кім құтқарады?

Бала кезде бір-бірімізге айтатын қорқынышты әңгімелер әлі күнге жадымыздан шықпайды. Соның барлығы дерлік өтірік болса да, неге сужүрек болғанымыз түсініксіз. Бұл әлде бала кезде бойды билейтін қорқыныш сезімдерінің асқынып, байсалды мінездің қалыптаспағандығынан ба? Тіпті сол үрейді әлі күнге толыққанды жеңе алмағандар да баршылық.

Өткен ғасырдағы дене түршіктіретін аңыздардың дені жалмауыз кемпір, қансорғыш, көрінбейтін кісілер туралы болып келсе, бүгінгі балалардың бойындағы үрей тіпті көп. Телеарналарды қоссаңыз миды ашытатын мультфильмдерден бастап, кәдімгі жаңалықтарға дейін адамдарды амалсыз сақтануға мәжбүрлейді. Өйткені тал түсте жоғалып кету, кездейсоқ апат пен өлім, өрт, зорлық пен зорлау әрекеттері бір толастамай тұр.

Ғалымдар ашқан жаңалықтардың да біразы адамзат үшін қорқынышты екен. Олардың бірқатары мынадай:

Ғарыштағы ақылсыздық
Соңғы жылдары Марсқа сапар шегу, тіпті 2030 жылдан бастап адамдардың сонда тұрақтап қалуы төңірегінде көптеген әңгімелер айтылып жүр. Осының өзі оңай нәрсе емес, ойланатын нәрсе екен. Жақында жүргізілген зерттеулер барысында адам баласын үркітетін деректер айтылды. Зертханаларда тышқандарға жүргізілген тәжірибе Қызыл планетада ғарышкерлерді қорғайтын табиғи қорғаныш қабаттары жоқтығын көрсеткен. Осының салдарынан тышқандар­дың миында қабынулар пайда болып, есінен айырылу байқалған. Олар үнемі үрей үстінде өмір сүрген.
Қазіргі кезде ғарышкерлерді бөгде әлемде сәулеге ұшыраудан қорғайтын бірде-бір тиімді тәсіл жоқ. Осыдан шығатын қорытынды мынадай: Марста мақсатқа жету қиын, себебі онда адамзатты тек өлім күтіп тұр.

ДНК ұрлығы
WO деп аталатын вирус кейбір өрмекшілердің жасушаларында болатын бактерияларды жояды екен. Оқымыстылар ДНК-ның бір бөлігін шын мәнінде бүлдіретін­дігін де анықтаған. WO бунақаяқ­тылардың бірқатарында ғана уды реттеуге себепші делініп келсе, енді бұл қағидаға да өзгерістер енгізілді. Құрамы улы зат жасу­шылардың қабыршақтарына еркін еніп, сол жерде тез көбейетіндігі дәлелденді.
Зерттеу авторлары осыған дейінгі вирус көп­клеткалы тіршілік иелерінің ге­ніндегі бактерияларды ғана «ұрлайды» деген жорамал жоққа шықты. Осыдан соң адам атау­лының геніндегі де «ғажайып­тардың» соңы қалай аяқталатын­дығын зерттеу қажет болып тұр.

Солтон-си-дің жарылуы
Сейсмологтар көптеген жыл­дар бойына АҚШ-тағы атақты Сан-Андреас жарығын күшті жер сілкі­ні­сінен кейін пайда болды деп кел­ген еді. Алайда бұл пікір жаңсақ бо­лып шықты. Негізгі апат ошағы ол жерде емес, Сан-Андреаске көл­беу жатқан Солтон-сиде болға­нын анықтады. Яғни, жарық тек­тоникалық плитаның құлауынан пайда болған.
Бұл жаңалық аумақтағы сейс­микалық қауіпті қайта бағалауға мүмкіндік берді. Солтон-си өзе­ніндегі жарық қайта Сан-Андреас­ке түсетін салмақты азайтып отыр­ған көрінеді. Бұлай болма­ғанда әлгі жарық екі есе үлкен болады екен және ол жер шарына да әсері болуы мүмкін.

Жаналғыш машина
Жасанды интеллект – бола­шақ­тың өте маңызды технология­сы екендігін уақыт дәлелдеді. Алайда америкалық Карнеги университеті ғалымдары жасанды интеллект адамзат үшін қауіпке айналуы мүмкін деген болжам жасады. Олар кез келген нәрсені құртатын жасанды нейрондар жүйесін әзірлеген. Әзірше ол Doom ойындар жүйесінде қол­данылатын виртуалды әлемдегі дүние ғана. Қазір компьютерлерде ойналатын осы ойындар өмірде іске асар болса, дүние қалай боларын білесіз бе?

Каролин қасапшысы
Солтүстік Каролина мемле­кеттік университетінің палеон­тологтары жақында ғылымда белгісіз жануардың түрін тапты. Ол ертедегі динозаврлар мен қолты­рауындардан да күшті болып шықты.
Бұл тіршілік иелері кезінде дүниені шарлап, адамзаттың жауы­на айналған. 200 миллион жыл бұрын өмір сүрген хайуан қайта келер болса, тағы да адамдардың түбіне жетері анық. Бірақ ғылым­дағы қару-жараққа қатысты кейбір жаңалықтар онсыз да тіршілікті тығырыққа тіреп тұр.

Несие картасы
Осыдан үш жыл бұрын Екате­ринбургте банктің несие картасына арналған ескерткіш ашылған. Шойын картаға Эдвард Белламидің аты-жөні ойып жазылған. Ол 1888 жылы жарық көрген «Өткен күнге көзқарас» деп аталатын қияли романында несие жүйесінің пайда болатын­дығын жазыпты.
Кітапта Беллами басты кейіп­кер XIX ғасырдың соңында терең ұйқыға кетіп, 2000 жылы оянғаны туралы жазады. Сонда көрген түсі қызық. Әлем қаржы корпорациясы арқылы басқары­лып, қолдағы барлық қаражат жинап алынады. Оның орнына әрбір азамат өзінің есебіне белгілі бір мөлшерде қара­жат аударылған арнаулы карталар алады.
Осылайша, Белламидің рома­ны бестселлерге айналып, қоғам­дық ұйымдар мен партияларды таң­ғал­дырған. Ал Белламидің пар­тиясы Нидерландыда 1947 жылға дейін – жарты ғасыр өмір сүрген. Есе­сі­не, несие карталары мәңгілік өмір сүруге бекем бел буған сыңайлы.

Адам ағзаларын ауыстыру
1955 жылы Станислав Лем «Мис­тер Джонс тірі ме?» деп атала­тын әңгімесін автогонда отырып жазыпты. Шығармада көптеген жол-көлік апаттарынан соң өз ағзаларын жасанды ағзалар­ға ауыстырғандар туралы баян­дайды.
Бүгінде сол әңгімедегі өзекті мәселелер шындыққа айналды. Жасанды ағзаларды ауыстыру сөз болмай қалды.
Бостондағы Harvard Apparatus Regenerative Technology компа­ниясы науқастардың ең күрделі ағза жұ­лын клетка­лары үшін синте­тикалық түтікше­лер шығара бастады.
Техас жүрек инс­титу­тының регенеративті медицина бөлімінің директоры Дорис Тейлор тіпті атжалман терісінен «биожасанды» жүрек жасаған. Оны тәжірибеден өткізуге 10 жыл керек екен. Ғалым­дар өз жаңалықтарының болаша­ғына сенеді және келешекте адам­ның дене бөлшектері түгел жаса­латындығына сенімді.

«Ұшатын» сөмке
1928 жылы журналист Филип Нолан Amazing Stories журна­лында басты кейіпкер Энтони Роджерс қылмыспен күресу үшін ұшатын сөмкені пайдаланғаны туралы сериялы мақалалар жазған.
Реактивті сөмке әдебиеттен өмір шындығына айналды. Сөмке­нің ұшуы арманнан шындық­қа айналды.
Жаңазеландиялық Martin Aircraft Company компаниясы қазір­дің өзінде ұшатын сөмкелерді саудаға шығарған. Ол 2500 метр биіктікте 30 минут қана ұшады.

Интернет
1898 жылы Марк Твен «Лон­дондық «Таймс» 1904» деп аталатын әңгіме жазған. Онда қазіргі интер­неттің жай-жапсары айтылады. Жазушы телектроскоп деп ата­латын құрылғы туралы әңгімелейді. Сол арқылы адамдар бірін-бірі бақылай алатындығын айтып, мәдениет, ғылым жаңалық­тарын біліп, әлемнің кез келген бұры­шына телефон шалуға бола­тындығын құлаққағыс жасаған. Барлық ақпараттың экран бетіне шығатындығын да айтқан.
Қысқасы, бұл қазіргі интер­неттің басталуы екендігін алғашқы кезде ешкім білмегені анық. Бер­тінде кітапты құныға оқитындар шындыққа айналған жаңалыққа жағаларын ұстады.

Антидепрессант
Олдос Хакслидің «О ғажайып, жаңа әлем» романында адамдардың бар­лығы «сома» деп аталатын пре­парат ішетіндігі сөз болады. Бұл – бүгінгі антидепрессант. Ол адам­ның басындағы кейбір проб­лемаларды ұмытуына көмек­тесіп, масаттану сезімін сыйлап, қуа­нышқа бөлейді. Бұл дәріден бас тарту романда психикалық дертке ұрындыра­тындығы, адамның шаршап, күйзе­ліске түсетіндігі тілге тиек болады.
Өмірдің өзі осындай болды. Дүрліккен дүниеде жүйкесі жұқар­ғандар көбейді. Сондықтан да да­мыған елдерде жұртшылық анти­депрессантсыз күн көре алмайтын болған. Бұл таблетка­ларды бірнеше жыл қатарынан қолдану химиялық және психоло­гиялық тәуелділікке соқтырады екен. Олдос Хаксли осындай симп­томдар туралы 1932 жылы жа­зыпты.

Өмір барған сайын қызық әрі шытырман болып барады. Жер ша­рында әр секунд са­йын жаңа­лық, түрлі оқиға­лар болып жатыр. Тосын жағдай­ларға тосқауыл болар­лық зерттеулер де жүргізі­луде. Осы­ның барлығы бір-бір кітапқа арқау болары анық. Бірақ келе­шектің көк­жиегін көрсетіп беретін, адамзатты құтқаратын жаңа туындылар жа­зыла ма?
Осы орайда Камал Смайы­ловтың үш томдық шығарма­ларын қайта бір қарап шығуға тура келеді. Камал ағаның кей­бір публи­цис­тикалық шы­ғарма­ларында келе­шекке ой жүгірткен тың дерек­тер мен дәйектер айтылады.
Осындай шығармалар адам­дар­ды кітап оқуға амалсыз жете­лейді.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ,

"Айқын" газеті