11 қыр, 2019 сағат 12:31

Үндістан азаматы «Эйр Астана» ұшағында шу шығарды

Көлік полицейлері әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Үндістан азаматын «Алматы-Шымкент» әуе рейсінен түсіріп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Алматы қаласының әуежайындағы полиция желілік бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілі хабарласып, «Алматы-Шымкент» бағытында қатынайтын ұшақ бортында құқық бұзушы бар екенін айтқан. Көлік полицейлері тексеру барысында 43 жастағы Үндістан азаматына анықтаған. Мас үндістандық өзін дөрекі ұстап, ұшақ жолаушыларының мазасын алған. 

«Қауіпті жолаушы мән-жайды анықтау үшін аталған әуе рейсінен акті толтыру арқылы түсірілді. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол «орташа деңгейде» мас болған. Оның үстінен ҚР ӘҚБтК 440-бабы 1-тармағымен әкімшілік хаттама толтырылды және 12 625 теңге әкімшілік айыппұл салынды», - делінген таратылған ақпаратта.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың басынан бері еліміздің көлік полицейлері 28 590 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 4 669 адам қоғамдық орында алкоголь сусынын ішкені немесе қоғамдық орынға мас күйінде келгені үшін жазаланды.