17 мам, 2017 сағат 17:34

"Ұлыларға тағзым – ұрпаққа аманат" экспедициясы: Жаңатілек – Бұқар жырау кесенесі (фото)

Жаңатілек ауылынан аттанған атты сапар саяхатшылары Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданында орналасқан Бұқар баба бейітіне бет алды.

Ұлыларға тағзым етушілер Олжабай батыр, әулие Мәшһүр Жүсіп дүниеге келген Далба тауының етегінен тебіреніспен өтті. Жергілікті халық бұл тауды Тотия тауы деп атайды. Экспедиция мүшесі, Жаңатілек ауылының тұрғыны Алдамжар Алтынбек ағамыздың айтуынша, таудың бұлай аталу себебі, Қаракесек руының Тотия есімді қызы бұл елге келін болып түскен екен. Ақыл-парасатымен елдің анасына айналған ақылман әйел дүниеден өтер шағында ұрпақтарына: «Мені мына таудың басына жерлеңдер, төркініме қарап жатайын», - деп өсиет еткен екен. Содан бері ұрпақтары тауды ұлы аналарының есімімен атап кеткен екен.

Атты саяхатшылар Мұсаның шоқысында болып «Көлінде Жасыбайдың сайран салып, Баян әнін Ақбеттен асқақтатқан» - Жаяу Мұсаның зиратына зиярат етті.

Бұдан әрі салт аттылар «Қазыбек би сөресі» аталып кеткен жерге ат басын бұрды. Бұл жерде 1764 жылы Қазақ хандығының аса ірі мемлекет қайраткері Қаз дауысты Қазыбек би қайтыс болған. Мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерленгенше, көктем шығып жер аяғы кеңейген уақытқа дейін ел-жұрт бидің денесін осы жерде сақтаған екен.

Сөреден сәл қашықта Едіге би дау-жанжалда билік айтқан, төрелік еткен, жорық алдында жауынгерлерге бата берген тұғыр-тас тұр. Ел ағасы Жабай Мұсабаев сол тасқа шығып сапаршыларға ақ батасын берді.

Есімі ел жадында сақталған бабаларын ұлықтап жүрген ұрпақтары, ел арасында асқан көрегендігімен танылған, қара суды теріс ағызатын қасиетке ие тылсым күш иесі болған Айдаболдан шыққан асыл әулие Қараман абыздың ғұмыр кешкен мекенінде болып, дұға бағыштады.

Сондай қасиет бойына дарыған дархан даланың тағы бір перзенті Құдайберген Ботанұлының бейітіне «Әумин!» - деп бет сипады. Түйені шөктірмей-ақ бір аттап мінетін алып денелі Құдайбергенді ел арасында Мәстек абыз деп атап кеткен екен.

Сапардың бұл күні Бұқар жыраудың кесенесіне тәу етумен аяқталды. Саяхатшылар жырау атындағы мұражаймен танысты. Бұқар жыраудың ұрпақтары ас беріп, құран бағыштады.

Саяхатшылардың келесі бағыты Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ауылы болмақ.

 Арнайы Ұлт порталы үшін Бұқар жырау ауданынан Еламан ҚАБДІЛӘШІМ