12 нау, 2018 сағат 15:00

Ұлықбек Есдәулет - Жазушылар Одағының жаңа Төрағасы

Алматыда Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XV құрылтайы өтті. Құрылтайда  Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа Төрағасы сайланды.

Құрылтайға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Құттықтау хатында Елбасы Қазақстан Жазушылар Одағының ХV құрылтайының ашылуымен құттықтап, құрылтай жұмысына табыс тіледі. Бүгінге дейін Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарып келген Нұрлан Оразалин атқарған жұмыстарға кезең-кезеңімен шолу жасап өтті.

Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа құрамасын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа Төрағасын, бақылау-тексеру комиссиясын сайлап, ағалар алқасының құрамын бекіту қарастырылған.

Нұрлан Оразалин өз еркімен бұл жолғы сайлауға түспейтінін мәлімдегеннен кейін, жаңа Төрағаның кім болатыны көпшілік қызығушылығын тудырды. Қаламгерлер шешімімен Басқарма Төрағасы қызметіне ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет ұсынылды. Басқарма мүшелерінің дауыс беру нәтижесінде бірауыздан шешім қабылданып, Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасын қолдады. 

Ал, Жазушылыр одағының жаңа басшысы Ұлықбек Есдәулет болашақта "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жаңа серпінмен жұмыс жасайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Одақ төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Ақберен Елгезек тағайындалса, Мереке Құлкенов, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақып та Одақ Төрағасы орынбасарлары болып сайланды.

Айта кетсек, Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1977) журналист мамандығы бойынша, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін (Мәскеу қаласы, 1985) әдебиетші мамандығы бойынша бітірген. Гуманитарлық ғылымдар академиясының құрметті академигі (2004 жылдан). Қазақстан журналистика академиясының толық академик-мүшесі. М. Әуезов атындағы Семей университетінің құрметті профессоры (2007 жылдан).

«Қанат қақты» (1974), «Жұлдыз жарығы» (1977), «Аптайдың алтынтамыры» (1979), «Ұлыстың ұлы күні» (1982), «Ақ керуен» (1985), «Жаратылыс» (1989), «Жүректегі жарылыстар» (1995), «Алтай асулары» (1988), «Заман-ай» (1999), «Киіз кітап» (2001) кітаптарының; «Ахиллестің өкшесі» өлеңдер жинағының (2003); қазақ тіліндегі 5 томдық шығармалар жинағының (2006), «Ынтық зар» (2009), «Әбілхаят» (2009) авторы. «Семей-Невада» қозғалысының әнұраны «Заман-ай» әні сөздерінің авторы. Ақынның шығармалары шет телдеріне аударылған. Үнді, түрік, фин, африка, алжир, украин, әзірбайжан, қырғыз, абхаз, монғол, саха-якут және басқа халықтардың ақындарының өлеңдерін; Сондай-ақ М.Лермонтовтың, А.Блоктың, Д.Кедриннің, Н.Рубцовтың және т.б. бірқата шығармаларын қазақ тіліне аударған. Қазақ, орыс және түрік тілдерін біледі.

1971 жылдан - Шығыс Қазақстан облыстық газетінің корректоры. 1977 жылдан - республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі. 1979 жылдан - «Жазушы» баспасының редакторы (Алматы қаласы). 1985 жылдан – Қазақ телевизиясы жастар редакциясының редакторы. 1986 жылдан - «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясы сын бөлімінің тілшісі. 1988 жылдан - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1991 жылдан - «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы. 1993 жылдан - ҚР Сыртқы істер министрлігінде бөлім меңгерушісі. 1997 жылдан – ҚР Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрлігінің бөлім меңгерушісі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-министрінің Кеңсесінде мәдениет секторының меңгерушісі. 2002 жылдан - «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының бас редакторы. 2008 жылдан бері «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы қызметін атқарып келді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.

Мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөніндегі ҚР Мемлекеттік комиссиясының, Ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының, Түркі әлемінің әдеби журналдары конгресінің Тұрақты кеңесінің мүшесі. 

«Құрмет» орденімен (2001); «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған. Қазақстан Ленин комсомолы (1986), «Жігер» шығармашыл жастар байқауларының (1979), түркі тілдес елдер поэзиясы байқауының (1995), халықаралық «Алаш» (2000), ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының (2003) лауреаты. Ресейдің Алтын Есенин медалінің кавалері (2007). «Қара пима» поэмасы «Жалын» республикалық (жабық) әдеби сайысының жеңімпазы атанған (1982).

Ұлықбек Есдәулет "Жалын" журналы ұйымдастырған жабық бәйгесінін жеңімпазы (1982), Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының (1986), Қазақстан мемлекеттік сыйлығының (2002) лауреаты. "Құрмет" орденімен марапатталған (2001)