20 сәу, 2020 сағат 16:10

Ұлы мәртебелі кітап

Қадірменді қауым! Бала-кезімізде ауыл ақсақалдары, асыл әжелеріміз: «Ел аман, жұрт тыныш болсын!» – деп сәт сайын Алладан тілек тілеп отыратын.  Сол баталы сөздің мағынасын бүгінгідей қиын күндерде терең түсінеді екенсің. Бүкіл әлемді дүрліктірген індет біздің еліміздің де шалғайын шалды. Бұдан да қиын-қыстау күндерді бастан өткерген қазақ халқы бұл қиындықты да жеңері даусыз!

Күні кеше Қазақстан Жазушылар  Одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулеттен кітап оқу эстафетасын алған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр адам өз уақытын тиімді пайдаланып, бүкіл Қазақ елін кітап оқуға үндеді. Шын мәнінде «Кітап – жан азығы», «Артық білім кітапта» екендігін біліп өскен әрбір азамат үшін бұл – таптырмайтын мүмкіндік. Мен «Бол үйде, кітаппен бірге» іліпәкетін (челленджін) М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжановтан қабыл алып отырмын. Алматыда жарияланған карантин күндерінде жеке кітапханамдағы біраз кітаптарды қайыра оқу мүмкіндігі туды. Олар: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының Петербургте, Қазанда, Орынборда шыққан әр алуан нұсқалары, Бабыр Захир ад-дин Мұхаммедтің «Бабырнамасы», Қожа Ахмет Иасауидің «Хикметтері» (Е.Дүйсенбаев аудармасы), Жүсіпбек Аймауытовтың шығармалары, Қасым Аманжоловтың өлеңдері мен поэмалары, Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» кітабы, Шәкір Әбеновтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» поэмасы, Оноре Бальзактың «Горио атай» (Әбдірашит Ахметов аудармасы), Иван Буниннің әңгімелері, Александр Блоктың өлеңдері мен поэмалары, Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» монографиясы, Сапарғали Ләмбековтің «Тәттімбет» хикаяты, Ұлықбек Есдәулеттің «Біз де ғашық болғанбыз» махаббат жырлары, Ғабиден Құлахметтің «Көзімнің қарасы» өлең кітабы. Сонымен бірге «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қазақ тіліне аударып дайындаған Ювал Ноах Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» және Стивен Р.Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» кітаптарын оқып шығуға мүмкіндік туды. Жан -дүнием байып, ерекше ләззатты бастан кештім. Бұл үйде болу мерзімі –кітап оқырмандарын қайтару мүмкіндігі. Бұл адамгершілік пен ізгілікке көпір болатын әдебиетіміздің де өз оқырмандарын тауып, қайта бір серпіліс туғызатын жаңа дәуірінің басы деп білемін. «Бол үйде, кітаппен  бірге» іліпәкетінің эстафетасын туған өңірім Абыралыдағы Сапарғали Бегалин атындағы Қайнар орта мектебі мен өзім бітірген Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Арқат орта мектебінің оқушылары мен мұғалімдеріне, әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің оқытушылары мен студенттеріне, сондай-ақ «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағы Деректі проза Кеңесінің төрағасы, журналист, жазушы Қали Қошқарұлы Сәрсенбайға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлына, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайға жолдаймын!

Қазақтың еңсесін зорайтып, білімін молайтып, жан-дүниесін тазартатын Ұлы мәртебелі Кітап екендігін еске салған Алла тағалаға мың да бір тағзым! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Барша қаламгерлер мен қалың оқырманды биылғы Абай жылында кітап оқуға шақырамын!

Бауыржан ЖАҚЫП, ақын
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

"Қазақ әдебиеті" газеті