29 нау, 2019 сағат 13:07

«Uly dalanyń - Uly kúnі» тойланды

Алматы технологиялық университетінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Жастар жылына» арналған «Uly dalanyń - Uly kúnі» атты Наурыз мерекесі тойланды.

Мерекенің ашылу салтанатында сөз алған Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметов АТУ ұжымын Наурыз мерекесімен құттықтап, толағай табыстар тіледі.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында мақалада көрсетілген бағыттар бойынша әр факультет ұжымы ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс қойды. Атап айтсақ, «Инжинириниг және ақпараттық технологиялар»  факультеті «Атқа міну мәдениетін»  көрсетті. Көрермендер «Жеңіл өнеркәсіп және дизайын факультеті» дайындаған «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» және «Аң стилі» бағыты бойынша көріністі тамашалады. Университетіміздің технология-экономикалық колледжі «Алтын адам» туралы көрініс қойды.  Ал «Экономика және бизнес» факультеті «Түркі әлемінің бесігі» атты көрінісін ұсынды. «Тағам өндірістері» факультетінің оқытушылары мен студенттері  «Ұлы Жібек жолы» және «Алма мен қызғалдақтың отаны - Қазақстан» атты керемет көріністерін қойып, көрермен ықыласына бөленді.

Шара барысында  университет студенттерінен құралған «Домбыра-дастан»  оркестрі, «Тұмар» би ансамблі мен «Асылым»  вокал үйірмесі және АТУ-дың белсенді студенттері ән шырқап, би билеп, күй ойнап, шараның сәнін кіргізді.

Мерекелік шарада «Ең сәнді ұлттық киім» номинациясы бойынша байқау өткізіліп, ерекше дайындықпен келген қатысушылар марапатталды. Номинация иегерлерін университеттің тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин марапаттады. Концерттік бағдарламадан соң Наурыз мерекесіне орай «Арқан тартыстан» жарыс өткізілді. Ал келген қонақтар ұлттық тағам – Наурыз көжеден дәм татып, Ұлыстың ұлы күніне арнайы жайылған дастарханнан ауыз тиді.

Шара соңы «Импульс» би тобы мен технология-экономикалық колледжінің студенттері арнайы дайындаған заманауи бимен қорытындыланды. Наурыз мерекесіне орай өткізілген бұл шара ұлттық мерекенің мәнін түсіндіре отырып, татулық пен бейбітшілікті сақтауға бағытталды.