21 қар, 2018 сағат 16:33

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты бірер ой

Расында, «қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Алайда біз ұлы тарихымызды ұлықтай алмай, түпкі тамырымызға қазық байламай, жаһандану дәуірінің жалына жармастық. Бұл қатерлі сында халықтың қорғаны тарихи жады, асқақ рухы, берік болмысы екені анық. Тарихымызды толық түгендемей, нақты бағасын бермей ұлттық жаңғыруға қадам басу әсте мүмкін емес.

Қадыр ақынның «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» дегені бар-ды. Біз қазір сан ғасырлық тарихымызды толық жүйелеу кезеңіндеміз. Осы бір жауапты миссияны ертеңгі уақыт еншісіне қалдырмай, шынайы зерделеуіміз қажет. Әйтпесе, тарихи санасы қалыптаспаған, ұлттық иммунитеті әлсіз ұлттың жаһандану жалынына жұтылып кетері айтпаса да түсінікті.

Әбіш айтпақшы, озған тұстарымыздан өнеге тауып, опық жеген тұстарымыздан қорытынды шығарып, жан-жақты тағылым алмайынша, ұлттық санаға қол жеткізе алмаймыз.

Елбасы мақаласынан кейін қазақ тарихы жаңа сипат алып, көкжиегіміз кеңіп, оң бетбұрыстарға бастайды деген үміттеміз. Ең бастысы бастама көтерілді, енді оның іс жүзіндегі нәтижесі маңыздырақ болуы тиіс.

Мақаланың негізгі өзегі Ұлы дала өркениетінің әлем тарихындағы орнын айқындауға бағдар сілтеді. Алдағы жасалатын үлкен жұмыстар тарихи санамызды қайта түлетіп, шын мәніндегі «рухани жаңғыруға» бастарына сенеміз.

Шерхан Талап