03 жел, 2017 сағат 17:19

«Ұлы дала ұландары»: Шымкентте домбырашылар флешмобы өтті

Шымкентте «Ұлы дала ұландары» атты домбырашылар флешмобы өтті. Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері мен оқушылары адам көп шоғырланған «Шымкент Плаза» сауда орталығында қазақтың бірнеше күйін орындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

50-ге жуық  домбырашы  күмбірлете күй тартқанда  оларға тамсана да таңырқай қарағандар көп болды. Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Балбырауын», Сүгірдің «Бозінгенін» бір деммен, ерекше леппен тартып, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады. 

Жалпы, жыл сайын домбырашылар флешмобын өткізу зияткерік мектебінің оқушылары үшін дәстүрге айналған. Өйткені білім ошағында «100 күйдің тарихы» атты жоба бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында өткенді ұмытпай, бүгінгіні ұлықтауға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып отырады.

Айта өтейік, аталған флешмоб бір мезетте Қазақстанның барлық облысындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылды. 

Бұл шара арқылы Зияткерлік мектептің оқушылары жан-жақты білімді болуларымен қатар, өнерде де зерек екендіктерін де дәлелдеді.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деп бекер айтылмаса керек. Өйткені төрінен орын беріп, іліп қоятын қара домбыра халқымыз үшін қашанда қасиетті саналған. Ал қос ішекті күмбірлетіп, қуанышы мен қайғысын, мінезі мен тектілігін, бар болмысы мен жан дүниесін көрсете отырып, төгілте шертіп салатын күйді ата-бабамыз әрдайым ұрпағына мұра етіп қалдырған. Ал бүгінгі ұрпақтың сол байлықты, асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, бойына сіңіруі қуантады.