01 ақп, 2019 сағат 14:21

"Ұлы дала" байқауының жеңімпаздары марапатталды

"Нұр Отан" ақын-жазушыларға қолдау көрсетуде "Ұлы дала" байқауымен шектелмейді. Бұл туралы Мәулен Әшімбаев бүгін «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында өткен республикалық «Ұлы дала» байқауының жеңімпаздарын марапаттау сәтінде айтып өтті.

Өткен жылдың соңында Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тың серпін берген болатын. Соған байланысты еліміз бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынып, нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы да сондай игі істердің бірі.

Партия бұл жобаны Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Жалпы байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. Шығармаларды қабылдау мерзімінің қысқалығына қарамастан 400-ден астам еңбек келіп түскен. Нәтижесінде бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Атап айтқанда, «Проза» аталымында Мақсат Мәлік үздік деп танылды. Екінші Қанат Тілеуханға бұйырды. Ал үздік үштікті астаналық Татьяна Кретова түйіндеді.

Сол сияқты «Поэзия» аталымында Жанат Жаңқашұлы – 1-орын, Нұргүл Маулина – 2-орын, Батырхан Сәрсенхан 3-орын алды. Үш ақынның да байқауға өлеңдер топтамасын ұсынғанын атап өткен жөн.

«Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценариі» аталымында «Кейкі мерген» телесериалының сценариін жазған Сержан Зәкерұлы топ жарды. Екінші, үшінші орындарды тиісінше Айдос Ділдебай және Абылай Мауданов иемденді.

«Балаларға арналған шығармалар» аталымында «Ұлы даланың жеті қыры» өлеңдер топтамасының авторы Бауыржан Қарағызұлы бас жүлдені алды. Асылан Тілеген екінші орынға табан тіресе, Серікбол Хасан үшінші орыннан көрінді.

«Публицистика» аталымында 1-орын – Мақпал Жұмашеваға, 2-орын – Қанат Әбілқайырға, ал 3-орын Гүлбану Тебегеноваға бұйырды.

Айта кетейік, байқаудың қазылар алқасының құрамында Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Көпен Әмірбек және Әлия Бөпежанова сияқты белгілі қаламгерлер болды.