#
#
Жексенбі 16/12/2018

Ұлтынан безінген адам ғана ана тілін ұмытады

  • 05.04.2018
  • 0
  • 1282

Таяуда талайды бастан кешкен белгілі журналист Әлихан Жаналтаймен телефон арқылы сөйлескенде ана тілі туралы айтқан бір әңгімесі мені түрлі ойға жетеледі. Оның айтуынша, өзінің ұлтын менсінбеген, басқа ұлттарға еліктеген адам ана тілін ұмытуға бейім тұрады екен. Оны мұндай қорытындыға әкелген Кәшмірде орта мектепте сыныптасы болған Пәкістандық ескі досының жағдайы болыпты.

Әлекен фейсбукта іздеп жүріп осыдан бір неше жыл бұрын 1960 жылдардың орта тұсында мектепте досы болған бір танысын Швецариядан табады. Ол сонда жоғары оқу бітіріп мамандық иесі болып өмір сүріп жатыр екен. Дереу байланысқа шығады. Сөйтсе әлгі досы өзінін ана тілі - ұрдұ тілін ұмытып, ағылшын немесе неміс тілдерінде сөйлетін болыпты. Бірақ әлгі досы жастық шақта Түркияға, одан Германияға кетіп қалған өзі ұрдұ емес, қазақ досының әлі ұрдұ тілін ұмытпағанын білгенде шалқасынан құлай жаздапты. “Бұл қалай? Өзі пәкістандық бола тұра жоғары оқу үшін келген Еуропа елінде 40 жыл ішінде ана тілін ұмытады, жат жұрттық бір адам өзінен бұрын Кәшмірден кетіп қалса да, екінші тіл ретінде үйренген ұрдұ тілін ұмытпай жүреді? Бұған аң-таң болған Әлекеннің досы мұның сырын сұрайды: “Айтшы, сен ұрдұ тілін, Кәшмірден кеткеніне 50 жыл болса да қалай ұмытпай жүрсін? Мен неге ұмытып өзімнің ана тілін сөйлей алмай жүрмін? Себебі не?”

Әлекең де аң-таң. Бір адам өзінің ана тілін қалай ұмытады? Бұл мүмкін бе? Әрі бері ойланғаннан кейін жауабын таптым дейді де, сөзін былай деп бастайды: “Мен жастық шақта үш тілде сөйледім. Алдымен анамнан дарыған, көзімді тырнап ашқаннан үйренген және отбасында сөйлеген қазақ тілі, жергілікті балалармен ойнап жүріп үйренген ұрдұ тілі, сонсоң мектепте үйренген ағылшын тілі. Одан кейінгі жылдары Түркия мен Германияда бұларға түрік және неміс тілдері қосылды. Сөйтіп бес тілді болдым. Әйткенмен, ұрдұдан басқа төрт тілде сөйлейтін орта бар еді. Бірақ, айналамда ұрдұ тілін білетін еш адам жоқ еді. Бірақ мен ұрдұ халқын және оның тілін жақсы көріп кетіп едім. Сондықтан оны ұмытпауға тиіс едім. Бұл үшін не істеуім керек еді? Ары ойланып бері ойланып жүргенде 1973 жылы Пәкістанға барған сапарымда жауабын таптым.

Түркия қазақтарының көш жетекшілерінен әкем марқұм Дәлелхан Жаналтай сол жылы мені Төлеген Аланялы деген ағамыз бен бірге Пәкістанға жіберді. Қазақтар 1952 жылы Пәкістаннан Түркияға көшкенде Оразай (керей, керей ішінде молқы) атында бір жас жігіт қалып қойыпты. Соның мекенжайы табылып, жағдайын білу және мүмкін болса, Түркияға көшіріп әкелудің жолдарын қарастыру туралы бізді жіберген еді. Барсақ, Оразай Ислам Хан деген бір әкімнің қол астында қызмет істеп жүріпті. Балалы-шағалы болыпты. Бастапқыда қазақша сөйлей алмады. Үш күннен кейін барып тілі ашылып қазақша сөйлей бастады. Біз де таң қалдық. Жалғыз жүріп тілді қалай ұмытпадыңыз деп сұрадық. Сондағы жауабы: “Мен Ислам Ханның қойын тауға апарып бағып жүрдім. Сонда тілімді ұмытпау үшін өз өзіме қазақша сөйлеуді әдетке айналдырдым. Өзім бір адам болып қазақша түрлі нәрселер айтамын. Сонсоң жерімді ауыстырып, соған жауап берген екінші адам болып тағы қазақша сөйлеймін. Сөйтіп қой баққан кездерімде қанша жыл өз-өзіме сөйлеп, ана тілімді сақтауға тырыстым. Бірақ соңғы жылдары балалы-шағалы болып, қой бағудан қалғаным үшін өз өзіме қазақша сөйлегенді тоқтатқан едім. Әне, сіздер алғаш келген күндері тілім күрмеліп сөйлей алмай жүргенім содан.”

Міне, сол шалдың айтқанынан кейін ұрдұ тілін ұмытпау үшін не істеу керектігін үйренген едім. Сөйтіп мен де жалғыз болған сәттерімде өз өзіме ұрдұ тілінде сөйлесетін болдым. Бірақ мен басқа бір тәсіл тағы таптым. Күнде ұрдұ тілінде өлең тындауды да әдетке айналдырдым. Тіпті мұсылманшылықтың бес парзы болса, әр күні түнде жатар алдында Пәкістан ұлттық әндерін тындауды өзіме мұсылманшылықтың алтыншы парызы сыяқты міндет санадым. Сөйтіп ұрдұ тілін сақтадым. Фейсбук ашылғаннан кейін содан Кәшмірдегі жастық шақтағы достарымды тауып олармен де ұрдуша сөйлесетін болдым.

Менің тілімді сақтауым осылай болған еді. Ал енді сенің тілді қалай ұмытқанына келер болсақ, меніңше сен дамыған Еуропалық елдерді көргеннен кейін өзіннің ұлтынан жиіркенген екенсін, оны қор көріпсін, безіпсін. Өзге ұлттарға еліктеп солардай боламын депсін. Содан ана тілінен безіп оны ұмытып кетіпсін.” Осы сөздерді айтқаннан кейін әлгі адам ойланып қалған екен.

Әлекең телефондағы әңгімесін “туған ұлтынан безген адам қана ана тілін ұмытады. Ұлтын сүйген адам қайтсе де ана тілін сақтайды” деп түйіндеді...

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар