01 жел, 2017 сағат 14:27

Ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыратын мектеп

Қазақстанда білікті мамандарды дайындауда Назарбаев зияткерлік мектептерінің орны айрықша. Ғылым мен экономиканы да­мы­тудың іргетасын қалайтын таңдаулы оқу орындарының біре­гейі. Посткеңестік кеңістікте тең­дес­сіз білім беру жобасын іске асыру – Елбасының идеясы. Мақсат – үз­дік қазақстандық дәстүрлер мен ха­лықаралық тәжірибелерді ұштастыра отырып, еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыру.

Бүгінде елімізде 21 зияткерлік мектеп жұмыс істеп, оларда 13 000 бала білім алуда. Білім ордаларында сан түрлі сынақтан өткен, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» 2000-нан астам үздік мұғалім білім беруде.

Ең алғашқы зияткерлік мектеп 2008 жылы Астанада бой көтеріп, кейіннен еліміздің барлық облыс орталығы мен Алматы және Семей қалаларында ашылды. Балалардың теориялық және практикалық білім алуы үшін әрбір мектепке заманауи ғылыми-зертханалық, интерактивті мультимедиалық құрал-жабдықтар алы­нып, оқу үрдісінде пайдаланылуда.
Аталған мектептерде үздік қазақстан­дық дәстүрлер мен халықаралық білім беру жүйесін біріктіретін екі оқыту моделі жүзеге асырылады. Біріншісі – зияткерлік мектептер мен оның стратегиялық әріп­тесі, яғни Кембридж университетінің Халықаралық бақылау кеңесі бірлесе отырып әзірлеген – NIS-program. Бұл бағдарламаны Назарбаев мектептерінің «төл туындысы» деп атауға да болады. Екін­шісі – Астана қаласының зияткерлік мектебінде оқытылып жатқан – Халықара­лық Бакалавриат бағдарламасы. Білім ошағындағы жаратылыстану-математика бағытындағы бағдарлама халықаралық A-level, IB, SingaporeHigher 1-2, AP және SAT, SET емтихандарымен мазмұндас әрі жоғары дәрежеге ие. Оқушылар негізгі және жоғары сыныптарда IGCSE, AS-level, A-level халықаралық стандартына сәйкес аттестациядан өтіп отырады.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шам­шидинова: «Біздің миссия – қазақстандық дәстүрлер мен халық­аралық тәжірибені ұш­тастырған білім берудің инновациялық жүйе­сін әзірлеу мен енгізу, содан кейін оны елі­міздің орта білім беру жүйесіне тарату», –­ деп бірегей білім институтының басым бағытын нақты атап өткен еді. Оқу бағдар­ламасының негізгі өзегі мен бағыты – сын тұрғысынан ойлау, үштілділік, IT-тех­но­логия, әлеуметтік жобалар және тәжірибелер. Осы өзекті бағдарламаларды оқыту міндеті зияткерлік мектептер құрылғалы бері күн тәртібінен түспей, жүйелі іске асырылып келеді.

Дүниежүзінде білім саласындағы соңғы жаңалықтар мен жоғары стандарттарды одан әрі дамыту үшін құрылған Халық­аралық мектептер кеңесінен (CIS) аккредитациядан өту – Назарбаев зият­керлік мектептері үшін айтулы оқиға. Қазіргі таңда 8 мектеп аккредитациядан өтсе, 2017-2018 оқу жылында тағы 7 мектеп тиісті сертификатқа қол жеткізбек. 2019 жылы аккредитациядан өту процесі толық аяқталады.

Білім мен тәрбие – егіз. Мектептер тек білім берумен ғана шектелмей, патриоттық мәдени және рухани іс-шараларды да қатар жүргізуде. Элективті курстарда қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрлері, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері оқытылады. Бұған дәлел ретінде «Туған елге тағзым», «Жүз күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақ әндері» жобаларын атап өтуге болады. Сондай-ақ «таратуға тұрарлық идеялар» форматындағы TEDx, қазақтілді онлайн-энциклопедия контен­тін дамытуға бағытталған «Клуб Wikipedia» бағдарламасы іске асуда.

Зияткерлік мектеп оқушылары халық­аралық, республикалық пәндік олим­пиадалар, конкурстар, ғылыми жобалар, робототехника байқауларына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Зияткерлік мектептер – Бүкіләлемдік робототехника олимпиадасының (WRO) Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі. WRO құрамында Таяу Шығыс, Еуропа, Африка, Америка елдері мен Австралия бар. Дүниежүзінің 12 елі бірігіп, Әлемдік роботтар олимпиадасын өткізудегі негізгі мақсат – сандық технологияның игілігін бірлесіп пайдалану, оқушылардың ой ұшқырлығын шыңдау.

«Робототехника» үйірмесі алғаш рет 2009 жылы Көкшетау және Семей қала­ларының Назарбаев зияткерлік мектеп­терінде ұйымдастырылып, балалар LEGO базасында роботтарды құрастыру мен іске қосуды оқи бастады. Қазіргі таңда «Робототехника» курсы барлық зияткерлік мектепте жұмыс істейді.

2010-2017 жылдары Назарбаев мектептерінің 100-ден астам қызметкері робототехникадан біліктіліктерін арттырды. Алынған білім зая кетпей, жақсы нәтижелерге жол ашты. Былтыр Нью-Делиде өткен робототехникадан әлемдік олимпиадада Қазақстан ұлттық робот құрамасы Creativity Award санаты бойынша жүлделі орын жеңіп алды. Ерекше айта кететін жағдай, байқауға әлемнің 54 елінен 2000-нан астам топ қатысып, олар Regular Junior High, Regular Senior High, Open Elementary, Open Junior High, Open Senior High, Advanced Robotics Challenge, Football атты жеті санат бойынша өнер көрсеткен болатын. Бай­қауға Талдықорған зияткерлік мектебінің оқушылары Талғат Бек пен Анатолий Алексеев (ұстазы – Авдюнин Николай) «Жер маңы орбиталарындағы ғарыштық қалдықтарды жинауға арналған роботтық орбиталық жүйе» атты жобасын ұсынды. Авторлардың ойынша, роботтандырылған спутник орбитаға ракетаның көмегімен жеткізіледі. Робот датчиктің көмегімен ғарыштағы қалдықты анықтап, оны қуып жетеді. Арнайы құрылғының көмегімен қалдықтарды қоршап, жинауға кіріседі. Содан кейін робот баяу қозғалып, маневр­лық қозғалтқышты пайдалану арқылы бағдарын Күнге қарай бағыттайды. Жарық датчигінің көмегімен жылдамдықты арт­тырып, қалдықты Күнге қарай жолдайды. Осылайша, робот ғарышты әртүрлі қоқыстарлан тазалайды. Жоба Creativity Award-ты жеңіп қана қоймай, сонымен бірге, World Robot Olympiad-та «ең үздік және инновациялық жұмыс» деп танылды.

Алматы зияткерлік мектебінің коман­дасы өз жұмыстарымен 2017 жылы Вашингтондағы робототехника жарысында 160 елдің ішінде 8-орын алды. Сондай-ақ Бүкілресейлік робототехника фестивалінде І және ІІ орынды иеленді. Индонезиядағы Халықаралық физика олимпиадасында алматылық оқушы Ақназар Қажымұрат, Таиландта өткен Халықаралық химия олимпиадасынан талдықорғандық оқу­шы Антон Моргунов алтын медальмен оралды. АҚШ-та өткен Technovation Challenge байқауында Дияра Бейсембекова мен Аружан Қошқарова жеңімпаз атанды.

Биыл мектеп оқушылары Коста-Рикада «Тұрақты даму» тақырыбында өткен WRO – 2017 олимпиадасында да бірқатар табысқа қол жеткізді.

Зияткерлік мектеп оқушылары білімін одан әрі тереңдету үшін әлемнің ең үздік оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Атап айтқанда, Кембридж, Пенсильвания, Назарбаев университеттері, Халықаралық мектептер кеңесі, Джон Хопкинс уни­верси­тетінің Дарынды жастар орталығы, М.Ломоносов атындағы ММУ мамандан­дырылған оқыту-ғылыми орта­лығы, Педагогикалық өлшемдер институты сынды іргелі білім беру ұйымдарымен әріптестік байланыста. Сонымен бірге, Назарбаев мектептері ЮНЕСКО мен БҰҰ-ның Дамыту бағдарламаларымен ынтымақтастық орнатқан. Мектептердің түлектері Назарбаев университетімен қатар Принстон, Стэнфорд, Колумбия, Массачусетс технологиялық, Гонконг политехникалық, Пусан ұлттық, Ресейдің Жоғары экономика мектебі ұлттық зерттеу университеттерінде айрықша беделге ие.

Елбасының бастамасымен ашылған Назарбаев университеті – зияткерлік мектептердің заңды жалғасы. Прези­денттің «Елордамызда бірегей академия­лық орта қалыптастыру үшін біз халық­аралық деңгейдегі беделді университет құрамыз» деген бастамасымен ашылған көшбасшы университет инженерлерді, ғалымдарды, зерттеушілерді, болашақ ел басқаратын саяси элитаны дайындайды. 2010 жылы Үкіметтің шешіміне сәйкес, Астана жаңа университет атауын Назарбаев универ­ситеті деп өзгертті. Оқу ордасының Дайын­дық орталығына Foundation-ге студенттер қабылданды. Кейіннен Энергетикалық зерттеулер, Білім беру саясаты, Өмір туралы ғылымдар орталықтары ашылды. Ректоры – Шигео Катсу. Бүгінде төрт мыңнан аса студент білім алады. Жыл сайын 500 талапкер білім грантына ие болады. «Жаңа уни­верситетті ашу – мемле­кетіміздің дамуы мен қазақстандықтар үшін ғаламдық жүйе құруда айрықша ықпал ететін маңызды ұлттық жоба» деген Мемлекет басшы­сының мақсаты – Қа­зақстанда әлемдегі ең үздік білім беру жүйе­сін қалыптастыру. Сол арқылы академиялық білімді шыңдап, ғылымды дамыту. Әлемдегі әр салада ең үздік же­тістікке жеткен жоғары оқу орындарының тәжірибесін Астанаға жинақтай отырып, денсаулық сақтау, білім, ғылым, ел басқарудың Қазақстанға тән озық үлгісін қа­­лыптастыру. Жаңа инновациялық тех­но­логияларды өндіріс орындарының жұ­мы­сын жандандыру үшін кәдеге жарату. Ел эко­номикасын дамытудың төте жолы – төл кадрларды дайындау. Шикізаттық ел­ден дамыған, дайын өнім шығаратын жетек­ші елге айналу. Осы бағытта Назарбаев университеті Кембридж, Карнеги-Меллон, Колорадо тау-кен ісі университеті, Дьюк, Сингапур ұлттық, Лондон, Пенсильвания, Питтсбург, Висконсин-Мэдисон университетінің және ғылыми-зерттеу­лерді дамытуда Берклидегі Лоуренс, Аргон ұлттық зертханаларымен қатар Дьюк универ­ситеттерінің академиялық меди­цина­лық орталығы, жапондық Ұлттық онкология институтымен бірлесіп жұмыс істейді. Нәтижесінде, отандық кадрлардың үздік буыны қалыптасып келеді. Медицина, өндіріс, фармацевтика, инновация саласында маман тапшылығы жойылмақ. Шетелдік маманға тәуелділік азаяды.

Қазіргі таңда ең үздік ғылыми орталыққа айналып үлгерген Назарбаев университетінің жетістіктері жетерлік. Оқу ордасындағы екі ғылыми орталық пен бір технопаркте қазақ ғалымдары жұмыс істейді. Химия, биология, физика на­нотехнологияда жаңалықтарды ойлап тауып, жаңа жобаларды іске асыруда. Мәселен, медицинада қатерлі ісік ауруының қай түріне болса әсер ететін дәрі-дәрмек түрін жасап шығарды. ЕХРО-да ел назарына ұсынылған су сіңірмейтін құмды ойлап тапты. Қуаты қарапайым батареядан он есе мықты аккумуляторды жасады. Робот құрастырудағы жетістіктері бір төбе. Мысалы, биыл гендік инженерия бойынша АҚШ-та өткен халықаралық 300 студенттік команда бақ сынаған сайыста Назарбаев университетінің студенттері І орынға ие болды. International Genetically Engineered Machine (IGEM) competition-та топ жарған Назарбаев университетінің 15 студенті «Алты валентті хромнан судың биоремодуля­циясы» атты жоба бойынша төрт жыл талмай еңбек еткен. Еркежан Қалиқанова, Вальдемир Ким мен Мәриям Акижанова жобасын Бостонда таныс­тырған. Байқау нәтижесінде, Назарбаев университетінің командасы Кембридж, Гарвард, Массачусетс университеттерін артта қалдырған. Бұл – әлемнің жетекші оқу орындарынан үйрене отырып, оқ бойы озық шыққан еңбектің нәтижесі.

Студенттер Гуманитарлық және әлеу­меттік ғылымдар, Инженерия, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар, Ғылым және технологиялар, Медицина, Жоғары бизнес, Жоғары білім беру, Жоғары мемлекеттік саясат мектеп­терінде оқиды.

«Бізде басқарушылар, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, көшбасшы­лардың жаңа шоғыры өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Көп ұзамай қазақстандық мамандар, ең алдымен, осы университеттің түлектері бүкіл әлемге өзінің жаңашыл­дығын, бәсекеге қабілеттілігін және қажеттілігін көрсетеді» деп Елбасы сенім артып отыр. Бұған дейін оқу орнын 1805 түлек, яғни 1309 бакалавр, 487 магистр, 9 доктор тәмамдаған.
ХХІ ғасыр – биотехнология, нанотех­нология дәуірі. Елбасы сенім артқан түлектер ел сенімін ақтайды, қазақ ғылымын дамытады деген үміттеміз.

Майра ЖАНЫСБАЙ