07 қар, 2017 сағат 12:35

Ұлттың жаңғыруы "ұлы", "қызы" деп жазудан басталады

Шетелдің көптеген мемлекеттеріне қарап отырсаңыз, өз есімін ұлтының төлқұжатындай көреді. Яғни, аты-жөндеріне жалғаған жалғаулардың өзінен-ақ қай мемлекеттен келгенін аңғаруға болады. Үлкен дүниелердің осындай кішкентай қадамдардан басталатынын түсінгеніміз абзал.

Ел болып елдігімізді асқақтатып, жұмыла жұмыс жасап жатсақ та, өз тегіміздегі «ова», «ева», «ов», «ев» сынды жабысқақ жалғаулардан әлі күн құтыла алмай келеміз. Алашорданың біртуар азаматы  Әлихан Бөкейхан атамыз: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп,  «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!», – деп ұрандаған еді. Бұл ұлағатты ұсыныс әлі күн өзектілігін жоғалтпақ емес.

Себебі, біз өз аты-жөнімізге танылған «қара таңбадан» толықтай арыла алмадық. Ақиқатына келсек, бізге ешкім де бөгет жасап жатқан жоқ. Керісінше, осыған байланысты ата заңымыздан арнайы бап әзірленіп, рұқсат етілген. Яғни, әр  азаматтың өз қалауына қарай ерік беріліп, ұлтшылдығы ұрпақ алдында таразыға түскендей. Алайда ескішілдіктің елесіндей, бодандықтың бұғауындай болған жалғаудан арылуға өз азаматтарымыз құлықсыз. Сылтауы көп. Уақыты аз.

Армяндар «-ян»,  грузиндер «-дзе, -швили» деген төл тегін сақтап қалғанда, қазақ ұлтының өзгенікіне өрекпігені несі?    

Ұғына білгенге бұл үлкен маңызы бар мәселе. Тегіңізді өзгертудің тереңіне үңілсеңіз, құдіреті күшті тылсым бір сезім кешеріңіз хақ. Бодандықтың қамытып шешіп, «ұлы» мен «қызы»-на айналу, қазақтың ғажап есімдерінің өзіне нәр беріп тұратындай. Қай елден екеніңізді түсіндіріп жатудың да қажеті болмайды. Өз ата тегімізді аяқ асты етіп, өзге тілдің жалғауының жалауын көтеріп жүргенді намыс санамайсыз ба? Тарих парақтарын тағы бір зерделеп шықсаңыз, зиялылардың өзі осы мәселенің қаншалықты үлкен мәнге ие екенін ерте аңғарған. Сол себепті де әуел бастан-ақ дұрыс жолдың  бағытын таңдап, қоғамның өзгеруін өзінен бастаған.

Бұл мәселе тәуелсіздік алғалы талай мәрте көтерілді. Қоғам белсенділерінің жалынды сөздері жұрт назарын аударғандай болды. Өзгеге үлгі болар деп өз тегін өзгерткендер де болды. Алайда, қарекетсіздердің қатары азая қоған жоқ.

«Ұлы», «қызы» деп жазу – Алаш зиялылары қалдырған аманат» деп еді әдебиет білгірі Айгүл Ісмақова. Алаш аманатын келер ұрпаққа аман жеткізу – сіз бен бізге міндет болмақ.

Ұлттық мәселенің үлкен-кішісі болмайды. Бәлкім, аты-жөніміздегі ала-құлалықты реттеу үшін арнайы заң керек. Бабамыздың атына бөтен елдің «бөзін» орамай, өз болмысымызға сай әрекет қылайық. Нағыз «рухани жаңғыру» деген – осы.

Тілеген Көгершін,

Ұлт порталы