07 қыр, 2017 сағат 09:52

Ұлттық ұланның саны да сапасы да артты

Әскери міндетін, борышын өтеп жатқан сарбаздарды рухты, қайратты, бауырмал ел азаматы болып қалыптасуға тәрбиелеудің жолы мен жөні қайсы? Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өткен әскери бөлім (батальон) командирлерінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасарлары мен әскери қоғамдық ұйым өкілдерінің оқу-әдістемелік жиынында осы мәселе талқыланды.

Жиын барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Өскемен, Семей, Курчатов, Павлодар қалаларындағы әскери бөлімдерінің өкілдері әскерилерді тәрбиелеудің негізгі құрылымы мен әдістемесін, әскери қоғамдық ұйымдардың жұмысын ұйымдастыруға, діни экстремизмнің алдын алуға, әскерилер арасында діни фанатизм идеологиясының таралуына қарсы әрекет жасауға, психологтардың жұмысын ұйымдастыруға, дағдарысты ахуалды жағдайда моральдық-психологиялық көмектер көрсетуге арналған арнайы сабақтар өткізді.

Оқу-әдістемелік жиын аясында еліміздегі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатовтың, «Нұр Отан» партиясы өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйым басшыларының қатысуымен Елбасының «Болашаққа көзқарас, қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласындағы ұлт болашағы үшін маңызды міндеттерді жүзеге асыруға орай «Ұлттық сананы жаңғырту, Қазақстанның ұлттық коды, болмысы мен мәдениетін сақтау» тақырыбында конференция өтті

Жиынында әскерилер өз біліктіліктерін бағалатып, дене және әскери-қолданбалы спорт түрлерінен сынақ тапсырды. 

Мұхаметқали Сатов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары:

 - Ұлттық ұлан әскерилері аса маңызды мемлекеттік нысандарды, түзеу мекемелерін, стратегиялық мекемелерді күзетіп, қалалардағы қоғамдық тәртіпті сақтауға, террорлық, экстремистік жағдайлардың алдын алуға күш салып келеді. Бүгінде Ұлттық ұланға жаңа міндеттер-тосын жағдайлар туа қалған жағдайда шекара шебіндегі елді мекендерге көмек көрсету, табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету жүктеліп отыр. 
Сонымен бірге қазір террористік, экстремистік жағдайлардың алдын алу бағытында да біздің әскерилерге, сарбаздарға жүктелген міндеттер артып отыр. Сол себепті Ұлттық ұлан құрамасының саны ғана емес сапасы да артып келеді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамасы биыл қыстыгүні қатты борандарда ауыл тұрғындарына, азаматтарға алдымен көмекке келіп, жедел құтқару жұмыстарын жүргізді. Сарбаздардың қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыстарды жедел ашуға орай көрсетіп жатқан іс-қимыл әрекеттерін өте жоғары бағалауға болады.


«Линда» мен «Симба» ЭКСПОда жүр 


Қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыскерді жедел қолға түсіруде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы із кесуші иттердің де тигізіп жатқан септігі көп. Өскемендегі 5518 әскери бөлімі сарбаздарының сенімді серігіне айналған овчаркалардың бірі- саққұлақ, иісшіл «Рой» ептілігі мен қырағылығын талай мәрте мойындатып, қолбасшылық бойынша тоғыз дүркін чемпион атаныпты
.
-Сержант Руслан Раисовтың бұл иті талай рет көшедегі, пәтердегі ұрлық-қарлықтың, тонаушылық қылмыстардың ізін суытпай ашуға көмектесті. Өзім куә болғанымдай, бірнеше жыл бұрын «Рой» Гагарин бульварында қарақшылық шабуыл жасап, әйелдің сөмкесін ұрлап қашып кеткен ұрының ізіне түсіп, оны айналасы бір сағаттың ішінде қолға түсірген болатын. Қазір «Рой» «зейнеткерлікке» кетті. Мен де өзімнің жетегімдегі неміс овчаркасы «Зирманы» ешкімге есесін жібермейтіндей епті етіп үйретіп жатырмын. «Зирманы» Алматы өңіріндегі Қаракемер әскери бөліміне барып алып келіп, күшік кезінен үйретіп жатырмын,- дейді сарбаз Данияр Мұратов жанындағы серігі «Зирмамен» таныстырып. 

«Ұят-ай» десе дереу отыра қалып, алдыңғы аяғымен бетін көлегейлеп теріс қарайтын «Лашын» бельгиялық овчарка екен. Бұл күнде кейбір адамдардың санасынан мүлде жоғалып бара жатқан «ұятты» төрт аяқты жануарға үйретіп қойған кинолог - Ілияс Бақытбек. «Лашын» иесінің қазақша айтқан барлық бұйрығын біздің алдымызда бұлжытпай орындап шықты. Ілиястан естігендей, бельгиялық овчарка тұқымдарының Қазақстандағы әскери бөлімдерге қызметке алына бастағанына біраз уақыт қана болыпты. Неміс овчаркаларына қарағанда «Лашын» асқан жүйрік, тез үйренетін зерек, жылдамдығы да жоғары көрінеді. Екі жылдан бері әскерилермен жүрген оның жауапты ісі- жарылғыш заттарды іздеу.

Ұлттық ұланның саны да сапасы да артты

 

Ұлттық ұланның саны да сапасы да артты



5518 әскери бөлімінің тағы бір бетке ұстарлары- «Линда» мен «Симба» болса «ЭКСПО-2017» көрмесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Астанаға кетіпті. Асхат Темірбеков пен Руслан Раисовтың үйретілген иттері «Линда» мен «Симба» Қазақстан бойынша жүргізілген іріктеуден кідірмей өткен екен. Мина, жарылғыш заттарды табуға машықтанған екеуі екі айдан бері сонда қызмет етуде. 

 

Жанаргүл Мұқатай