20 қыр, 2017 сағат 09:02

Ұлттық рух тағылымы

Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы күйетін кең-байтақ қазақ даласын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күзету мәселесін ұйымдастыру шекарашылар үшін оңай болмады. Әсіресе, кадр тапшылығы қатты сезілді. Міне, осы кезеңде Алматы қаласында орналасқан Шекара училищесіне ел басшылығы ерекше назар аударды.

Жоғары командалық училище жаңғыртылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтына, одан кейін Ше­кара академиясына айналды. Училищені дамытып, жетіл­діргенмен барлық мәселе бір­ден шешіле қойған жоқ. Енді бойында қазақтың еліне, же­ріне деген махаббаты бар ше­карашылардың жаңа буынын дайындау мәселесі тұрды. Ол үшін Әскери институтқа осы міндеттерді атқаратын басшы керек болды. Таңдау көп адам­ға түсті. Соның ішінде бұл жауапкершілік қазақтың біртуар азаматы, генерал Бауыржан Елу­баевқа жүктелді. Ал генерал Әс­кери институтқа келген күн­нен бастап қазақстандық шекарашыларды даярлау ісіне бел шешіп кірісті.  

Мемлекеттік тіл бөліміне қарасты бөлімше бастығы болып ауысып келген алғашқы сәттен бас­тап байқағаным, ұлттық рухты, қазақы салт-дәстүрді ұлықтауға бағытталған бастаманың бар­лы­ғын Бауыржан Ысқақұлы сөзсіз қолдайды екен. Басшысы мықты, қосшысы табанды болса, қара жерде кеме жүргізбей ме. Генералдың өзі қолдап қана қоймай өткізуге барынша жағдай туғызған бастаманың бірі – 2007 жылғы 16 желтоқсанға қарай ұйымдастырылған «Ар-намысым, қасіретім, қуанышым – желтоқсан» атты тарихи-танымдық әдеби-сазды кеш болатын. Кештің негізгі идеясы оқу орнының бет-бейнесінен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде сол кездегі биліктің ше­­­кара ущилищесі курсантта­рын алаңға шыққан жас­тарды тыныштандыруға пай­да­лан­ғандығынан түскен қа­ра дақ­ты кетіру еді. Кеш­ке Ләз­зат Аса­нованың, Қай­рат Рыс­­құл­бековтің, Ербол Сы­па­таев­тың аналары шақы­рылды. Жел­тоқсан оқиғасынан көлеңке эффектісі арқылы театр­ландырылған көрініс көрсетіліп, арнайы ша­қырылған Құрманғазы ұлт ас­паптар оркестрі «Желтоқсан» шығармасын орындады. Кештің кульминациялық сәті − Бауыржан Ысқақұлының сахнаға көтеріліп, Желтоқсан құрбандарының аналарынан кешірім сұрау сәті болды. Аналардың иықтарына қамзол жабылып, бастарына орамал салынды. Құрмет қа­рауылы үлкен себеттермен гүл­дестелер әкеліп, алдарында бір тізерлеп, бастарын иді. Сол күн – қасиетті жұма еді. Бұ­дан әрі қарай боз­дақтардың әруағына арналып ас беріліп, құран бағышталды. 

Тәрбиеші-офицерлерге Отан қорғаушы өз елін, өз елінің салт-дәстүрін, тілі мен ділін жан-жүрегінен өткізген, жанындай сүйген адам болуы керек екендігі түсіндірілді. Себебі, болашақ ел қорғаушының отан­сүйгіштік тәрбиесінде ошақ­тың үш бұтындай – діл, тіл және дәстүрдің орны бөлек екендігі бесенеден белгілі. Туған жерге, елге деген махаббат, парыз сезімі осыларға деген құрметтен туындайды. Осы үштағанның  біреуіне деген немқұрайдылық – рухани тұрақсыздыққа әкеліп соғатындығын тарих талай мәрте дәлелдеген. Б.Момышұлы бұл туралы: «Халықты жауынгерлік асыл қасиеттерге тәрбиелейтін дәстүрлерінен қалай айыруға болады? ...Қатарымызды толық­тырар жаңа күш келіп қосылып жатады, олардың кейбіреулеріне қарасақ, бет әлпеті біздікі, ал кеудесіне үңілсек, аяғы аспаннан салбырап түскендей. Бұл қалай деп ойлайсың? Оның бойын­да не қазаққа, не орысқа тән ешнәрсе жоқ. Бұл жағдай менің зығырданымды қайнатты, неге бұлай болды деп мұның себебін іздеуге мәжбүр болдым, сөйтсем бұл сорлы бейбақ өзінің халқының игі дәстүрлерінен мүлдем бейхабар мақұрым екен. Егер бұл саналы түрде істелінсе – онда зиянкестік болғаны, ал егер саналы түрде істелінбесе – онда халқымыздың игі дәстүрлерін аяққа басып таптағандық – н­ағыз ақымақтық әрекет бол­ғаны. Дәстүр тәрбиенің басты қай­­нарларының бірі болып табылады әрі оның өте үлкен мәні бар», деген болатын «Соғыс психологиясы» еңбегінде. Жауын­герлік тәрбиеде тектілік, махаббат, сұлулық, төзімділік, сенім, көпшілдік, отансүйгіштік ұғым­дары біртұтас. Осыны Бауыржан Ысқақұлы жан-жүрегімен тү­сініп, институттың оқу-тәрбие үдерісінде жүзеге асырды.

Қанатбек СОЛТАНОВ, полковник, ҰҚК Шекара академиясының аға оқытушысы