07 жел, 2018 сағат 08:00

"Ұлттық музейге сый тарту" акциясы бойынша 3000-нан астам құнды жәдігер қабылданған

6 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының үш жылдық қорытындысы бойынша көрме өтті.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы Ұлттық музейдің төл жобасы ретінде 2015 жылғы 18 наурыздан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Мұның негізгі мақсаты: ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтау, көпшілік назарына ұсыну.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин: «Үш жылдық тәжірибеде көрсеткендей акция өз мақсатына жетіп, музей қорын құнды жәдігерлермен толықтыру тарапынан бағытымыз айқындала түсті. Ел арасында елеусіз жатқан  үш мыңға жуық тарихи мұраларымызды, ұлы тұлғаларымыздың құнды жәдігерлерін жинақтадық. Біз әр жәдігерді кәсіби деңгейде сақтауға кепілдік береміз, ол үшін Ұлттық музейде толық жағдай бар.  Сонымен қатар бұл мұралар түрлі тақырыптық көрмелерге арқау болып, ғылыми айналымға түседі. Осы акция арқылы еліміздің рухани бірлігін насихаттағымыз келген. Осы орайда белсенділік танытқан әр азаматқа айтар алғысымыз шексіз», - деді.

Осы уақытқа дейін аталмыш шара Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Петропавл, Тараз, Талдықорған қалаларында өткізілді. Үш жылға ұласқан акцияға 300-ден аса жеке тұлғалар қатысып, еліміздің Бас музейінің қорына барлығы 3000-нан астам аса құнды жәдігер қабылданды. Қорытынды көрмеге 2015 жылдан бастап бүгінгі таңға дейінгі «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы бойынша жинақталған құнды жәдігерлер қойылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, айтыскер ақын Надежда Андреевна Лушникова: «Алайын алдыменен амандасып, Отырған үлкен-кіші замандасым! Ұлттық  музей көрмеге шақырғанда, Үйінде Надежда ақын қалай қалсын. «Бала болса, бесік табылады» демекші, міне Ұлттық музейді құрып едіңіздер, ел-жұрттан там-тұмдап қаншама дүние жинақталып жатыр. Мен айтысқа түскенде алған шапаным тұр екен осы көрмеде. Алматының тойында Қажытай деген ақынмен айтысып, сонда Олжас Сүлейменовтың анасы осы шапанды сыйлаған еді. Музейдің қорына тапсырып едім, міне төрінде тұр. Жан-жақтан жиналған мұралар құтты болсын! Еліміз аман, іргеміз берік болсын!», деп тілек білдірді.

Осы шара аясында Әміре Қашаубаевтың күміс медалі Ұлттық музей қорына салтанатты түрде табысталды. Әміре Қашаубаев – концерттік сапармен шетел асып өнер көрсеткен алғашқы қазақ: 1925 жылы Париж қаласында күміс медалге ие болған. Әміренің бұл наградасын отандасымыз Джулия Гани 2016 жылы Қазақстанға тұңғыш рет қалың жұртшылықтың назарына ұсынып, «Әміре» фильмінің Бас продюсері Алидар Өтемұратовтың қолына табыстаған.

Әміре қазақтың тұңғыш кәсіби театрының ұйымдастырылуына белсене араласып, сол жерде М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Жапал қойшының бейнесін сомдайды. 1933 жылы музыкалық студия құрылып, алғашқылардың бірі болып Әміре даусын жаздырған.

Бұдан басқа «ДАР» компаниясы музейдің қорына Алидар Өтемұратовтың «Әміре» фильміне арнайы жасалған екі домбыраны (реквизит), сонымен бірге 1925 жылы Париж қаласында өткен халықаралық әншілер конкурсы туралы ұйымдастырушылар мен тыңдаушылардың пікірлері мен мақалалары жарияланған сол кездегі газет қиындыларының көшірмелерін сыйға тартты.

Бұл шараға Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А. Қонаевтың жиені Жаннета Серикбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, майталман айтыскер ақын Надежда Андреевна Лушникова, «Әміре» фильміндегі басты кейіпкерді сомдаушы актер Санжар Мадиев, суретші Әбілхан Қастеевтің шөбересі Айсаным Қастеева, ақын Тұманбай Молдағалиевтің шәкірті Ауыт Мұхибек, т.б. қатысты.

Ұлттық музей басшылығы акцияға үлес қосқан азаматтарға арнайы сыйлықтар табыстап, алғыс хатпен марапаттады.