23 ақп, 2017 сағат 13:23

Ұлттық музейдегі «Жас археолог» үйірмесі

Бүгінгі таңда жас буынды кәсіби бағдар бере отырып тәрбиелеу – білім беру жүйесі алдындағы үлкен міндеттердің бірі. Елбасының «Ұлт жоспары 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасы бекітілді. Бұл жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты тарих, археология және мәдениет салаларына тартып, қазақтың тарихы мен мәдениетін терең танып білуіне жол ашу.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасы бойынша 2016 жылғы оқу жылынан бастап «Жас археолог» үйірмесі өз қызметін атқара бастады. Археологиялық үйірме курсының мақсаты – тәлімгерлерді археологияға, туған өлкесінің ежелгі тарихына тарту, олардың рухани-адамгершілік дүниетанымын, туған еліне деген азаматтық-патриоттық сезімін қалыптастыру. Археология гуманитарлық, жаратылыстану және нақты ғылымдар шегінде тұрған ғылым, сондықтан тәлімгерлерде археология негізінде басқа да көптеген ғылым салаларына үлкен қызығушылықтары пайда болатыны сөзсіз.

Ежелгі адамдардың құрал-жабдықтары туралы кітаптан оқыған немесе мұғалімнің әңгімесі – ол құралдарды өз көзімен көріп, қолымен ұстағандағыдай әсер болмайды. Тәжірибе көрсеткендей, археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан оқушылардың тарихқа деген қызығушылығы едәуір артады. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің ірі орталығы болып табылатын Ұлттық музей негізіндегі үйірме әр сабақты музей экспонаттарымен таныса отырып бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тәжірибелік сабақтар ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ-ның жәдігерлерді алғашқы қалпына келтіру мен жаңғырту зертханасында жүргізіледі.

«Жас археолог» үйірмесіне Астана қаласы № 83 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысады. Жас археологтар әр сабақты тағатсыздана күтіп, үлкен қызығушылықпен келеді. Теориялық және тәжірибелік сабақтарды «Халық қазынасы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкерлері Мамиров Т.М., Каирмагамбетов А.М., Нұсқабай А., Касеналин А.Е. жүргізеді. Археолог-мамандар мен тәлімгерлер арасындағы тікелей қарым-қатынас жас ұрпақты отан тарихының тереңіне үңілуге және алған білімі арқылы біліктіліктерін жетілдіруге жақсы ықпал етері анық.

Аккошкарова Ж.Т.

ҚР Ұлттық музейінің

«Халық қазынасы» ҒЗИ-ның қызметкері

Ұлт порталы