19 ақп, 2018 сағат 11:41

Ұлттық музейде "Жұлдызды гид" шоу-жобасы өтеді

2018 жылғы 21 ақпанда сағат 14:00-де, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Дүниежүзілік экскурсия жүргізушілердің күніне орай «Жұлдызды гид» шоу-жобасы өтеді.

Жобаға ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Айгүл Иманбаева, Айгүл Қосанова, Ардақ Балажанова, Жеңіс Ысқақова, әнші Дос, театр және кино әртістері – Дәурен Серғазин мен Нұркен Өтеуілов қатысады. Қазіргі таңда қатысушылардың барлығы қызу дайындық үстінде.

Жоба – барысында қатысушылар музейге келушілерді еліміздің тарихы, мәдениеті және дәстүрімен таныстырады, ал келушілер танымал өнер қайраткерлерін жаңа қырынан көруге мүмкіндік алады.    

«Жұлдызды гид» жобасы Астананың 20-жылдығы қарсаңында жыл сайын 21 ақпанда аталып өтілетін Дүниежүзілік экскурсия жүргізушілер күніне орайластырылған. Экскурсия жүргізушілердің кәсіптік мерекесі әлемнің түкпір-түкпірінде аталып өтіледі, әсіресе ірі қалалар – туристік орталықтарда аталған мереке өте танымал. Өздерінің кәсіптік мерекесін алғаш рет 1990 жылы Лондон қаласының экскурсия жүргізушілері атап өткен болатын. Бұл күнді атап өту бастамасын Экскурсия жүргізушілер ассоциацияларының халықаралық федерациясы ұсынған.

«Жұлдызды гид» шоу-жобасы Ұлттық музейде биыл үшінші рет өткізілмек. Осыған дейін жобаға Алтынай Жорабаева, Қарақат Әбілдина, Маржан Арапбаева, Қалқаман Сарин, Әділ Ахметов қатарлы өнер майталмандары қатысқан болатын.