04 шіл, 2017 сағат 11:56

Ұлттық музей төрінде – Эрмитаж экспонаттары

Үш ғасырға жуық тарихы бар Мемлекеттік Эрмитаж музейінің экспонаттары Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне арнайы әкелінді.

«ЭКСПО» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған «Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» көрмесіне 70-ке жуық қару-жарақ өнер туындылары, соның ішінде, Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания елдерінің соғыс, аңшылық, және салтанатты қарулары қойылды. Көрмеден әр елдің қылыш, қанжар, сауыт-сайман, дулығалар және ер үзеңгілерінің үлгілерін тамашалауға болады.

Жалпы көрменің хронологиялық шеңбері XV-XIX ғасыр аралығындағы қару-жарақ қолөнерінің тарихи кезеңін қамтиды. Көрменің ашылу салтанатында алғашқы сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова:

«Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихтың терең қойнауларынан басталып, бүгінгі күнге дейін қаймағы бұзылмай келеді. Бұл – екі ел арасындағы бір-біріне деген сенімділіктің арқасы. Бүгінгі көрме сол екі ел арасындағы үлкен достықтың тағы бір көрінісі және біздің еліміз үшін үлкен мәдени жаңалық. Осы көрмеге қойылып отырған қару-жарақтарға қарап, олардың жасалу мақсаттарына байланысты қолданылмай, өнер туындысы ретінде көріп отырғанымызға шын қуаныштымыз»,  деді.  


Аталған көрмеге қойылған қаруларды ешкім ешкімге кезенбеген. Яғни, олар ұрыс алаңдарының куәгері ретінде емес, көркем қиялдан туған шеберлердің озық туындысы ретінде бағаланады. Қарулар негізінен металдан жасалған. Оларды әшекейлеу барысында мыс, алтын, күміс сынды бағалы тастар қолданылған.

Адамзат қоғамының алғашқы кезеңдерінде-ақ қару аса қажетті дүние ретінде маңызды болған. Алғашқыда қорғану, аң аулау, тамақ табу үшін қолданысқа енген қару түрлері кейінірек адамның тәуелсіздігін, үстемдігін, еркіндігін айғақтайтын қадірлі затқа айналды. Бай, кедей, ақсүйек немесе қарапайым шаруалар болсын, әрқайсысы өз қаруын барынан жоғары бағалады. Қару – оның асы, қару оның – жұмысы, қару оның – өмірінің жалғасы. Бертін келе қару-жарақ белгілі бір топтардың мықтылығын көрсетсе, қазіргі күні қаруға қарап, бүкіл бір мемлекеттің қуаттылығына баға беріледі.

Мемлекеттік Эрмитаж музейінің ежелгі қару-жарақ топтамасы XIX ғасырдың бас кезінен қалыптасқаны белгілі. Император І Николайға бала кезінде алғаш рет түрік қылышы сыйға тартылады. Осыдан кейін жас ханзада қару-жараққа қызығып, олардың әр түрін жинай бастайды. 1834 жылы жиналған қару түрлерінің топтамасына арнайы қамал түрінде ғимарат салғызып, барлығын сонда көшіреді. 1850 жылы жан-жақтан әкелінген қару түрлерінің саны 5000-нан асқан. 1856 жылы ІІІ Александрдың шешімімен жәдігерлер Эрмитажға көшіріліп, 1888 жылы алғашқы экпозиция ашылылған. 

 Мемлекеттік Эрмитаж музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Г.В. Вилинбахов: «Мемлекеттік Эрмитаж музейі өте ерте кезеңнің жәдігерлерімен қамтылған. Ол жақында өзінің 250 жылдығын атап өтті. Музейде үш миллионға жуық экспонат бар. Эрмитаж – ауқымды, қоры бай, үлкен музей. Сондықтан бізге Қазақстандағы жас, Ұлттық музеймен, жұмыс істеу, тәжірибемен бөлісіп, болашақта музей ісі жөнінен жаңа мүмкіндіктер қарастыру қызықты болмақ», –  деп пікірін білдірді.

Ұлттық музейдің төрінен орын алған әлемге әйгілі Эрмитаж экспонаттарынан әр ұлттың өз нақышын байқау қиын емес. Үнділердің «Чихалта хазар маша сауыт-сайманы» мың шегеден жасалған киім деген мағына береді. Ол – ұзын (тізеге жететін) шекпеннен және көп қабатты (қырыққа жуық) болат пластиналардан, латун шегелерінен жасалған сауыт. Өте жеңіл, қозғалуға ыңғайлы деп таныстырылды. Үнді халқына тән өрнектермен сәнделген. Ал жапондықтардың сауыт-сайманына бір қарағанда, әскери киім емес, қорқынышты фильмдердің жағымсыз кейіпкерін көргендей боласың. Жапондық әскер мұндай сауытты жауға қарсы шығудан көрі, барынша өзін аман сақтап қалу үшін киетіндей. Себебі болат, темір, лак, тері, аттың қылы секілді көп дүниеден жасалған сауытпен соғысу былай тұрсын, қозғалудың өзі бір мұң ба деп қаласың.

Суық қару. Ол ешқашан жанға жылы қабылдайтын құндылыққа айналмас. Ол тек қорғану үшін және қорғайтыны үшін ғана адамзат тарапынан құрметке бөленсе керек. Қай кезеңде болмасын, адам санасында «күрес», «қарсылас», «шабуыл» деген ұғым өздігінен қалыптасқан. Кісі жастайынан қорғануға бейімделеді. Сондықтан да болар, ойын баласы кезімізде  жас шыбықты «қару» етіп өстік. Қабаған иттен жас шыбықпен қорғанып, малды өріске шыбықпен шығарып салатынбыз. Есейген соң «ешкімнен қорғанудың қажеті жоқ» деп ұғындық. Алайда қазіргі қоғам талабына сай адамға тек дәйекті сөз дем беріп, жүйелі білім ғана «нағыз қару» болатынын түсіндік. Сондықтан да кәдуілгі қарулар мұражайлардан орын алып, шеберлерге шабыт сыйлайтын көркем туындыларға айналды. Лайым солай жалғаса берсін. Суық қаруды тек алыстан тамашалап, тарихын тек музейлерден таниық.

Ләйлә Ноғайбек

ҚР Ұлттық музейі қызметкері

Ұлт порталы