30 қар, 2017 сағат 08:12

Ұлттық құрама бас бапкері ойынға "Ресей" деп жазылған бас киіммен шықты

Әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының бас бапкері мемлекеттің Әнұранымыз құйқылжығанда басқа елдің бас киімін киіп тұрды. Бұл туралы sportsffa.kz сайты жазды.

Кеше түнде футболдан Англия және Қазақстан қыздары кездесіп, 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында кезекті ойындарын өткізген. Осы ойыннан трансляция жүргізген шетелдік телеарналар Қазақстан құрамасының бас бапкері Айтбай Жамантаевты бірнеше рет көрсетті.

Бас бапкер Әнұранымыз орындалғанда, «Russia» деген жазуы бар бас киіммен тұрды. Басқа ешкімде ондай бас киім болған жоқ. Тек Айтбай Жамантаевта ғана. Жарайды, кие берсін дейік. Басқа бас киімі жоқ та шығар. Бірақ Әнұран орындалғанда оны неге шешіп қоймады? Сол түсініксіз...


Кешкісін бас бапкердің осы тұрысын sports.kz сайты қиып алып жариялады. Оны әлеуметтік желіге көшіріп басқандар өте көп болды. Жанкүйерлердің басым көпшілігі бас бапкердің бұл қылығын түсіне алмай дал... Неше түрлі пікір жазғандар да көп.

Қазан айының басында ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы Бухарестке «Өзбекстан» деген жазуы бар ұшақпен ұшып барғанда, барлығымыз намыстанып едік. Сөйтсек, ол мұның жанында түк емес екен ғой. Сенім артқан бас бапкеріміз, өз ұлтымыздың өкілі Англияда, төрткіл дүние алдында осылай ұятқа қалдырды.

Енді бұған Қазақстан футбол федерациясы не дейді екен?! Бұл ойында ҚФФ өкілдері де болуы тиіс еді ғой. Әлбетте әрбір құраманың менеджері, әкімшіліктік қызметкері болады. Олар не қараған?!

Нұрғазы Сасаев