18 нау, 2019 сағат 12:00

Ұлттық компаниялар жас IT мамандарды тағылымдамаға қабылдайды

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның компаниялар тобы «Цифрлы жаз» атты тағылымдамадан өту бағдарламасының екінші толқынын іске қосты. Бағдарламаның арқасында қазақстандық жоғарғы оқу орындарының студенттері Қордың компаниялар тобында тәжірибеден өте алады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Айта кетейік, былтыр бағдарлама бойынша 72 жас маман тағылымдаманы сәтті аяқтап, олардың арасында 33 адам жұмысқа орналасқан.

Ал, биыл «Цифрлы жаз» бағдарламасының жаңа кезеңінде біраз өгерістер бар. Бұл туралы бүгінгі брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ-ның цифрландыру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев мәлім етті.

«Цифрлы жаз» бағдарламасы тағылымдамадан өту үшін ғана адам жинауды мақсат тұтпайды. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ-ның компаниялар тобы сапалы кадрларды табуды көздейтіндіктен, биыл бағдарламаға қатысамын деушілерге қойылатын талапты өзгерттік. Енді студенттер Қордың компаниялар тобында тағылымдамадан өту үшін 4 кезеңді іріктеуден өтеуі керек», - деп атап өтті Дәурен Керейбаев.

Жаңа талаптарға сай, бағдарламаға бакалаврдың үшінші-төртінші курс студенттері мен магистратурадағы бірінші-екінші курс студенттер қатыса алады. Сондай-ақ, биыл іріктеу төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде студенттер тіркеліп, онлайн түрде IT тест тапсырады, екінші кезекте өз салалары бойынша IT тапсырмалар орындаса, үшінші кезеңде қабілеттерінің деңгейін көрсететін тест тапсырып, төртінші кезеңде құзыреттіліктеріне қатысты сұхбаттан өтеді. Ең басты талап әрине ІТ саласына деген қызығушылық пен Қордың компаниялар тобындағы ІТ саланы дамытуға үлес қосамын деген ниет.

Тағдылымдамадан өту үшін кәсіби тәжірибенің болуы міндетті емес. Ең бастысы, жобалық басқару, программалау, ақпараттық жүйелер мен инфрақұрылымдарды, қосымшаларды басқару, ақпараттық қауіпсіздік принциптерін білуі шарт.

Ал, 2019-2020 жылдардағы бакалавр және магистратура түлектері «Цирфлы жаз» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуі үшін бағдарламаның ресми сайтында http://digital-summer.sk.kz тіркелуі керек.

Бағдарламаға қатысу үшін өтініштер 2019 жылдың 7 сәуіріне дейін қабылданады. Тағылымдаманың өзі 2019 жылдың 17 маусымы мен 29 тамызы аралығында Астана, Алматы, Өскемен, Павлодар, Атырау қалаларында өтпек. Студенттер бағдарламаның ресми сайтында тіркелген соң, 20 сұрақтан тұратын алғашқы тест тапсырады. Жақсы нәтиже көрсеткен студенттер Қор өкілдерімен өтетін сұхбатқа шақырылып, оны сәтті өткізгендер тиісінше тағылымдамадан өтуге жолдама алады. Биыл тағылымдамаға қатысушыларға жалақы төленбек.

Қордың әлемдік IT мамандармен бірлесе отырып әзірлеген оқыту бағдарламасы студенттер үшін бәсекеге қабілетті ортада озық тәжірибе жинап, SAP, Microsoft, Oracle, Cisco, HP, IBM, Huawei сияқты компаниялардың өнімдерімен тәжірибеде танысуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, «Цифрлы жаз» бағдарламасы 2018 жылы басталған. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 2018 жылғы қызметіне арналған баспасөз конференциясында Қордың Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қордың штатына жас әрі талантты мамандарды тартуға мүмкіндік берген «Цифрлы жаз-2018» бағдарламасын оң бағалаған болатын.