#
#
Дүйсенбі 16/07/2018

Ұлттық код - ата-баба аманаты

  • 29.09.2017
  • 9
  • 7824

 

Елбасы жариялаған рухани жаңғыру, оның ішінде ұлттық кодты қалыптастыру туралы мақаласы болашақ ұрпақты тәрбиелеуге арналған нақты бағдар болды.

Ұлттық кодты қарапайым тілмен айтқанда «қазақи тегіміз, қазақи діліміз, қазақи санамыз бен болмысымыз» деуге болады. Мен әскери қызметте, ғұмырымды Отан қорғау жолына арнаған азаматпын. Әскер қатарына шақырылған сарауыз бозбалаларды тәрбиелеп, елге сүйеу болар тұлға ғып қалыптастырудың қызығы мен шыжығын іштен, өз басымнан өткеріп, танып білген адаммын. Сондықтан шын мәніндегі ұлтжанды, елін сүйетін ұлттық коды бар Азамат қайда, қалай қалыптасатыны туралы өз пікірімді ортаға салмақпын.

Жалпы дүниеге келген әр адамның бойындағы, қанындағы қасиеттері оның шыққан тегіне байланысты екені ешқандай дау тудырмайды. Алайда оларды ары қарай бағдарлап дамыту ата-анасына, отбасына, өскен ортасына тікелей байланысты. Отанын сүйгіш, ұлтжанды ақын ағамыз М.Шахановтың сөзімен айтқанда, әр адам туғанан асынан басқа да өзінің тағдырын тамырсыздықтан қалқалап, өміріне мәңгі астана болар құдіретті 4 Ананы танып-біліп, қадірлеп-қастерлегенде ғана өз ұлтының шын мәніндегі толыққанды өкілі бола алады. Ал ұлттың ең негізгі және бірінші көрсеткіші ол – тілі. «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов үлкен ескерту жасап кетті. Біздің дана халқымыз немерелерін ата-әжесіне бақтырып, тәрбиелетіп үлкен көрегендік жасаған. Себебі жас отау иелері күнделікті бар күйбең тірлікті өз мойындарына алып, қарттардың қолдарын босатқан. Ал ата-әжелер немерелеріне бесік жыры, ертегі, қисса-дастандарды айтып, тыйым сөздерді құлақтарына сіңіріп, өздерінің қолдарынан келетін өнерін олардың бойына сіңіріп отырған. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген осыдан қалған.

Ал қазақ халқының ауыз әдебиеті тұнып тұрған өсиет, насихат екені баршаға аян. Батырлық та, елжандылық та, отбасыға, үлкенге құрмет те, кішіге ізет те, қонақжайлылық та, қысқасы, бүкіл жақсы адами қасиетті дәріптеу осында. Осыларды құлағына сіңіріп, бойына жиып, санасына түйіп өскен баланың жаман әдеттен аулақ, тәрбиелі де ізетті адам болары хақ.

Мақалада: «Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп өте тура айтылған.

Бүгінгі таңда әскери қызметте адам тәрбиесінде, жастардың алды соңын танып, ұлтжанды Отанын сүйіп қорғаушы азамат ретінде тәрбиелеуде үлкен маңызды ортаға айналып отыр. Әскерге шақырылған әр жас сол әскери бөлімінің табалдырығын аттанған күннен-ақ отансүйгіштік тәрбиенің кең шалқарынан сусындайды. Еліміздің айбыны – Ұлттық ұлан сабында бұл тәрбиеге, сарбаздарымызды ұлтжанды рухты азамат қылып тәрбиелеуге, ел үшін қандай да болмасын ауыртпашылықты көтеруге дайын адам ретінде тәрбиелеу ісі жүйелі түрде жолға қойылған, әрі стратегиялық маңыздағы басты жұмыс болып табылады. Күш-қуат құрылымының құрамындағы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басшылық институты осы жұмыстардың қайнар бастауында тұр. Мәселен жақында ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында 2017 жылғы оқу жылынан бастап жаңа жоба, жаңа патриоттық іс-шара қолға алынды. Ол шараның аты - «Елбасы сабақтары» деп аталады. Аталған сабақтар құқықтық тәртіп әскерлерінің республикадағы барлық құрылымдық әскери бөлімдерінде өткізілетін болады. Әскерге рух беруші тәрбиеші офицерлер Отан күзетінде жүрген жауынгерлерге, жалпы әскери ұжымның әр мүшесіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен барша жетістіктері жайлы кең тұрғыда түсіндіріп, тәрбие сағаты ретінде жеткізілетін болды. Елбасы сабақтары әр түрлі тақырыптарды қамтыған. Мәселен, «Елбасының Отан жайлы айтқандары», «Елбасының халықтар достығы мен бірлігі жайлы ұлағаттары», «Елбасының отбасы жайлы айтқандары», «Елбасының ел тарихы жайлы айтқандары», «Елбасының ұлттық қауіпсіздік жайлы байламдары» және тағы басқа Президентіміздің аса өзекті толғам-ойлары жауынгерлік ұжым мүшелерінің рухын көтеру мен шыңдауға жолбасшы тәрбие өзегі ретінде алынып отыр. Әрине, бұл жаңашылдық жұмыстардың барлығы да түптің түбінде тәрбие саласында өзінің жақсы жемісін берері сөзсіз демекпін.

Тәуелсіз Қазақ елінің сардары ретінде айтарым, егемен елімізде өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз өз ана тілінде таза сөйлеп, ежелден «ер» деген даңқы шыққан, намысын таптатпаған, туған жердің топырағын сүйгенде болмаса, ешкімге басын имеген, ешкімнің алдында тізесін бүкпеген ата-бабаларының тарихын, салт-дәстүрін біліп өссе, өзелі мен халқының тек малын жемей, қамын жейтін, туған жерін, аулын аялап, сақтап, қорғайтын, рухани шыңдалған, бәсекеге қабілетті, жаһандану үрдісіне жұтылып, өзін жоғалтып алмайтын халықтың лайықты Азаматы болып шығады деген сенімдемін.

Генерал-майор Қайрат АҚТАНОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы

9 пікір

  • ТалғатЖұма, 29.09.2017

    Қанымыздағы бар нәрсені мақтанышпен алып жүрейікші

  • БүркітЖұма, 29.09.2017

    Ұлттық құндылықтарымызды осы жастар көтермесе, кім көтереді.

  • ОразбекЖұма, 29.09.2017

    Әр қазақтың баласында әскери білім болу керек

  • НариЖұма, 29.09.2017

    Суреттегі жылқы ерекше екен, ақ болғанмен үстінде точка-точкалары бар

  • КамиЖұма, 29.09.2017

    Ата-баба аманаты дегенде үстіндегі жүкке ерекше мән береді екенсін

  • ЫқыласЖұма, 29.09.2017

    Шараның атын да қызық қылып қойыпты..

  • ЕркемЖұма, 29.09.2017

    Фильм түсіріліміне ұқсайтын сияқты. Осындай ойындарда жақсы көрем ше

  • Тәлімгер ағаЖұма, 29.09.2017

    Ал ұлттың ең негізгі және бірінші көрсеткіші ол – тілі деген жері күшті кеткен екен

  • МұхтарЖұма, 29.09.2017

    Қазақтың тілін, дінін, жерін жоғалтпауымыз керек. Ата баба аманаты деген бастысы осы

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар