22 шіл, 2019 сағат 10:27

Ұлттық кеңестің құрамы өзгеріп тұру керек – Ерлан Саиров

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров ұйымның құрамы уақыт талабына сай өзгеріп отыруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАққпарат тілшісі.

Әуелі Ерлан Саиров халық Ұлттық кеңеске өз ұсыныс-шағымдарын қалай жеткізетінін түсіндірді.

«Ұлттық кеңес мүшелерінің барлығының әлеуметтік желіде аккаунттары бар. Сол аккаунттар арқылы хабарласуға болады. Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин жуықта кеңестің жеке аккаунты ашылатынын айтты. Осы аккаунт арқылы да елдің пікірі қабылданатын болады», - дейді қоғам қайраткері.

Сарапшының пікірінше, Ұлттық кеңес құрамы уақыт талабына сай өзгеріп тұруы керек.

«Менің жеке пікірім бойынша, кеңестің құрамы өзгеріп тұруы қажет. Қажет болса, мүшелер саны көбеюі де мүмкін. Ал жұмысына үлгере алмай, қоғамның сенімін ақтамағандар орнын басқаларға беруі керек. Біз цифрлық заманда өмір сүріп жатқандықтан, 40-тан астам мүше деген шартты дүние. Совет заманындағы сияқты қасаң режімнен аулақ болуымыз керек. Кеңестің жұмысына 18 млн адамның барлығының қатысуға құқығы бар. Елдің ой-пікірін дұрыс жеткізе алмаған адамдар орнын босатады. Мысалы мен өзім кеңес жұмысындағы миссиям орындалмай жатса, өз орныма басқа адамды ұсынамын», - деді ол.