17 шіл, 2019 сағат 19:19

Ұлттық кеңес қазақстандық қоғамның демократиялық дамуға дайын екенін көрсетеді

Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы өзінің ұлықтау рәсімінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылатынын хабарлаған еді. Сөзсіз, кеңестің басты мақсаты – қоғамдық диалог үшін тиімді алаң құру болып саналады. Бұл өте қалыпты жағдай, өйткені бүгінде алуан түрлі мәселелер бойынша түрлі сұрақ бар. Адамдардың пікірі ресми ұстаныммен үнемі сәйкес келе бермейді», - деді Максим Споткай.

Сонымен бірге, ол кеңестің басты артықшылықтары туралы айтып берді.

«Қоғамдық кеңестің ең басты артықшылығы – өркениетті түрде мәміле жасай алуымыз болуы керек. Біздегі ахуал қоғамның өзгергенін, барлық адамдардың, оның ішінде биліктің өзгеріске дайын болуы қажеттігін көрсетті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қазақстандық қоғамның алдағы демократиялық дамуға дайын екенін, бір-бірімен ашық сөйлесіп, мәміле жасай алатынын көрсетуі тиіс», - деді спикер.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ кеңестің құрамына кімдер енгені белгілі болды.