27 ақп, 2017 сағат 09:05

Ұлттық бюро: Әблязов жымқырған қаражаттың халықтың зейнетақы жинағы екені анықталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы БТА Банкіндегі қаражаттың жымқырылуы туралы қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеуді аяқтады және іс материалдарымен танысудың басталғаны жарияланды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Алдын ала тергеу жан-жақты, толық және әділ жүргізілді. Дәлелдеуге жататын барлық мән-жайлар анықталды.

Жиналған айғақтар негізінде БТА банкінің бұрынғы басшылары - Қазақстаннан тыс жерде жүрген М.К.Әбілязовтың (директорлар кеңесінің төрағасы), Ж.Д.Жарымбетовтың (басқарма төрағасының бірінші орынбасары - несиелеу комитетінің төрағасы), К.А.Садықовтың (несиелеу бойынша директор) және С.Х.Мәмештің (басқарма төрағасы) қылмыстық іс-әрекеттерінің деңгейі белгілі болды.

Атап айтқанда, Әбілязовке қылмыстық топ құрды және оған жетекшілік етті, БТА Банкінің ақшалай қаражатын жымқырды және өз лауазымын асыра пайдаланып, банк қаражатын заңсыз жаратты деген күдік тағылды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 7,5 млрд. АҚШ долларын құрады.

Тергеу тобы жымқырылған қаражаттың Қазақстан халқының несиелік салымдарынан, азаматтардың жеке жинақтарынан және шетелдік қаржы институттарының қарыздарынан құралғанын растады.

Сонымен бірге, мемлекет БТА Банкінің қарыздарын өтеу бойынша барлық міндетті өз мойнына алды. 

Ұлт порталы