07 мау, 2019 сағат 13:24

Ұлттық банк желіде таралған ақпарат авторларын анықтау үшін құқық қорғау органдарына жүгінді

«Депозиттердің әкетілуі, банктердің ақша беруден бас тартуы, банктердің бөлімшелерінде валютаның жетіспеуі» жөнінде желіде таралған хабарлар дәйексіз және арандатушылық ақпарат. ҚР Ұлттық банкі осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлеуметтік желілерде, сондай-ақ WhatsApp және басқа мессенджерлер арқылы хабар жіберу жолымен депозиттердің әкетілуі, банктердің ақша беруден бас тартуы, банктердің бөлімшелерінде валютаның жетіспеуі туралы дәйексіз және арандатушылық ақпарат таратылуда.

Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық Банкі барлық банктерде қажетті валюта қорлары бар екендігін,  Ұлттық Банктің аумақтық филиалдары жоспарланған режимде банктерді қолма-қол ұлттық және шетел валютасымен қамтамасыз етіп жатқандығын хабарлайды. Депозиттік база тұрақты, банктердің клиенттеріне қызметтер толық көлемде көрсетілуде», делінген хабарламада.

ҚР Ұлттық банкі жалған ақпаратты таратушыларды және оның авторларын анықтау үшін құқық қорғау органдарына жүгінген.