17 мау, 2018 сағат 10:03

Ұлттық банк теңге бағамына қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстанның Ұлттық банкі теңге бағамының құлдырайтыны туралы сыбысқа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды sputniknews.kz агенттігі.

Қаржы нарығын реттеушінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде, сондай-ақ мессенджерлер арқылы теңге бағамы және инфляция деңгейінің өсімі туралы жалған ақпарат тарап жатқанын хабарлады.  

"Қазақстанның Ұлттық банкі аталған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Қазіргі таңда айқын және елеулі тәуекелдер жоқ", — деп мәлімдеді Ұлттық банк.  

Реттеушінің мәліметінше, соңғы уақытта байқалып отырған теңгенің айырбас бағамының болмашы ғана құбылуына, ең алдымен, демалыстар маусымына байланысты шетелдік валютаға сұраныстың артуы себеп болып отыр. Сонымен қатар АҚШ Федералды резервті жүйесінің мөлшерлемені арттыруы да әсер еткен,  соның салдарынан әлемдік нарықта АҚШ доллары нығайып, дамушы нарықтардан капиталдардың аздап жылыстағаны байқалған.  

"Теңгенің айырбас бағамына әлемдік мұнай нарығы оң ықпал етіп жатқаны байқалуда. Мұнай бағасы орташа алғанда барреліне 70 АҚШ доллары шамасында қалыптасып отыр. Осы себепті елдің төлем балансы жақсара түсуде", — деп жазылған мәлімдемеде. 

Реттеушінің мәліметінше, жылдық инфляция мақсатты дәлізде одан әрі төмендеп жатыр. Мамырда оның деңгейі 6,2% пайызды құрады. 

Сонымен қатар, жыл басынан бері азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтер бойынша инфляцияның қарқыны төмендеген.   

Ұлттық банк жалған ақпараттың авторлары мен таратушыларды анықтау үшін құқық қорғау органдарынан көмек сұрады.