04 ақп, 2019 сағат 08:09

Ұлттық әліпбиді бірегейлендірудің жолдары қандай?

Қазақ қоғамында осы кезеңге дейін бірнеше әліпбилердің қолданылғаны мәлім. Латыннегізді қазақ әліпбиіне көшу - елдің болашағы мен бірлігі, дамуы үшін жасалып жатқан іргелі қадам. Жаңа әліпбиге көшу арқылы тілдік  сананы жаңғырту,  біріншіден,  қазақ  жазуына сәйкес  фонетикалық,  емлелік  реформаны  қажет  етсе,  екіншіден,  тың  теориялық  ережелер  мен  жаңа  әдістемелік  амал – тәсілдерді  білім  беру  жүйесіне  қосуды  талап  етіп отыр. Когнитивті-эмотивтік және аксеологиялық құрылымдардың бірлігінен тұратын тілдік сана - ғасырлар бойы халықтың жады арқылы жинақталған ұлттық құндылықтардың мәйегі.   Латыннегізді қазақтың төл әліпбиі арқылы лингвистикалық, когнитивтік, мәдени кеңістікті рухы мықты, тәуелсіз ұлттық болмыс пен тілдік сана арқылы жаңғыртуға жол ашылады. Осыған орай бұл мәселені дәстүрлі лингвистика, когнитивтік лингвистика және психолингвистиканың негізгі қағидаларын біріктіретін кешенді теориялық бағытта зерттей  отырып,  латын  әліпбиін  оқытудың   тиімді  әдістемесін  айқындаудың қажеттігі туындап отыр.

Латын әліпбиін республиканың үздіксіз білім беру жүйесіне енгізу үдерісі бірнеше мәселелерді  қамтиды:

1) қазақ елінің жазу мен әліпби тарихына шолу жасай келіп, латын әліпбиін пайдаланып отырған түркі елдерінің тәжірибесін зерделеу; 

2) латыннегізді әліпбидің үздік нұсқасын  бекіте  отырып,  әліпби,  таңба, емле  бірлестігінің  заңдылықтары  мен  ережелер  жүйесін  дұрыс  жолға  қою; 

3) латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін және оның емле ережелерін сынақтан өткізу жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру арқылы тиімді жолдарды анықтау және қиындық келтіретін емле ережелерін сараптап, жетілдіру;

4) сынақ жұмыстарының негізінде айқындалған қиындықтар мен кемшіліктерді сараптап, жаңа әліпбиді оқыту мен үйретудің тиімді жолдарын әдістемелік тұрғыдан негіздеу;

5) әр сатының жас және психологиялық ерекшеліктеріне қарай оқыту мен үйрету әдістемесін әзірлеу, оны білім жүйесіне біртіндеп, сатылап енгізу. т. б.

Осы жұмыстарды ұйымдастыру барысында әр кезеңнің жұмыс бағдарлары анықталып, күтілетін нәтижелерді талқыдан өткізу арқылы латын графикасына негізделген ұлттық әліпбиді  меңгерту  дұрыс  жолға қойылады.

Дұрыс жазу нормаларының көздейтін негізгі мақсаты – айтылмақ ойды жазба түрде дәл, айқын жеткізіп беру. Сондықтан орфография немесе емле дұрыс жазу қағидаларын белгілейді. Әдетте, жазу жалпыға ортақ болғандықтан, оның ережелері де көпшілікке бірдей болып, қалың жұртшылықтың пайдалануына арналады. Сол себепті емле ережелері әрі ортақ, әрі тұрақты болуға тиіс. Емле ережелерінің тиянақсыздығы жазатын адамға үлкен қиындық келтіретіні белгілі. Бұл, әсіресе, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне көшу кезінде  байқалатыны анық.

Қазақ жазу ілімінің теориясы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде алғаш қалыптасып, негізделді. Ғалымның әлемдік жазу тарихына әкелген реформасы дәл бүгінгі күні де негізгі дәстүр ретінде сақталып, ұлт жазуының жаңа жүйесін меңгертуде тірек екені  рас. Бұл орайда қазақ тілші-ғалымдары бүгінгі жазу тіліндегі шиеленісті, күрмеулі мәселелерді жаңа әліпби арқылы оң шешіп беру мүмкіндігі туып отыр. Қазақ әліпбиіндегі басы артық әріптерді сұрыптап, тілдік болмысқа лайықтап, атап айтқанда, қазақи дыбысталымға (орфоэпияға), қазақи дыбыс жүйесіне (фонологиялық жүйеге) икемдеп қайта құру және әлемдік деңгейге сәйкес етіп, жаңа тұрпаттағы әліпби жүйесін жасау арқылы қазақ жазуын бірегейлендіру талабы жүзеге асатыны даусыз.

Ұлттық  бірегейліктің  негізі -  ұлттық  сананың  біртұтастығы,  бірыңғайлығы.  Ұлттық  бірегейлік   ортақ  мақсат пен  ортақ  ұстанымға  негізделеді. Ұлттық  сананың    бірегейлігін   қамтамасыз  ететін   рухани  тамыр – мәдени - танымдық   негізі  қалыптасқан  жаңа  жазу  үлгісін  жүзеге  асыратын     ұлттық тіл.  

Тәуелсіз елдің жаңа жазу таңбасын қалыптастыру арқылы ұлттың жазу мәдениеті  мен  ұлттық  бірегейлікті  дамытуға негіз болып саналатын бірнеше факторлар бар. Атап айтқанда:

1. Әлемдік өркениетке еркін енудің, озық елдермен терезесі тең қатынасқа түсудің басты алғышарттарының бірі ретінде латын негізді әліпбиге көшуді оңтайлы шешу. Бұл бағытта басты мәселе –ұлттық жазуды ешбір бөгде жұрттың ықпалына бағындырмай, төл жазу мәдениетінің іргетасын бекітіп, оны келешек ұрпақтың санасында берік қалыптастыру.

2. Ұлттың дара, өз тілінің табиғатына сәйкес келетін жазу таңбасын айқындау. Зерттеушілердің пікірінше, «графика  – тілдік санаға байлаулы құбылыс. Тілдік сана – бір күнде қалыптаспаған, терең тарихи категория. Мəселен, қазақ жазуы тарихында қазақтар бірнеше графикалық жүйені қолданды: руна, араб, жаңғыртылған араб/төте жазу, ескі латын, кирилл. Мұндағы графемалар жүйесінің тұрпаты, яғни кескіні ұлттық тілдің санасында периферияда жүрді, бірақ барлық əліпбидің ұлттық болғанының себебі принциптің ортақтығында. Барлық графикамыздың бір принциппен əліпби түзуінің негізінде, кескіндері ауысса да, жазуымыз қазақ жазуы болды. Осы өзгермейтін принцип ұлттық тілдік санамыздың ядролық бөлігінде тұр. Сондықтан болашақ латын графикасына негізделген әліпби  Ахмет Байтұрсынұлы дәйектеген «бір əріп -бір дыбыс» принципін негізге алса,   тарихи сананы, эстетикалық, тілтанымдық, құқықтық, ғылыми, экономикалық, саяси, мәдени саналарды жаңғыртатындай әлеуеті болады».

3. Латын графикасына көшу үдерісінде ұлттық бірегейлікті сақтау қажеттігін ең басты қағида ретінде басшылыққа алу.  Қоғамдық пікірлерде ұлттық бірегейлікті сақтауда этностық, мәдени, тілдік, діни бірегейліктерді қатаң сақтау қажеттігі жиі көтеріле бастады. Себебі осы аталған бірегейлік бар жерде ғана жазудың ұлттық сипаты айқын болып, тілдік деңгейі жоғары көтеріледі. Бірегейлікті берік ұстану ұлттың өзіндік бет-бейнесін, рухани әлеуетін берік қалыптастыруға ықпал етеді, жұртшылықтың жазу мәдениетін дамытуға тірек болады.

Ғылыми әдебиеттерде «бірегейлендіру», яғни унификациялау –  (лат. unus – бір) терминдерінің анықтамасында «өнім, процестер және қызмет көрсету түрлерінің, олардың параметрлерінің және өлшемдерінің мәндерінің оңтайлы санын таңдау немесе тағайындау» деп көрсетілген. Сонымен қатар, бұл сөздің баламасы «бірыңғайландыру – бірдеңені бірыңғай жүйеге, формаға, бірегейлікке келтіру» деген мағынада да қолданылады. Келесі бір тұжырымдар бойынша, «бірегейлендіру – (ағылш. identification, лат. identificare - ұқсастыру, барабарландыру) біреумен немесе бір нәрсемен ұқсастыру; жеке тұлғаның өзін басқа субъектілермен, топпен, бейнемен теңдестіруі» деп те көрсетілген. Олай болса, қазіргі таңда өзекті болып отырған латын әліпбиін бірегейлендіру мәселесіне қатысты алғанда бұл талапты үш тұрғыдан талдауға болады:

біріншіден, жаңадан бектілген әліпби құрамындағы толық шешімін таппаған жекелеген әріптердің арасындағы сәйкессіздікті (мысалы; ashana – асхана ма әлде ашана ма?) реттеудің жолдарын іздеу;

екінші жағынан, ұлттық әліпбидегі әріптерді өзге түркі тектес халықтардың әліпбиіндегі әріптермен бірегейлендірудің амалдарын зерттеу;

үшінші жағынан, ұлттық әліпбидегі күрмеулі мәселелер туындатып отырған әріптерді әлемдік деңгейдегі тіл, ҚР Президенті саясатында көрсетілгендей, Қазақстандағы үштілділік саясатын оңтайландыру үшін енгізілген әлем тілі – ағылшын тілінің әліпбиімен бірегейлендіру жолдарын зерделеу.

Бірегейлендіру үдерісі нақты бір нысанға қатысты жүзеге асырылғанда  ол саналы түрде шешім қабылдаумен қатар,  сол нысанның өзіндік ерекшелігін қамти отырып,  дәл сол кезеңдегі қоғамдық-әлеуметтік  талаптарға сай болуын қадағалау қажет. Мәселен, қазақ ұлттық әліпбиін бірегейлендіруде ол, әрине,  ұлттық, таптық бірегейленуді немесе топпен немесе жеке субъектімен теңдесуді мақсат етпейді. Ол жерде қай тілде сөйлейтініне қарамастан, латын таңбасының тіл тұтынушыларға бірдей түсінікті, ортақ өлшемге сай  болуына жете мән берілуі тиімді болады.

Әліпбиді бірегейлендіру  саналы түрде жүзеге асырылады. Сондықтан бұл үдерісте екі маңызды факторды ескеру керек. Біріншіден, бүгінгі жаһандану заңдылықтарына сай қалыптасқан өзіндік субъективті даралықты сақтауға қажеттілік қаншалықты туындап отырса, екіншіден, ортақ проблемалары тоғысып, тоқайласқан әр деңгейдегі байланыстарды берік етуге бағытталған ортақ мақсат пен мүдде жолында бірігуге деген мәжбүрлік те соншалықты жоғарылай түсуде.  Мәселен, әлеуметтік тұрғыдан алғанда этникалық, діни, мәдени және өзге де аз топтарға қатысты бірегейленудің дәстүрлі түрлерін сақтай отырып, тілдік, әліпбилік бірегейленудің түпкі нәтижесі түбі бір түркі баласының ойына ортақ таңбалармен байланысты оқу, жазу стереотиптерін сіңіру, игеру, топтық ережелерді, ұстанымдарды, мақсаттарды, идеалдардың әлеуметтік рөлдерін өзінікі ретінде қабылдауға ықыласы мен сенімін арттырудан айқын көрінетін болады.

Әліпбиді бірегейлендіру:

 – ұлттық әліпби түзу дәстүрлеріміздегі озық идеяларды осы уақытқа дейін жаңа әліпбиді қабылдау үдерісін бастан кешкен посткеңестік елдердің іс-тәжірибесімен ұштастыру;

- қоғамның жазу мәдениетін дамытуда ең тиімді деген өнімдерді, жазу сауаттылығын қалыптастыру жолдарын, оқу, білім сапасына әсерін әртүрлі параметрлер бойынша айқындау;

- әрі даралық сипаты бар, әрі ортақ мақсатқа теңдей қызмет ететін әліпби нұсқасын нақты бір жүйеге салу жолдарымен жүзеге асады.

Егер бірегейлендіру техникаға қатысты айтылса, «онда өнім мен оның құралдары ең түпкі стандарттық көлемнің минимумына, оның маркасы мен қасиеттеріне барынша  жақындатылатыны белгілі».  Себебі бірегейлендірудің ең басты әдістерінің бірі – кешенді стандарттау. Стандарттаудың бұл түрінде басшылыққа алынатын нақты талаптар мен белгілі бір шекті анықтау мәселесі  нысанның сыртқы түріне ғана емес, оның ішкі негізгі элементтеріне де қатысты болады. Мақсат: сол проблемаларды тиімді шешу жолдарын табу. Мысалы, ұлттық жазу-сызу мәселесінде, оның ішінде әліпбиді ортақтандыру, бірыңғайландыру жағдайында ұлттық әліпбидегі әріптердің сол тілдің төл дыбыстарына барынша сәйкес келуі – басты шарт. Ал түркітектес халықтардың жазу жүйесіне қатысты алғанда, түркі тілінің барлығына ортақ тіл заңдылықтары ескеру – маңызды талап. Одан да әрі халықаралық әліпбиді бірегейлендіру жөнінен қарастырғанда, барлық тілге тән, ортақ дыбыстарды бірізді етіп таңбалау ұстанымы басшылыққа алынғаны абзал. Мысалы, қазіргі қазақ тілінің латыннегізді әліпбиіндегі u таңбасын кирилл жазуындағы и деп белгілеуден бас тартып, оны әлемдік стандартқа сай у дыбысының орнына қолданса, әліпби ешкімді шатастырмайды.  Осындай ұстанымдарды басшылыққа алған кезде ғана  әліпбиді бірегейлендіру стандартталатын нысандарды жүйелендіруге, типтендіруге, тектендіруге, саралауға, ыңғайландыруға, қарапайымдандыруға бағытталып, олардың тиімділігін арттыруға қызмет етеді.

Бірегейлендірудің жоғары деңгейіндегі белгілі бір стандарттарды анықтауда оның тарихи өткен жолы мен бүгінгі таңдағы көпшілік тарапынан оң қабылдану деңгейі ескерілуі тиіс. Мәселен, латыннегізді әліпби осыған дейін де ұлттың жазу тарихында қолданылғаны белгілі. Олай болса, ұсынылып отырған әліпби жобасы сол  өткен тарихта қаншалықты  тиімді болды? Ал, жаңа жазу әліпби бойынша дәл осы кезеңде жүргізіліп жатқан тәжірибелік сынақтардың нәтижелері қандай? деген сұрақтардың жауабы – әліпбидің стандартталуы мен оған қойылатын талаптардың деңгейіне қаншалықты сай екенін анықтайтын көрсеткіш.  Сондықтан соңғы бекітілген латын әліпбиінің қазақ жазу тарихындағы нұсқасымен сәйкестігін анықтау, сондай-ақ, осы жоба аясында ұйымдастырылған түрлі әдістемелік сынақ жұмыстарында қалың жұртшылықтың меңгеруіне қиындық тудыру/тудырмау факторларына талдау жасау керек болады. Егер осы мәселе оң шешім тапса, онда бұл әліпбидің тиімділігі жоғары деген сөз. Ал керісінше болса, онда, бекітілген әліпбидің күрмеулі мәселелері жеткілікті болғаны деп саналады. Бұл жөнінде өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы былай деп айтқан болатын: «Емлені бұрынғысынан артық болғандай етіп өзгертуде мағына бар; ал бұрынғысынан төмен болғандай етіп өзгертуде мағына да, мақсат та жоқ».  Өкінішке орай, дәл қазіргі таңда алғашқы эксперименттен өткізілген латын негізді қазақ жазуына қатысты емле жүйесінде ойлананарлық  жайттар жетерлік.

Кез келген әліпбидің өміршеңдігі мен тиімділігі төл дыбыстарға сәйкес келуімен қатар басқа тілден енген термин сөздерді жазудағы ұтымдылығына да тікелей байланысты. Себебі бұл фактор да  тілдің қолданыстық, өміршеңдік тұрғысынан ұлтты бірегейлендіруге толық қызмет етеді.  Себебі ғалымдардың пайымдауынша, «тіл дамуының негізгі сипаты тілдің рухани-әлеуметтік жаңғыртуларға сай жаңа деңгейге көтеріліп, қалыптасушы ұлттық таным мен ой-өрістің мәнін мемлекеттік мүддеге ұластырып, қоғамның түрлі саласында кәсіби тілдік тұлғаның қызмет ету дәрежесін көтеруі және бағдарлауымен тығыз байланысты. Қоғам жан-жақты және жаңа сапада дамыған сайын онымен сабақтас тілдің де сол дәрежеде дамуы – мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес тілдің қоғамда толыққанды қызмет етуінің кепілі. Олай болса, ұлттың этномәдени болмысын сақтаған мемлекеттік тілдің осы бағыттағы даму деңгейі бұзылмауы тиіс. Бұл – қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтың қазақ тілінің мәні мен қызметін анықтаған ғылыми тұжырымдарынан бастау алған зерделі ой».  

Ф.Оразбаева,

Ж.Дәулетбекова

Арнайы Ұлт порталы үшін