26 там, 2016 сағат 13:04

Ұлт порталы - үздіктер қатарында!

Астана қаласының әкімдігі, Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы «Тіл тұғыры-2016» байқауының қорытындысы жарияланды.

Ult.kz тәуелсіз интернет-басылымы «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқан үздік сайт мақалалары" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, шет елдердегі қандастарымызға арнап латын және төте жазу қарпімен жаңалықтар таратып, сол арқылы қазақ тілінің өзге мемлекеттерде қанат жаюына ықпал еткені үшін «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосушы үздік БАҚ» аталымы бойынша «ҚазАқпарат», «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «24.kz» телеарнасы,  «Қазақ радиосы», «Ана тілі» газеті марапатталды. 

Сонымен бірге Астана телеарнасының «Біздің уақыт» бағдарламасы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасы, Астана радиосының «Бірлік» бағдарламасы «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосушы үздік бағдарлама» аталымы бойынша үздік шықты. Егемен Қазақстан газетінде жарияланған «Тіл-ұлт тұтастығының тұғыры» мақаласы да марапатталды.

Ал, Мұхаммедәлі Болатұлы, Владислав Цой,  Шолпан Ақбалаева, Айымгүл Әбілова сынды тілшілер «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосушы үздік журналист» ретінде марапатталды.

Әріптестерімізді жеңісімен құттықтаймыз!

Ұлт порталы