18 сәу, 2017 сағат 07:51

Ұлт һәм туған тіл

Ұлт һәм туған тіл

(Патшалық һәм бостандық заманында)

Русияда залым патшалар дәурен сүріп тұрған шағында, жалғыз славян ұлты, оның ішінде байлары ғана өзінің барлығын білдіріп, жасай алды. Байлардан шыққан жетіктер Русияда болған түрлі тілде сөйлеуші жүзден аса халықтың әрқайсысының да айырым (дербес – DK) ұлты, ұлтына қарай тұрмысы, білім, өнер барлығын баяндап, кең мағлұматтар таратса да, ғамалға қойылған уағында іс бүтіндей мұның керісінше болып шығып тұрды. Патша хүкметінің ұлттар тұрмысын құрып, оларды көгертіп-көркейтумен ісі болмады; ол әрдайым да халыққа көтере алмастай ауыр салғырттар (салық – DK) салып, оларды өзінің мейірімсіз тырнағында тілегенінше жаншумен болды. Һәм милиондаған халықты, әсіресе шет ұлттарды қалайша қараңғылық пен аңсыз надандықта – өз пайдаларын білместей меңіреу, керектерін сұрай алмастай мылқау етіп, сонымен ғана шұғылданды.

Бұнан шығатын белгілі мағына әркімге де күндей анық көрініп тұр. Патша хүкметі шет ұлттарды аздап болса да ағарту, олардың білім-өнерде артта қалғандарын алға бастыру туралы тіпті де қамтама (қам – DK) жеген жоқ; ол әрдайымда ұлттардың бірін біріне айдап салып, өшіктіріп, араларында қандай соғыстар ашып, әлсізін күштісіне талатумен болды. Хатте (тіпті – DK) кейбір ұлттардың мекенін аударып, аяғынан тоздырып жіберді. Ескі хүкметтің мұнан басқа да шет ұлттардың білім өнерін сөндіріп, өздеріне хас болған ғұрпы-ғадеттерін қалдыртып, діндерін жойып, бүтіндей орыстыққа айналдыру сықылды ең нашар ғамалдары (амал-әрекет – DK) да болды. Шет ұлттар бейнетқорларының (еңбекшілерінің – DK) жазмысын сатып, славян ұлтының жұмыскер қарашекпендері (қарашаруа, мұжықтар – DK) үшін бейне айырым бір мүлік жиған сияқты көрініп, жалған саясаттар жүргізді. Іс жүзінде, әрине, бұнан, дұрысында да сондай бір мақсат жарыққа шыққан емес.

Ол тар славяншылықты өршітсе де, бейне тек қана ыңғайына қарап іс етті. Бүтін Русияда болған, Русия халқының бірлігі, миссионерлер қауымы һәм басқалар сықылды, зор ұйымдардың бәрі де қызметтерін осы бағытқа сіңірді.

Һәм олар мемлекет бюджетінде зор шығындар жұмсалатын орындардан саналды. Жалғыз ғана патша қазіреттің өзіне мәлім болған бұл шығындардың бәрі де жұмыскер қарашекпендер мен шет ұлттардың мойындарына тесіп ілінулі еді.

Патшалық тәртібі гулеп тұрған замандағы іс басқарулар жоғарыда айтылған сияқты жырақта жатқан шет ұлттардың қараңғы таптарына білім, өнер, сәулесін түсірмектен бетер, олардың ішкі-тысқы бүтін табиғи ұлттық сипаттарын жоққа шығарды. Ұлт сөзі құрғақ дыбыс болып қана қалды. Бір халықтың өз тілінде білім-өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып, өзгереді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсерленіп, түбінде соған құл болады. Оның ішінде жаңа тілдер көбейеді, бара-бара ол кішкене ұлттардың жаңартып жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады. Мұның әжиәтін (мысалын – DK) тарих бетінде бек көп ұшыратамыз, бұрын да бірнеше халықтар болған, қазір біз олардың бірін де көре алмаймыз һәм олар жоқ та. Міне, бұлар – сол тілдері жойылып кеткендер. Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады.

Патшалық заманында көп ұлттар осындай халдерге душар болды. Міне, залым патша хүкметі қолында айырым уақ (аз, ұсақ – DK) ұлттар осылайша ойыншық болып жүрді.

Ұлы өзгерістің қуатты күші мен патша хүкметінің негізсіз ұясы быт-шыт болып таралды.

Ол өзгеріс бізге сөз бен дінде үлкен бостандық берді. Һәм бүтін ұлттарға бірдей құрдастық тегістік жолын ашты. Міне, қазір бізге айнала кеңшілік, қай жағымызда да тоқталыс беретін кедергі жоқ. Ұлтымыздың білім, өнерін, әсересе ана-тілімізді қалайша һәм қанша өршітсек те жолымыз ашық.

Өнер, әдебиетімізді көркейту, шаруашылық жағымызды ілгері бастыруға еріктіміз. Осы айтылған мақсаттарды жарыққа шағарғанның соңында біз де күшті ұлттармен қатар ұлы өзгерістің үстімізге жүктеткен зор міндеттерін атқарған боламыз. Жалпы білім-өнердің ішіне ана тілін білу де кіреді һәм мұның керісінше ана тілін білуден ұлттың білім-өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім-өнер таратуға мүмкін емес. Ең әуелі ана тілін білу қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың білімі де, өнері де өршімейді. Тіл сақтауға мүмкін болған қадар (мүмкіндігінше – DK) сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.

Біз қазіргідей сөз һәм ұлт бостандығы беріліп тұрған заманда ұлы мақсатты жарыққа шығару үшін, еркін бостандық жолы бойынша өзін өзі басқаратын ұлттармен мемлекет бірігіп, «халық сайузын» (халық одағы – DK) құрауға борыштымыз. Сонда ғана, біздің қазаққа ұсынған уақ ұлттардың жәбіріне шықпайтын, бар күшін бүтін халыққа бірдей пайда табылатын орындарға жұмсайтын хүкмет түзіліп, жалпы жұрттың басқарылуы құрылысының түп мақсаты табылмақшы: Бүтін халық әрқайсысы өз тілегінше ұлтының білім-өнерін жалпы халық сайузының шығарған жолы бойынша орыс халқымен қолға қол ұстасып өршіте алмақшы; Осы ұлы Русияны сонда ғана, өзінің шын туған жері етіп таппақшы.

Ұмытпаңыз! Өзімізді басқа ұқсас халықтан айыратын белгіміз болған ана тілімізді білсек қана осы мақсаттарға ерешекпіз.

Егер ұлттың еш білім-өнері болмаса, оның кәсіп-харакәті да нашар болады. Мұның соңында ол күшті ұлттың құлдығына түседі һәм солайша біраз уақыт өткен соң ол ұлт бүтіндей жоқ болып кетеді. Осы айтылғандардың бәрі де білім-өнері болмаған ұлттың ұлт емес екендігіне дәлел. Яғни ұлтшылдықтың нағыз белгісі болып табылады – тіл, мұнан басқа айырмаларда ұлттардың бәрі де бірдей болады. Тіл ешбір ұлтта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегіректе сүюге, һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз. Тіл – айна, оның ішіне бүтін халықтың барлық тұрмысы түсіп тұрады.

Бала анасының құрсағында-ақ өз ұлтының тілімен ауызданады, бүтін денесі соныңменен азықтанады, өскеннен соң бала сол тілді жарыққа шығаруға, өршітуге борышты.

Егер біз ұлтты қымбатқа сайсақ, бір біріне сүйкімді шыраймен тұратын бір аула жанның – халық сайузының тең дәрежелі кісілерінен болуға тілесек, біз өзіміздің ана-тілімізді білуге міндеттіміз.

Бұл жұмбақтың шешуі, бұл зор міндеттің кілті – ұлт мектептеріндегі мұғалімдердің ұждандарына (көңіл-тілектеріне) тапсырылып тұр. Ұлтымызға білім-өнердің таралып-таралмауы мұғалімдер жұмысының оң бағыт алып-алмауына байлаулы.

Қазақ халқының келешектегі ұрпағының жазмысы да осыған тіреулі. Біздің ана тілімізді оқып білсек, соның арқасында ұлтымыздың білім-өнерін алға жібереміз, өршітеміз. Білімі ілгері болған жақта тұмыстың тірегі болған кәсіп өнер жолының кең болатындығы шексіз мәлім, онда шаруашылық жағы да орасан күшті һәм өте сенімді болады.

Осы айтылған істерді орнына келтіргенде ғана біз өз ұлтымызға айырым басқа халықтардай бола аламыз.

Ордалық баласы

(Ғұмар Қараштың «Дұрыстық жолы» газетінің 1919 жылғы 11 сәуірдегі №5 санында жарияланған мақаласы)

"DanaKaz" журналы