14 мау, 2017 сағат 07:05

Ұлағат ұясы


Білім беру – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Көпшілік қауымға ортақ игілік. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғам һәм бүгінгі заман мұғаліміне де жүктелер жүк еселене түсуде. Нағыз ұстаз – шәкірт жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Азаматтық болмысы, кәсіби біліктілігі осылайша сомдалған маман ғана әлеуметтің әлеуетті шырақшысына айналып, адами капиталды дамытуға сүбелі үлес қоса алады.

Биыл тарихы терең Тараз өңіріндегі іргелі жоғары оқу орны – Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Киіз туырлықты қазақ халқында «Елу жылда – ел жаңа» деген дана сөз бар. Осы жылдар белесінде қоғамымызда ғасырларға татитын аса ауқымды өзгерістер болды. Аға буынның бірнеше легі ауысып, өскелең ұрпақтың көптеген буыны тарих сахнасына шықты. Қоғамдық қатынастар алмасты, құндылықтар жаңарды. Адамзат дамуы сан қилы кезеңдерді бастан өткерді. Жарты ғасыр уақыт мерзімінде педагогикалық оқу ордасы мұғалім мамандарын, ұстаздарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды сәтті жүзеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде жоғары оқу орны білім беру нарығында туындаған қажеттіліктерге сай жаңаша жұмыс істеу тәсілдері мен түрлері арқылы мол тәжірибе жинай білді.

Ұлт тарихының алтын діңгегі ретінде әспеттелер Әулиеата атырабындағы көзіқарақты көпшілік қауым «ұстаздар ұстаханасы» деп ат қойып, айдар таққан институтта бүгінде 6 мыңға жуық студент білім алуда. Оларға 15 ғылым докторы, 130-дан астам ғылым кандидаты мен 200 ғылым магистрі дәріс береді. Қазіргі таңда ТарМПИ әлем елдерінің 45-тен астам  жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында Англия, Франция, Қытай, Германия, Катар және Канада сынды мемлекеттердің университеттері бар. Оқу орнында шетелдік әріптестермен қарым-қатынасты дамыту мақсатында бірқатар меморандумдар мен келісім-шарттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Кембридж университетінің Білім беру факультеті, Перпиньян университеті және Шэньси педагогикалық университетімен қабылданған өзара түсіністікті нығайту туралы келісімдердің аясында әріптестіктің перспективалы бағыттарын ілгерілету, оқытушылар мен студенттер арасындағы білім беру, кәсіби және мәдени байланыстарды дамыту қарастырылған. Осы орайда айта кетейін, Білім беру сапасын қамтамасыз­дан­дыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі ұсынған 2016 жылғы Қа­­зақ­­станның үздік жоғары оқу орын­­дарының ұлттық рейтингісінде педагогикалық ЖОО бағыты бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық институты 65 баллдан жоғары нәтиже көрсетіп, 6-орынға ие болды.

XXI ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Бүгінде әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің жаңашыл ұстаздардың қолына тапсырылып отыр. Білікті ұстаз дайындау – мемлекет дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс екендігін баса айтқым келеді. Ал, білімді маман даярлау жаңашыл ұстаздың еншісінде. Жаңашыл ұстаз дегеніміз кім? Менің ойымша, ол – біріншіден, жастарымыздың бойына халқымызға тән адамгершілік сипаттағы дүниетаным, өз мәдениетіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне, қол өнері мен педагогикасына деген сүйіспеншіліктерін, қазақ халқының ашық-жарқындығы мен бауырмалдығын, ұлттық құндылықтарды сіңіре алушылық қабілетіне ие болғаны жөн. Екіншіден, өзі оқытатын пәнді терең меңгеруге міндетті.

Ғылыми әлеуетті арттыру – еліміздегі жоғары оқу орындарының басты мүдделерінің бірі екендігі белгілі. Ұлы Абай: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Жиырмасыншы ғасырдың басында. Хакімнің бұл сөзін барша қазақ жастарына арналған өсиеті, аманаты деп ұғуымыз керек. Көпшілікті ғылым мен білімге бастайтын – өз саласын терең меңгерген ғалымдар мен ұстаздар. Нағыз ғалымдарды халық ерекше құрмет тұтады, олардың ой-пі­кірлерін, ғылыми негіздерін қы­зығушылықпен тыңдайды. Елбасының алға қойып отырған маңызды бағдарының бірі – ғылыми әлеуетті арттыру. Ол бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі һәм бірегейі. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да шама-шарқынша үлес қосып келе жатқан оқу орны. Білім беру ісі мен ғылымды қатар дамыту, өзара ұштастыру оңай шаруа емес екені белгілі. Десе де бұл тарапта оқу орнында мүмкіндігінше бірқатар істер атқарылуда. Үш жылдай уақыт бұрын оқу орнының жанынан ректор Дария Қожамжарованың ұйытқы болуымен  Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталығы ашылды. Мақсат – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, мұрағаттық материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау. Жеті бағыт бойынша жұмыс істейтін орталықта бүгінге дейін «Баласағұн кітапханасы» сериясы бойынша 18 ғылыми еңбек жарық көрді. Белгілі ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас аға Мырзахметұлы басқаратын «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы 2004 жылы ашылып, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытында жұмыс атқарады. Бұған дейін ұлт мақтанышының көптомдық шығармалар жинағының 30 томы, Мәскеуден «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы, Алматы қаласынан «Фотоқұжаттық альбомы» жарық көрді. Қазіргі таңда батырдың көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томдығы дайындалуда. Онда қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшысы туралы естеліктер, драмалық шығармалар, арнаулар, поэмалар мен балладалар топтастырылған. Сонымен қатар, педагогикалық оқу орны «Жас ғалым» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын еліміздегі жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін екі жылда бір рет ұйымдастырады. Конференцияның басты мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми білім беру кеңістігін дамыту. Жиынның тағы бір көздегені – ізденушілердің өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау. Мәселен, осымен алтыншы рет өткен биылғы конференцияға 400-ден астам жас дарындар жиналды. Олардың арасында Қазақстанның барлық аймағындағы орта мектеп пен жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары бар. Сондай-ақ, шараға танымал тарихшылар мен белгілі ғалым-зерттеушілер, Қазақстан, Жапония және Қырғызстанның арнайы білім беру мекемелерінің қызметкерлері де шақырылған. Оқу орнының 50 жылдығына арналған конференция гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары секциялары бойынша өткізілді. Аталған секциялар бойынша барлығы 500-ден астам жұмыс келіп түскен.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді ғылыми-инновациялық салада зор серпіліс жасап, еуразиялық кеңістікте осы саланың көшбасшылардың бірі болу керектігін міндеттеді. Қазіргі күнде жан-жақты дамыған ғылымсыз өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу мүмкін емес екені баршаға белгілі ақиқат. «Жас ғалым» сол ғылым әлемінде бақ сынап жүрген жас ұрпақтың өкілдерін басын қосатын шара. Турасын айтсақ, сол жастардың болашағы – елдің болашағы, ұлттың ертеңі. Алдымызға қойып отырған бұл міндеттер аса ауқымды. Ол үшін бәрімізге үлкен күш-қайрат, ерік пен жігер керек. Бастысы білім мен ғылым керек. Қазақстан экономикасының өзегі білім мен ғылымға негізделуі қажет. Сонда ғана жоспарымыз орындалып, көздеген мақсат үдесінен шығатынымызға сенімдіміз.

Педагог қоғамның зияткерлік капиталының іргетасын қалайды. Осыған орай елімізде білікті ұстаз даярлау мәселесі басты назарда. Бұл тұрғыда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылуда. Әрине, білікті һәм кәсіби мұғалім білімді ұрпақ пен мықты мемлекеттің кепілі болмақ. Осы міндетті нақты іс жүзінде орындау үшін өткен жылдың қазан айында институтта Педагогтардың біліктілігін көтеру орталығы ашылды. Мақсат – әлемдік озық практикаларды ескере отырып, мұғалім мамандарын сапалы даярлауды қамтамасыз ету, педагогикалық тәжірибеге «өмір бойы оқу» концептуалдық тәсілін енгізу, ұстаздарды кәсіби дамытуға инвестицияның барынша тиімділігіне қол жеткізу. Қазіргі күнде орталық төрт бағыт бойынша жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы білім беру мекемелеріндегі педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, оларды үш тілде білім беру бағдарламасы аясында қайта даярлау және курсқа қатысушыларды онлайн режимінде заманауи инновациялық технологиялар әдістері арқылы оқыту қолға алынған. Бүгінге дейін орталық ұйымдастырған арнайы курстарға 166 мұғалім өтініш беріп, оның 80-і қайта даярлаудан өтті. Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері мен мұғалімдері педагогикалық мамандықтардың 27 білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін жетілдіріп үлгерді.

Бүгінде ұстаз қауымы алдында білім беру ғана емес, өркениет көшіне жол бастайтын, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісі де тұр. Осы мақсатта Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Жамбыл облысының педагог мамандары мен жоғары оқу орны оқытушылары арасындағы инновациялық оқыту технологияларын арттырып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында  «Оқыту мен тәжірибе» атты аймақтық байқау өткізу дәстүрге айналған.

Жаһан жұртшылығы үшін жаңа технологияларды дамыту өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, ғылыми техникалық ресурстар әрбір мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орнын анықтауға сеп болмақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының бірінші басымдығында экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы жайында айтты. Елбасы жүктеген жаңа міндеттерді нақты іске асыру барысында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Балалар университеті ашылды. «Kids University» жобасы мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытуды, заманауи технологияларды меңгертуді және оны өмірде қолдана білуге дағдыландыруды көздейді. Оқу орнының 50 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шара 8 бағыт бойынша жүргізілуде. Алғашқы кезең бойынша институт ғалымдары Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы мектеп оқушыларын химия, биология, физика және робототехника салалары бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарының қыр-сырымен таныстырып, инновациялық ойларын ортаға салды. Кешенді тәжірибе жүргізуге педагогикалық институттың базасында толық жағдай жасалған. Оқу орнында студенттер мен мектеп оқушыларының робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «Электротехника», «Радиотехника», «Электроника негіздері» және «Мектептегі робототехника» оқу-зертханалары жұмыс істейді. Дәрісханалар Lego, Tetrix, Аrduino роботтарымен, заманауи құрылғылармен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық  нұсқаулықтармен  жабдықталған. Сонымен қатар, Физика-математика факультетінің Жамбыл облысындағы орта және арнайы мектептеріндегі информатика пәні мұғалімдерінің робототехника, электроника негіздері мен радиотехника пәндері бойынша біліктілігін көтеруге арналған материалдық және ресурстық базалары бар. Институтта тәжірибеден өткен озық ойлы оқушылардың ғылыми жобалары орталықта топтастырылады. Еңбектерді өндіріске енгізу ісі де жан-жақты қарастырылмақ. Бүгінде педагогикалық оқу орны өңірдегі бірқатар кәсіпорындармен келісімге отырған. Меморандум аясында институт студенттері түрлі өндіріс зертханаларында өз жобаларын тәжірибеден өткізуде.

Ал, жобаның өнер, мәдениет және спорт бағыты бойынша ТарМПИ ұстаздары жеткіншектерге «Дизайн», «Бейнелеу өнері», «Спорттық жаттығулар», «Сурет және сызу»,  «Хореография», «Алғашқы әскери дайындық» және «Музыкалық аспаптарды үйрену» секциялары бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, аталған мамандықтардың қыр-сырымен таныстырды. Бұл шараның мектеп оқушыларының мамандық таңдауда тигізетін ықпалы зор. Жастардың өз бейіміне қарай дәл сол салада терең білім алуы – еліміздегі маман тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесінің оң шешім табуына сеп болмақ.

Заманауи технологияларды мектеп бағдарламасына енгізудің алғышарттарын жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы бұлар. Сондай-ақ, институттың ұйытқы болуымен «ТарМПИ мектепте» атты акция жүргізілді. Заман талабына сай өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, жан-жақты дамуына жол ашу мақсатымен қолға алынған жоба аясында Жамбыл облысындағы мектеп оқушылары робот құрастыруға машықтанып, жаңа технологияның қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды. Акция Байзақ, Жуалы, Т. Рысқұлов, Меркі, Жамбыл аудандарында және Тараз, Қаратау қалаларындағы 50 мектепте ұйымдастырылып, оған 3000-ға жуық мектеп оқушысы тартылды.

Ұлағат ұясының 50 жылдық мерейтойы тек оқу орны ұжымы мен студенттерінің ғана емес, сонымен қатар осы уақыт аралығында білім ордасында оқыған түлектер мен ұстаздар қауымының да тойы. Бүгінде барлық факультеттер мен құрылымдық бөлімдерде мерейтойға байланысты арнайы жоспар түзіліп, іс-шаралар легі жыл басынан бері өткізіліп келеді. Ол туралы республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардар болып отырсыздар. Ал, жалпыинституттық «50 жыл – 50 игілікті іс» жобасы аясында ақпан айында «Балалардың сөйлеу тілін түзету мен дамытуға қолдау көрсету» орталығы ашылды. Оның ашылу рәсіміне ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева қатысты. Орталықта сөйлеу қабілетінің кемістігі бар жеткіншектер оқып, тәрбиеленбек. Мұнда дефектолог мамандар сәбилерге жан-жақты педагогикалық, физиологиялық және психологиялық зерттеулер жасап, кемістікті түзеу бағытында жұмыс атқарады. Сонымен қатар, жастардың рухани-адамгершілік дамудың үйлесімділігіне қол жеткізу, ұлттық және жалпыадамзаттық  құндылықтармен байыту, өзара түсінісу мен өзара келісімге ұмтылу, өзін-өзі  жетілдіру және  кемелдендіруді  іске асыру мақсатында «Өзін-өзі тану» орталығы пайдалануға берілді, «Relax» психологиялық қызмет көрсету кабинеті ашылды.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалым-зерттеушілер, танымал тіл мамандарының қатысуымен «Ұлы Дала Елі құндылықтары және ғаламдық білім беру индустриясындағы интеграция» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция, «Педагогикалық кадрларды даярлауда дуалды оқыту жүйесін ендіру: шетелдік әдістеме және тәжірибе» атты халықаралық форум мен «XXI ғасырдың креативті педагогы» республикалық педагогикалық олимпиадасы өтіп, «Елу жылда ел жаңа» атты облыстық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қазақстан халықтарының ұлттық билеріне арналған «Би әлемі» атты аймақтық байқау мәреге жетті. Хореографиялық сайысқа Жамбыл облысындағы орта білім беру мекемелерінің оқушылары қатысты.

Рухани құндылықтарды терең меңгерген, әлеуеті биік, мәдениеті жоғары елдің болашағы – баянды, ертеңі – ерен. Осы орайда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында  «50 жыл – 50 кітап» акциясы басталды. Әлеуметтік-мәдени жобаның мақсаты – туған ел мен жердің қадір-қасиетін арқау еткен әдеби туындыларды жастарға кеңірек таныстыру арқылы оны жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналдыру. Сонымен қатар, қазақ және әлем әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени һәм рухани мұрамызды сақтау, өскелең ұрпақты отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу.

XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Жаңа заманның адамынан кәсіби біліктілік талап етілетін болады. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және отаншылдық рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында білім беру жүйесінің рөлінің өзгеруі тиістігін және білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру қажеттігін міндеттеді. Осы межені жүзеге асыру үшін еліміздегі орта мен жоғары білім беру жүйесінде бірқатар стратегиялық міндеттер жүзеге асырыла бастады. Бұл өзгерістердің негізгі бағыттары мен мазмұны Елбасы бекіткен «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» айқындалған. Институтта қолға алынған жобалар, болашақта атқарылар істер, оқу орнының материалдық базасын нығайтуға бағытталған қадамдар түптеп келгенде бүгінгі өмір талаптары үдесінен шыға алатын шынайы ұстаз келбетін қалыптастыру міндетіне барып тіреледі.

Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты  еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен мұғалімге байланысты. Ал, осы жауапкершілікті абыроймен атқару ардақты ұстаздарға жүктелген мәртебелі міндет. 50-ші оқу жылын өткеріп отырған ұлағат ұясы да кемел келешекке осындай айқын мақсат қойып отыр.

Жандар АСАН,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Ақпараттық-имидждік орталығының жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі