08 қаң, 2020 сағат 11:42

Украина ұшағының апаты: Зеленский әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады

Украина президенті Владимир Зеленский Тегеран түбінде құлаған ұшақтың қаза болған жолаушыларының жақындарына көңіл айтты, – деп хабарлайды РИА Новости.

"Таяу Шығыстан суыт хабар. Бүгін таңертең Имам Хомейни халықаралық әуежайынан ұшып шыққан "Украина халықаралық әуе желілері" компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, әуежай маңына құлады. Алдын ала мәлімет бойынша, барлық жолаушы мен экипаж мүшелері қаза болған. Біздің елшілік трагедияның мән-жайы мен қаза болғандардың тізімін нақтылап жатыр. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің жақындарына қайғырып көңіл айтамын", - деп жазды Зеленский фейсбуктегі парақшасында.

Трагедия бүгін таңертең Имам Хомейни атындағы Тегеран халықаралық әуежайының маңында болды.

Тегераннан Киевке бет алған Boeing 737 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін екі минуттан соң құлаған.

Иранның азаматтық авиация өкілі лайнер бортында 167 жолаушы болғанын мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, тірі қалғандар жоқ.

Иран ТЖ басқармасының басшысы жолаушылардың дені Иран азаматтары болғанын мәлімдеді.

Тегеран әуежайының өкілі хабарлағандай, украиналық ұшақтың құлауына қозғалтқыштың өртенуі себеп болған.

Қазір оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ұшақ бортында қазақстандықтар болмағанын мәлімдеді.