06 жел, 2019 сағат 16:34

ҰҚК: "Шекарадан заңсыз өткен" екі этникалық қазақты Қытайға қайтарамыз

Қытайдан Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтарылады, деп мәлімдеді Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов. Ол бұл сөзін 6 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі таратқан видеосұхбатта айтқан.

"Сот және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары түгелдей аяқталғаннан кейін біз бұл азаматтарды мейлі Қытай болсын, мейлі басқа мемлекет болсын, келген еліне қайтарамыз. Нақты бұл жағдайда біз Қытай Республикасына шекаралық өкілдік қызметі арқылы тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет мәселемен өзі айналысады" деді Дархан Ділманов. Оның сөзінше, екі азаматқа қатысты сот жақында басталуы тиіс. Ділманов Қазақстанның заңсыз көші-қон процесімен "қатаң күресетінін" айтқан.

Мұсаханұлы мен Әлімұлының адвокаты Ләззат Ахатова ол "екеуі Қытай жағына тапсырылатынын" айтқан шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановпен келіспейді.

"Қытай мен Қазақстан арасында 2006 жылы 14 желтоқсанда жасалған келісімде мемлекеттік шекараны шатасып, не аңдамай бұзып өткен екі ел адамдары жеті күн ішінде қайтарылады делінген. Сотқа жетпей, жеті күн ішінде. Ал біздің жағдайда екі жігіт шекараны қазан айында бұзып өткен. Қазір желтоқсан айы. Яғни, жеті күн емес, екі айдан асып кетті. Одан өзге, екі жігіттің үстінен Қылмыстық кодекстің 392-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ол іс толық аяқталмай, сот шешім шығармай, Қастер мен Мұрагерді ешкім ешқайда қозғай алмайды" деп жазды адвокат 6 желтоқсанда Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына.

Қазан айының басында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазан айының ортасында ҰҚК оларды "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Осыдан бірнеше күн бұрын адвокат Ләззат Ахатова Азаттық тілшісіне тергеу амалдары аяқталғанын, іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлаған. Адвокат Өскеменде қамауда отырған екі жігіттің Қытайда қалған туыстарына қысым жалғасып жатқанын да айтқан.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді бұған дейін баспасөз жиынын өткізіп, егер Қытайға қайтарылса, екеуінің өміріне қауіп төнетінін айтып, Қазақстан билігінен оларға босқын мәртебесін беруін сұраған.