12 қыр, 2019 сағат 14:52

ҰҚК операциясы: Адамдарды бопсалайтын қылмыстық топ ұсталды

ҚР ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті этностық қылмыстық топтың құқыққа қарсы іс-әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қылмыстық топ бизнес-орта өкілдерінің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қатері арқылы ақша қаражаттарын жүйелі түрде бопсалаумен айналысқан.

Ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде елордада арнайы операция өткізіліп, аталған қылмыстық топтың жетекшісі мен мүшелері кәсіпкерден жалған қарызын қайтару үшін «Toyota» маркалы автокөлігін қорқытып  алу кезінде ұсталған.

Фигуранттарды ұстау барысында 11 оқ-дәрісі бар «Макаров» тапаншасы және 5 оқ-дәрісі бар травматикалық тапанша табылды.

Ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.