23 мам, 2019 сағат 09:22

ҰҚК: "Алиев" ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты сот үкімі шықты

15 мамырда Алматы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты «Алиев» ҰҚТ жетекшісі Қадыр Алиевке және қылмыстық топқа қатысушылар Аңсар Дартаевқа, Дмитрий Терешин мен Ерсен Жұмабаевқа үкім шығарды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ҚР ҰҚК Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, сотталғандардың төртеуі де ҚР ҚК 125-бабының 2-б. 1), 8) тармақтарымен, 191-бабының 4-б. 2) тармағымен, 287-бабының 3-б. және 390-бабының 2-б. (адам ұрлау, тонау, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру, билік өкілінің немесе жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын лауазымды адамның атағын өздігінен иемдену) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

ҰҚТ жетекшісі мен оған қатысушылар К. Алиев, А. Дартаев, Д. Терешин мен Е. Жұмабаев 7 жыл және 1 айға бас бостандығынан айырумен қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтеуге сотталды.

Бұрын хабарланғандай, 2018 жылғы 10 қазанда Алматыда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Алматы облысының тұрғыны К. Алиевтің жетекшілігіндегі аса қауіпті қарулы ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетін анықтап, жолын кесті.

«Қылмыстық топтың негізін бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері құраған, олар 2018 жылғы 13 қыркүйекте Жамбыл облысында Отар станциясында кәсіпкер Р. Агалюллинге қарулы шабуыл жасап, 107 мың доллар, 4 миллион рубль және 23 мың евро иемденген. Тінту іс-шаралары барысында ұсталғандардан 8 пистолет пен қару, 140 бірлік оқ-дәрі, радиостанциялар, автомобильдердің жалған номерлік тіркеу белгілері, матадан жасалған бетперделер, кісендер мен басқа да қарақшылық шабуыл жасауға арналған құралдар табылып, алынды» делінген хабарламада.

Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларымен ұрланған ақшалай қаражат жәбірленушіге қайтарылған.