26 нау, 2019 сағат 10:45

Үкімет пен Ұлттық банк өзара іс-қимылын алғаш рет келісім түрінде рәсімдеді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды.  

Қол қойылған құжатқа сәйкес «халықтың әл-ауқатының және өмір сүру деңгейінің өсуі мемлекеттің экономикалық саясатының басты мақсаты» болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу Үкімет пен Ұлттық Банктің тиімді макроэкономикалық саясатты жүргізу бойынша келісілген іс-қимылдарын талап етеді.

«Үкімет пен Ұлттық банктың арасындағы өзара іс-қимыл тұңғыш рет келісім ретінде рәсімделіп отыр. Бұл бірлескен жұмыстың жаңа форматы деп айтуға болады. Экономикалық өсімге жәрдемдесудің өзара іс-әрекеті белгіленді. Келісімді іске асырудың арқасында экономиканың сапалы өсімін және халықтың тұрмыс сапасын арттыру қамтамасыз  етіледі», - деді Үкімет басшысы.

Ал, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаевтың айтуынша, аталған Келісімде экономиканың тұрақты өсімін және бағалардың тұрақты деңгейін қамтамасыз ету бойынша Үкімет пен Ұлттық банктің бірлесіп атқаратын қызметінің қағидалары мен негізгі бағыттары белгіленеді. Келісімде 10 негізгі міндет анықталған.

1) Теңдестірілген салық-бюджет саясаты — толықтай Үкімет құзыреттілігінде.

2) Тиімді ақша-несие саясаты және инфляцияны бақылау шаралары

Ұлттық Банк төменгі инфляцияны қолдауға басымдық бере отырып, инфляциялық таргеттеу режимін, сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуының тұрақтылығын және халықтың тұрмыс деңгейінің өсуін сақтайды.

Сонымен қатар, инфляция бойынша мақсатты бағдар нақтыланады. 2021 жылға дейін 4-6% дәлізді сақтау, ал 2022 жылдан бастап оны 3-5%-ға дейін төмендетіп, ұзақмерзімді келешекте сақтау ұсынылады.

3) Валюта нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету

Ұлттық Банк теңге бағамы серпінінің болжамын арттыру міндетін алға қойып отыр. Қазақстан Ұлттық Банкі валюталық сауда-саттыққа араласпау саясатын сақтай отырып, икемді өктемділік жасау құқығын өзіне қалдырады.

4) Экономиканы қорландыру қолжетімділігі

Институционалдық инвесторлар нарығын, жедел және жинақ депозиттерін дамытуға баса назар аударылатын болады.

Баға белгілеудің тиімділігін арттыру үшін банкаралық нарықта және бағалы қағаздар нарығында нарықтық индекстер мен индикаторларды қалыптастыру қамтамасыз етіледі.

5) Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту

Е. Досаевтың айтуынша, Ұлттық банк кірістіліктің қысқа мерзімді тәуекелсіз қисығын құруды қамтамасыз етеді.

«Қаржы министрлігінен кірістілік қисығының орта және ұзақ мерзімді сегменттерін құру үшін өзінің бағалы қағаздарының шығарылымдарын қысқартуды және ірілеуді қамтамасыз етуді сұраймыз. Мемлекеттік бағалы қағаздарды дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу бойынша жұмыс жүргізілетін болады, бұл шетелдік инвестициялардың қосымша ағынын тартуға және өзара қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Е. Досаев.

6) Экономиканы дамытуды қаржылық қолдау бағдарламалары

Е. Досаевтың айтуынша, мұнда негізгі рөл Үкіметке тиесілі. Қазақстан Ұлттық Банкі, өз кезегінде, үш бағдарламаны іске асыруға күш жұмсайды.

«Атап айтқанда, Қазақстан Ұлттық Банкі "7-20-25" бағдарламасы бойынша бағдарламаны бұрын бекітілген талаптармен қаржыландыруын жалғастырады. Қарыз алушыларға 20%-дан астам бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін беру және бағдарламаға қатысушы банктердің санын кеңейту ұсынылады. Банктердің 600 млрд теңге көлеміндегі ұзақ мерзімді өтімділікті уақтылы игеруі экономиканың басым жобаларын кредиттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Е. Досаев.

7) Нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыру

Ұлттық банк деректері бойынша, қамтамасыз етілген кредиторлардың басым құқығын іске асыру кәсіпорындарды және банктердің несие портфелін қалыпқа келтіруге ықпал ететін болады. Жоғары сот органдарымен банкроттық саласындағы құқық қолдану тәжірибесін пысықтау бойынша жұмыс жалғастырылады.

8) Қаржы жүйесінің тұрақтылығы

Банк жүйесін нығайту жұмысы жалғастырылады. Ұлттық Банктің соңғы саты кредиторының функциясын толық іске асыруы маңызды болмақ.

9) Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту

Қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімдігін арттыру және олардың инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады. Ірі мәмілелер бойынша есеп айырысуды қолма-қол ақшасыз нысанға аудару бойынша шаралар қабылданатын болады.

10) Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін Ұлттық Банк Үкіметке заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша, оның ішінде Ұлттық Банктің мандатын кеңейтуді көздейтін тиісті ұсыныс жасайтын болады. Ұлттық Банк пен Үкіметтің бірлескен іс-қимылдары Келісімнің аталған бағыттарымен шектелмейді. Үйлестіру тұрақты түрде мониторинг жасау, қабылданған және ұсынылған шараларды талқылау арқылы жүзеге асырылатын болады.

Өз кезегінде, Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов теңгерімді фискалдық саясат шеңберінде жұмыс кірістердің өсуін ынталандыруға және салық салу базасын кеңейтуді ынталандыруға бағытталатынын атап өтті. Бюджет қағидалары Ұлттық қордың қаражатын жинақтауға бағытталатын болады.

«Үкімет пен Ұлттық банктің тиімді ақша-кредит саясаты және инфляция деңгейін бақылау бойынша бірлескен шаралары экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағыт шеңберінде тарифтік саясатты жетілдіру және тұтыну тауарларын өндіруге бағытталған шараларды әзірлеу жоспарлануда», — деді Р. Дәленов.

Сонымен қоса, валюта нарығының теңгерімділігі бойынша Ұлттық банктің шараларына қосымша ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, Қаржы министрлігінің және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті айырбастау жөніндегі бюджеттік операциялардың іс-қимылдарын үйлестіру қамтамасыз етіледі.

Бұл орайда, Ұлттық банк интервенция жүргізу құқығымен еркін құбылмалы айырбас бағамы саясатын жалғастырады.

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша инвестициялық ахуалдың тартымдылығы және қаржыландырудың қолжетімділігі бойынша жұмыс жалғасатын болады. Бұл ретте борыштық капитал құнының индикаторларын қалыптастыру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымын ірілендіру көзделеді.

Экономиканы дамытуды қаржылай қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бағыты шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артатын болады. Бұл ең тиімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, банкроттық рәсімдерін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Бұл кредит берушілердің борышты реттеу жөніндегі құқықтарын іске асыруда кедергілерді жояды.

«Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту шеңберінде қолма-қол ақша айналымын қысқарту бойынша қаржылық және қаржылық емес ынталандыру әзірленеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында кредит беретін банктік емес ұйымдардың қызметін реттеу бойынша шаралар қабылданатын болады. Осылайша, осы Келісімді іске асыру экономикалық өсуге қол жеткізуге және инфляцияны ұстап тұруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Р. Дәленов.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов ҚР Президентінің тапсырмалары және көзделген міндеттер мен реформаларды іске асыру аясында бұл Келісімнің аса маңызды екенін атап өтті. Құжат ұзақмерзімді кезеңге макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіруге және Үкімет пен Ұлттық Банк ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл Келісімді іске асыру үшін Жол картасы әзірленетін болады.