10 шіл, 2020 сағат 19:26

Ақберен Елгезек. Үкімет отырысынан кейінгі ой

Ескіше ойлап, ескіше қимылдайтын, ескіше таным-түйсікпен елдің ризығын ұялмай жейтін “көнекөз” шенеуніктермен қоштасатын уақыт жетті. Біз бұрынғы жүйенің қайда қойса да сол саланың кәнігі маманы сияқты істеп кете беретін, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын универсал әкім-министрлерден құтылуымыз керек.

Қазір бізге Мемлекет басшысына немесе Елбасына берілген адам емес, рушылдықпен ауырмайтын, тайпалық емес ұлттық деңгейде ойлай алатын, дербес шешім қабылдай алатын, халқына адал, ұлтшыл һәм мемлекетшіл, зияткер де иманды азаматтар қажет. Ондай азаматтар қазақтың ішінде молынан жетеді. Осы күнге дейін билік басында жүрген қанша азаматтар ренжімесін, бағын сынап көрді, еңбегі де сіңді, абыройын да асырды, енді бөлек ойлай алатын адамдарға орнын берсін. Мемлекеттік қызмет атадан қалған мирас, әкеден қалған мұра емес. Қазақтың топырағына кіндік қаны тамған кез келген адамның осы елдің тағдырына араласуына толық хақысы бар.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Үкімет отырысында министрлер кабинетіне ескерту жасағаны да біз айтып отырған дүниеге көзінің жеткендігінен деп ойладық. Бұл кісіні де түсінуге болады. Өзгеріс жасайын десе, не боп кетер екен деп екі жаққа алаңдап отырған шенеуніктердің батылсыздығы мен бағынғысы келмейтін қырсықтығы кедергі.

Тапсырмалардың дені аяғы суға кетіп жатыр, әркім өз басымен әуре. Шым-шытырық интрига мен бос сөз, әліптің артын баққан бақа көздердің тірлігі. Сосын жасырып жабары жоқ, көбісінің іші де арты да таза емес. Қит етсе, шетел асқалы отыр. Бәріне топырақ шашпайық, бірақ басым көпшілігі өзінің һәм бала-шағасының болашағын бұл елмен байланыстырмайды. Сондықтан кекірейе қарайды, алшаңдап басады. Елдің болашағын ойлайтын адамның көзінен де жүзінен нұр ағып тұрса керек. Бұлардың көздері әйнек сияқты. Жүрек қатайғандықтың белгісі.

Екі аптада бұл кісілердің таңғажайып түрде өздері де өзгеріп, елді де өзгерте қалатынына сенбеймін. Мүмкін де емес. Жағдай болса мынау. Жұрт қойша қырылып жатыр, экономика шатқаяқтап тұр. Ел не істерін білмей, теңселіп тұр. Дәл осындай алмағайып уақытта жаңа басшымыз батыл қимылдап, мықты команда жинақтап жіберіп, бас-көзге қарамай, мына аңыраған елді қатепті қара нардай алға сүреуі керек. Басқа бізге жол жоқ.

Ақберен Елгезектің фэйсбуктағы жазбасынан