24 нау, 2020 сағат 16:36

Шет елден келгендер оқшауландырылады - Абаев

Қазақстанға шет елден келген адамның барлығы оқшауландырылады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Шетелден келген барлық тұлғаларды оқшаулау және сараптама алу енгізілгендігін тағы да қайталағым келеді. ҚР бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен көшелерді, жаяу жүргіншілер жолын, аялдамаларды, сауда ойын-сауық орталықтарын, діни мақсаттағы, коммуналдық шаруашылық нысандарын, сапаржайларды, әуежайларды, базарларды, азық-түлік өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану нысандарын зарарсыздандыру енгізілді», - деді министр. 

Оның дерегінше, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық стационарларда 2 230 төсек орнын, 6 900 төсек-орынға арналған 70 провизорлық стационарды және 14 мың төсек-орынға арналған 89 карантиндік стационарды бөліп отыр. 

«ЕАЭО-мен ішкі шекараларға санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің 152 маманы іс-сапарға жіберілді», - деді Дәурен Абаев.