#
#
Жексенбі 23/02/2020

Үкімет комиссиясы Қордай оқиғасынан қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына барды

  • 10.02.2020
  • 0
  • 299

Үкімет комиссиясы Әлжан ана ауылында Қордай ауданында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына барды. 

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ел басшылығының атынан оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірді. 

Бердібек Сапарбаев Дарханның қаза табуына кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаланатынына сендірді.

«Президент Қ. Тоқаевтың атынан біз шын қайғырып көңіл айтамыз. Берік болыңыздар. Отбасы үшін осы қиын күндерде берік болу керек. Біз кінәлілерді анықтаймыз, олар заң бойынша жазаланады», — деді ол.

Сонымен қатар вице-премьер қаза тапқан азаматтың отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, барлық қажетті көмектің берілетінін жеткізді. 

Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы жаппай төбелесті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылатынын, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстары ұйымдастырылатынын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатынын мәлім етті. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма берілді.

Тәртіпсіздіктер кейін Қордай, Ауқатты, Сортобе елді мекендерінде де болған.

8 ақпан күні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев оқиғаға қатысты елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Мәлім етілгендей, жанжалға басқа ауылдардан келген 300-ден астам адам қосылған. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданған. Оқиға орнында 8 адам, ауруханада 2 адам көз жұмды. 9 ақпан сағат 11.00-дегі мәлімет бойынша, медициналық көмекке 165 адам жүгінген. Тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарға - 140 адам, Қырғызстандағы медициналық ұйымға - 25 адам жеткізілді. «Қазақстандағы ауруханаға жатқызылғандардың ішінде тұрақты ауыр жағдайда 30 адам, ал аса ауыр жағдайда 8 адам бар. Қайтыс болғандардың саны – 10. Оқиға орнында 8, ал тағы 2 адам медициналық мекемеде қайтыс болды. Қазіргі таңда әлі 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр», - деді Ләззат Ақтаева.

Жанжалдарға қатысы бар деген күдікпен 47 адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олардан екі аңшы қаруы тәркіленді. Кейін олардың 44-і босатылды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және соған қатысу) және 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бердібек Сапарбаев басшылық еткен үкіметтік комиссия аудан тұрғындарымен кездесті, Қордай ауданында түнгі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін тексерді, этно-мәдени бірлестік басшыларымен жүздесті, қаза тапқандардың үйіне барып, көңіл айтты. Зақымдалған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталды.

ҚР ІІМ мәліметінше, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік көршілес екі ауыл тұрғындары арасында басталған.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар