27 мам, 2020 сағат 09:34

Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет

Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Пандемия кезінде өңірлердің жылдам әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайтындығы байқалды. Денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген мәселе орталықтың тікелей араласуымен шешіліп отырды. Сондықтан төтенше жағдай кезіндегі басқару ісін нақты құрылымға сай бір орталықтан жүргізу керек болады», - деді Қазақстан Президенті. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз ету ісінің олқылықтары анықталғандығын баса айтты. 

«Біз импортқа тым тәуелдіміз. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88 пайызға жуық. Формакологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибеміз жеткілікті. Ғылыми база да, білікті мамандар да бар. Сондықтан Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет. Мұнда зерттеу жүргізуден бастап, өнеркәсіптік деңгейге дейінгі үдерістер қамтылуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.