26 жел, 2017 сағат 10:26

Үкімет басшысы жылу беру маусымының өту барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында жылу беру маусымының өту барысы туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Энергетика министрінің айтуынша, қазақстандық тұтынушылар электр және жылу қуатымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Орталық және жергілікті атқарушы органдар 05.09.2017 күні өткен Үкімет отырысы барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстарды жүргізді.

«Электр стансаларында биылғы жылға жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталды. 8 энергетикалық блок, 57 қазандық, 35 турбина, сондай-ақ 24 мың шақырым электр желісі жөнделді», — деді Қанат Бозымбаев.

Жалпы алғанда, отандық электр стансаларының отын қоймаларында 4,3 млн тоннадан астам көмір және 111 мың тонна мазут жиналған, бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Орталық жылумен қамту аумақтарының қазандықтарында көмір қоры 792,4 мың тоннаны (норматив – 442,7 мың тонна), мазут – 108 мың тоннаны (норматив – 83,6 мың тонна) құрайды.

«2017-2018 жж. күзгі-қысқы кезең басталғаннан бері Бірыңғай электр энергетикалық жүйе елеулі технологиялық бұзушылықтарсыз жұмыс істеп тұр», — деді Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көмір тасымалдау жағдайы туралы мәлімдеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда көмір тасымалдауға арналған ашық вагон паркі 50 мыңнан астам бірлікті құрайды. Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері 43,5 млн тоннадан астам көмір тасымалданды, бұл жоспардың 98 пайызын құрайды.

«Тасымалдауды толық қамтамасыз ету үшін жүк жөнелтушілер, жүк алушылар мен тасымалдаушы арасында ішкі республикалық тасымалда жүк жөнелту бойынша тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды. Жазғы уақытта көмір тасымалдау көлемінің тең бөлінуі қамтамасыз етілді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Жылыту маусымы өңірлерде де штаттық режимде жүріп жатыр. Қазіргі жағдай туралы облыс әкімдері мен Алматы, Астана қалаларының әкімдері баяндады. 

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға жылу беру маусымының өту барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.