16 қаз, 2018 сағат 09:58

Үкімет басшысы студенттік жатақхана құрылысын 10 жылға созбауды тапсырды

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев студенттік жатақxаналардың құрылысы бойынша есеп берді. Аталған міндет Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасына» кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, осы уақытқа дейін барлық нормативтік актілер қабылданды. Қаржыландыру мәселесі де реттелді. Оған сәйкес, жоғары оқу орындары тапсырыс беріп, жатақxаналарды жекеменшік компанияларға салдыртады. Ал министрлік әрбір орынға субсидия беру арқылы құрылыстың шығындарын біртіндеп қайтарады.

«Кеше ең алғашқы жеті жоғары оқу орны және екі жекеменшік компания арасында келісімшарттар рәсімделді. Соның аясында төрт мыңға жуық жатын орны бар жатақxаналар салу жұмыстары басталып кетті. Жалпы, 10 жылдың ішінде 75 мың орынға арналған жатақxаналар салынады. Оған республикалық бюджеттен 153 миллиард теңге бөлінеді», - деді Е.Сағадиев.

Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жыл соңына дейін қанша жатақxана салынатынын сұрады.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың аяғына дейін 2 жатақxана пайдалануға беріледі. Ал жатын орындардың жалпы саны 1 500 болады. Дегенмен, Премьер-Министр осы саладағы жұмыстың тым баяу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Негізгі себеп - қаржының тапшылығы. Мәселен, келесі жылға 5 мың орынға арналған жатақxаналарға ғана қаржы қарастырылып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы қаржыландыру көлемін арттыруды тапсырды.