15 там, 2019 сағат 07:27

Үкімет басшысы Қостанай облысына келді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет басшысы Қостанай ауданының Заречный кентіндегі Северный шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысымен танысты. Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Баспана құрылысымен «Арвис», «Ақжан және біз», «Монтажник ОА-к» ЖШС айналысуда.

Жалпы, бұл жаңа ықшам ауданда 279 жеке тұрғын үй бар. Инженерлік инфрақұрылым тартылған. 430 орынға шақталған мемлекеттік тілде білім беретін орта мектеп тұрғызылды. Таяу келешекте бұл ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық балабақша, спорттық мекемелер, сауда нысандары және әкімшілік ғимараттар пайда болады.

А.Мамин Қостанай қаласындағы Индустриялық аймақта болды. Таяуда Қазақстан мен Ресейдің үкімет басшылары бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар келісімге қол қойғаны мәлім. Соның ішінде Қостанайда «Кировец» тракторларын шығару бастамасы – іргелі жобалардың бірі. Алдағы қазан айында іске қосылуы тиіс жаңа желі бойында жылына 500-ден 700-ге дейін алып трактор құрастырылады.

А. Маминге таныстырылған Индустриялық аймақтағы екінші ірі жоба – «КамАЗ» көлігінің құрал-жабдықтарын шығару. Бұл үш кезеңнен тұрады. Алғашқыда жетекші белдемнің қозғалыс берілгіші, одан кейін тежегіш қалыбы, орындық, қажетті резеңке, пластик бұйымдары бізде өндірілетін болады.

Үкімет басшысы сапар барысында өңірдің бірқатар жүйе құраушы кәсіпорындарын, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кеңес өткізеді.