28 шіл, 2017 сағат 09:54

Үкімет басшысы Қарағандыдағы металлургиялық кремний зауытын жаңғырту барысын көрді

Металлургиялық кремний шығаратын «Tau-Ken Temir» ЖШС зауытында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев технологиялық жаңғырту бойынша қолданылып жатқан шаралармен және кәсіпорынды дамыту перспективаларымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Бақытжан Сағынтаев кремний ерітінділерін шығару, тазарту және құю жүзеге асырылатын өндірістік цехтарды аралап шықты, сондай-ақ кремнийді аралық сақтау қоймасына барды.

«Tau-Ken Temir» ЖШС басқарма төрағасы Мұрат Жүкенов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа технологиялық үдерістердің ерекшеліктері туралы, сондай-ақ кәсіпорынды дамыту бойынша ағымдағы жетістіктер мен жоспарлар туралы баяндады.

2018-2019 жылдары 1,5 млрд теңге сомаға инвестициялық бағдарламаны іске асыру жоспарланған, ол шикі құрама материалдар қоймасын салуды, паркті жаңартуды және технологиялық жабдықтарды жаңғыртуды көздейді.

Кәсіпорынды дамыту жоспарлары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын орындау аясында өнеркәсіптік кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыстарға сәйкес келеді.