13 нау, 2018 сағат 10:13

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрінің жұмысын сынады

Бүгін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жұмысын сынады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Денсаулық сақтау министрлігі 13 млрд теңгені игермеген. Елжан Амантайұлы (Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі – автор), дәрілер алынбай жатыр. Наурыз айының ортасына келдік. Ал халыққа әлі дәрі жетпей жатыр. Бұл мәселені қалай шешесіздер?» - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Елжан Біртанов мұндай мәселенің бар екенін жоққа шығармады.

«Қазіргі таңда 94% дәрі-дәрмек сатып алынды. Жалпы өңірлерге 85% дәрі жеткізілді. Қалған дәрілерді сатып алу үшін біз тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Жалпы өңірлерге қажетті дәрілер жеткізілген», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Кейін ол игерілмеген қаржы мәселесіне тоқталды.

«Ал игерілмеген 12 млрд теңгеге тоқталайын. Оның 10 млрд теңгесі медициналық қызметтерді төлеу комитетінің желтоқсан айындағы яғни соңғы екі аптадағы ақшаларының уақытында төленбеуімен байланысты. Қажетті нормативтік құқықтық актіні қабылдауға байланысты оларға ақша кішкене кешіктіріліп төленді», - деді Елжан Біртанов.