26 шіл, 2018 сағат 14:32

Үкімет басшысы БҚО-ның ірі өнеркәсіптік нысандарын аралады

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сапардың мақсаты — Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларының, «Бес әлеуметтік бастаманың», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысу.

Жұмыс сапарының кестесіндегі алғашқы нысан әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі — Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны болды. Ол 280 кв км астам аумақты қамтиды. Өндіру көрсеткіштері республикадағы барлық газ өндірудің шамамен 45% және сұйық көмірсутектердің жалпы өндірісінің шамамен 16% құрайды, ал жалпы бағалау қорлары 2,4 млрд баррельден астам конденсат және 16 трлн текше фут газды құрайды.

Аралау барысында Премьер-Министр Б. Сағынтаев көмірсутек өндірісінің технологиялық үдерісімен танысты. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясының бас директоры Эдвин Блом кәсіпорынның негізгі нәтижелері туралы баяндады. Қарашығанақ 12 млрд баррель сұйық көмірсутек пен 57 трлн текше фут газды қамтиды, олардың шамамен 11% қазіргі таңға дейін өндірілді. Э. Блом Қарашығанақты игерудің 21 жылы республика бойынша барлық өнеркәсіптік кәсіпорындар 42% қамтамасыз етілді, бұл кен орнын одан әрі игерудің үлкен келешегі бар екенін дәлелдейді.

Оның айтуынша, ҚПО өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, жақсы өндірістік көрсеткіштерді тұрақты көрсетуде.

«Біздің экологиялық көрсеткіштеріміз әлемдік деңгейге сай келеді. Экологиялық қауіпсіздіктің өте қатаң стандарттары өндірісте ғана емес, сондай-ақ, кең ауқымда да сақталуда. Осымен екінші жыл қатарынан біз Оралда экологиялық форум ұйымдастырдық, оған біз экологиялық қауіпсіздікті арттыру мәселелерін талқылау үшін тек ҚПО қызметкерлерін ғана емес, сонымен қатар мердігерлерді де шақырамыз. Өйткені, бүгінгі күні көрсеткіштер жақсы болғанымен, алдағы күндері олар жеткілікті түрде жақсы болмауы мүмкін. Қоршаған орта өзгеріп жатыр», — деді Эдвин Блом.

Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаевқа Қарашығанақ кен орнын пайдалануды кеңейту және мерзімін ұзарту қондырғыларының жұмысы туралы толығырақ баяндалды. Бүгінде мұнай негізінен Қара теңіздегі «Оңтүстік Озереевка» портына апаратын КҚК құбыр желісі арқылы экспортталады. Мұнайды сатудың тағы бір бағыты — «Транснефть» компаниясының көлік жүйесімен байланысатын «Атырау–Самара» құбыры арқылы жеткізіледі, ол Приморск портына және бірқатар еуропалық бағыттарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Кәсіпорынды технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу туралы айта отырып, ҚПО бас директоры бүгінде консорциум акционерлері Қарашығанақ кен орнын игеруге $23 млрд астам инвестиция салғанын айтты. Кен орнын игеру кезінде ең озық технологиялар пайдаланылады. Бұл максималды экономикалық кіріс алумен жер қойнауын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ҚПО басшылығы технологиялық жабдықтарды қолдауға одан әрі инвестиция салуға ниетті.

«Қазіргі таңда ел Президенті атап өткен цифрландыру жоспарлары жоғары құлшыныс тудырады. Қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік, адам капиталы және т.б. мәселелерді қамтитын бірқатар бастамаларды көріп отырмыз. ҚПО онсыз да жоғары технологиялық кәсіпорын, дегенмен, цифрландыру – бұл аса дамушы инновациялар, сондықтан да жергілікті қызметкерлерді үнемі дамытып отыру керек», — деді Э. Блом, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау ҚПО-ның негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізе отырып.

Бұдан өзге, ҚПО Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының қажеттіліктері үшін электр энергиясын жеткізеді. Осы мақсаттар үшін газ-турбиналық электр станциясы жұмыс істейді, оның негізгі мақсаты — кен орнының және жақын маңдағы елді мекендердің барлық өндірістік кешенін өзінің электр қуатымен қамтамасыз ету.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Конденсат» АҚ зауытында мұнай мен газды өңдеудің технологиялық тізбегі жұмысының жалғасымен танысты. Мұнда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір аясында K5 экологиялық санатының бензинін шығару іске қосылды.

«Конденсат» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы В. Жүнісов зауытты жаңғырту жұмыстары туралы, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру және цифрландыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. 2017 жылы зауыт жылына 850 мың тоннаға дейін кәсіпорынның қуаттылығын арттыра отырып жаңғыртылды. Бұдан өзге, 2018 жылдың маусым айында дизель отынын K5 экологиялық санатына дейін гидротазартатын қондырғы іске қосылды. Жалпы, зауытты реконструкциялауға барлығы $200 млн астам инвестициялар тартылды.

Аталған жаңғырту жұмыстары еліміздің ішкі нарығындағы мотор отындарының тапшылығын жабуға мүмкіндік берді, сондай-ақ бюджетке акциздер мен басқа да салық төлемдерінің түсімін ұлғайтты. Сонымен қатар, зауыт жоғары білікті жұмыс орындарын аша отырып, облыстың 1000-нан астам тұрғынына (кәсіпорын қызметкерлері мен олардың отбасыларына) лайықты табыс әкеледі. Жаңа бензин қондырғылары іске қосылған сәттен бастап K5 жоғары экологиялық санатының 80 мың тоннадан астам бензині шығарылды. Осы кезеңде облыстық бюджетке шамамен 1 млрд теңге акциз төленді.

Зауытта өндірілетін жоғары октанды бензин мен дизель отыны Батыс Қазақстан облысында ғана емес, жақын маңдағы облыстарда да сатылады. Бұдан өзге, шығарылған өнімнің жартысы шетелге экспортталады. Мәселен, вакуумдық газойль Беларуське экспортталады, ал гудронды сату Ресейге бағытталған.

Батыс Қазақстан облысы еліміз үшін маңызды өнеркәсіптік мәнге ие. Өңірде мұнай-газ өндіру, мұнай өнімдерін өңдеу, машина жасау, металлургия, қорғаныс, тау-кен өнеркәсібі, тігін және азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары бар. 2018 жылдың қаңтар–маусым айларында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1184,6 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 2017 жылғы сәйкес кезеңнің 98,6%-ын құрады. ИИДМБ және Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 7 млрд теңгеге 262 жұмыс орнын құрумен 7 жоба іске асырылуда.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Б. Сағынтаев бірқатар өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, облыс активтерімен және бизнес өкілдерімен жобалық басқару мәселелері жөнінде кездесу өткізеді.

Атап айтқанда, «Орал — Тасқала — Озинки РФ шекарасы» және «Қазталов — Жәнібек — Бөкей ордасы» автожолдарының құрылыс барысы тексеріледі. Бұл бағыттар аудан орталықтарының облыс орталығымен қатынасын дамытады. Мұнда Премьер-Министр Қазталов, Жәнібек және Бөкей орда аудандарының өкілдерімен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын талқылайды.

Бұдан кейін Премьер-Министр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының барысын тексеруге және «7–20–25» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысу үшін Зашаған кентіне барады.  

Б. Сағынтаев мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру процесімен және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірлік жобаларының іске асырылуымен танысады.

Премьер-Министрдің жұмыс сапары облыс активімен және бизнес өкілдерімен өтетін кеңеспен аяқталады, онда жобалық басқару мәселелері талқыланып, осы жылдың 6 айындағы жұмыстардың қорытындылары шығарылып, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларында, «Бес әлеуметтік бастамасында» берілген міндеттерді одан әрі шешуге қатысты жоспарлар қаралады.

Еске сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстарына барып қайтты.