03 ақп, 2020 сағат 13:48

Уханьнан эвакуацияланған қазақстандықтардан коронавирус табылмады - Жандарбек Бекшин

ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Ухань қаласынан эвакуацияланған азаматтардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше Ухань қаласынан 89 адам эвакуацияланды. Олардың арасында 83 қазақстандық (олардың 80-і студент), 5 Беларусь азаматы және бір Армения азаматы бар. Олардың барлығынан сынама алынды, жағдайлары қанағаттанарлық. Дене қызуы қалыпты, шағым жоқ. Келгендердің ешқайсынынан коронавирус табылмады. Бұл зертханалық түрде дәлелденді. Соған қарамастан, олар барлығы 14 күн карантинде болады», - деді Жандарбек Бекшин Қазмедиа орталығында өткен брифингте.

Айта кетейік, 2020 жылдың 2 ақпанында ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы Қытайдың Ухань қаласынан 83 қазақстандықты, оның ішінде 80 студентті елге жеткізді.

Олар елордадан 7 шақырым жерде орналасқан көпбейінді аурухана жанындағы инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге жатқызылды.